Қазақстан • 27 Желтоқсан, 2017

Тайыр Мансұровтың белесті жылдары жайындағы сөз

835 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Қазіргі тәуелсіз мемлекеттердің өзара өзекті мүддесін көздеген, экономикалық әріптестіктің күретамырын қолға ұстап, дүрбелеңге толы дүниенің дидарына уақыт реңін риясыз түсіріп келе жатқан Халықаралық ұйымның қамшыгері, абыройлы азамат Тайыр Аймұхаметұлы Мансұровтың жеті белесті жемісті жылдары жайындағы сөз, сайып келгенде, егемендіктің еңбек өтілі, іскерлік байланыстың бүгінгі бекімі туралы сөз болып шығады. 

Тайыр Мансұровтың белесті жылдары жайындағы сөз

Өткен ғасырдың сексенінші жылда­ры­ның орта тұсы болатын. Алматы қаласы. Көк базардың бас қақпасына қарама-қарсы бой көтерген тоғыз қабатты Баспасөз үйі. Елдің ең негізгі басылымдары осы жерден жа­рыққа шығып, жария болып аттанып жа­тады. Сол кездегі өзінің таралу данасы жа­ғынан үш жүз мыңдық деңгейге жетіп, одақ­тас республикалардың алдын бермей кел­е жатқан албырт басылым – «Лениншіл жас» газетінің әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі кезім. Таңертеңгілік мезгіл еді. Ішке кіріп келе жатыр едім, жоғары кө­те­рілетін баспалдақтың жанында тұрған ең­селі, бойшаң да көрнекі тұлғалы, жасы ал­пыстың ауылына аяқ салған бір аға маған көз тоқтата қарап тұр екен. 

Бұл кісіні соңғы кездері осы жерден жиі көре бастаған едім. Сәнді киініп, сыпайы тіл қатып, текті адамның болмысын танытып, кішіні баурап, ағаны алқалап, қазақы мінез-құлықты жасандылықсыз байқатып, емен-жарқын болып тұратын ағаны көріп, тоқ­тап сәлем бердім. Күректей қос ала­қа­нымен қолымды қаттырақ қысып, өзі­нің бауырына қарай тартты. «Інім, мен Ай­мұхамет деген ағаң боламын, «Дәуір» баспасының шаруашылық, есеп-қисап жағында қызметтемін. Асығып келе жат­пасаң, сәл аялда, кеңірек танысалық», деді қамқор үнмен. Кідірдім. Екінші қабатқа көтеріліп, орындыққа жайғастық.

«Мен жасым келіп қалса да, жас­тар газетін қадағалап оқимын. Сені сыр­тың­­нан жақсы білемін. Соның ішінде Әб­ділда Тәжібаев, Шыңғыс Айтматов, Зейнолла Қабдолов, Мұқағали, Сағи, ел мен жер, тіл мен діл туралы жазған мақа­ла­ла­рың­ды оқығанмын. Тіл мен дәстүр, хал­қы­мыздың өнері мен мәдениеті туралы жазғандарыңды да жібермей оқып жүр­мін. Бүгін жете танысудың реті келді, қал­қам, жаза бер, халқымыздың ұшан-теңіз қа­зынасы қанша жазса да көп­тік етпейді. Ме­нің жұмыс кабинетім осы екінші қа­батта, кез келген уақытта келіп тұр. Әр­қа­шан тілектес ағаңмын», деп ағынан жарылып, батасын берді. Сол күннен бастап Айекеңмен жиі кездесіп, арқа-жарқа әңгіме айтып, аға-інілік сыйластықтың сүр­леуіне түстік. Үл­кен ғимаратқа кіріп ке­ле жатып, екін­ші қабатқа көз салып, Айе­кең­ді көрем бе деп, кідіре жүретін болдым. Ол кез мұндай ағалардың аяғы сиреп бара жатқан уақыт еді.

Халқымызда «Әкең өлгенмен, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген ғибратты сөз бар. Мұның мағынасы тереңде жатыр. Сөздің құны мен құнарын шала біле­тін кей жастар бұл сөздің әуезін ретсіз қайы­ратын болды. Айекең де өмірден озды. Бірақ соңында жақсы сөзі, жарасым­ды тірлігі, жарқын мысалы қалды. Атын шығаратын азамат ұрпағы қалды. Тәуелсіздіктің тал бесігі тербелген кезде мұндай ағалар­дың ақыл-кеңесі ауадай қажет еді. Ит жы­лының қақпа қағар тұсында жеті белес­тің қоңырауын тербеткен Тайыр Аймұхаметұлы туралы жазу ниетінде қалам ұстап, ойға батқанда, осы бір дерек қаламға сұранды. Мен бұрын Тайыр ағамызды сырттай білетін жандардың бірі едім, ойлана қарасам, оны көптен білетін болып шыға келдім. Әкесінің көзін көрдім, қолын алдым, Айекең сол кезде партиялық жұмыста жүрген азамат ұлы бар екенін тоқмейіл көңілмен айтқаны есіме түсті.

Тәуелсіздік талай тұлғаларды тудырды. Талай тұлғаларды қалыптастырды. Азат­тық­тың алғашқы арайында ат жалын тартып мінген арқалы азаматтар Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жаны­нан табылып, сенімді серіктерінің сапынан орын алды. Жұмыла іздене жүріп, оның сын­дарлы саясатының серпінін се­зі­ніп, төр­кінін түсініп, келер күнге ұм­тыл­ған кемел ойдың кемесіне бірге мінді. Желкенін жақсылық­тың желі керген желдес сапарда тапсы­рыл­ған мандат­ты жоғары ұстай білген аза­мат­тардың алғы қатарында келе жат­қан Тайыр Ай­мұ­хаметұлының өне­гелі өмірбаянын өзек­ке тоқысақ, алғаш­қы еңбек жолын Ал­маты құрылыс бас­қармасында шатыр жабушы болып бас­т­аған ол 1971 жы­лы Қазақ политех­ни­ка­лық институтын құ­рылыс инженері мамандығы бойынша бі­ті­ріп, Алматы қаласындағы талай-талай көп қабатты пәтерлердің кілтін жаңа тұр­ғындарға тапсырудың бел ортасында жүрген.

Тегінде, ісі бірден көрініп, ізі бірден көзге түсетін құрылысшы маман­ды­ғының жақсы жағы көп. Әсіресе, кеше­гі кеңестік кезеңде тұрғын үйдің кө­кей­кесті мәселесі көп жағдайда жер­гілікті ұлттың жан арма­нын жиі баурайтын. Бой көтерген үй­лер­мен бірге ой көтерген Тәкеңнің жас­тық жалыны мен іскерлік қарымы тез танылып, жас инженер Алматы қалалық ком­сомол комитетінің хатшысы болып жа­ңа қызметке кірісті. Көп ұзамай 1979 жыл­дың тамыз айында тағы бір саты кө­теріліп, Алматы облыстық комсомол ко­митетінің хатшысы болып бекіді. Сол кез­дегі комсомолдық жігер мен құш­тар­лық, ізденімпаздық пен іскерлік осы саптың қатарына кіргендерден көш жерден көрініп тұратын. Солардың бірі – Тайыр Мансұров.

«Тайыр» деген сөздің мәні қандай деп сөз кебежесін сүзгенде, оның араб әлемінен келіп, азиялық ажарға бейім­дел­генін, «әль-таир» деген үндес дыбысы қазақыланып, бесікке бейімделіп бөленгенін білдік. Қазақша мағынасы – қайсар, бірбеткей, жігерлі, сенімді, құштар деген сөздермен астасып, қана­тын жайып «құс» деген мағынаға дейін құлаш керетіні және белгілі болды. Демек Тайыр Мансұровтың өз атына сай өмір кешіп келе жатқан, білімі мен қабілетін биікте ұстап келе жатқан азамат екені дау туғызбайды.

Ол тәуелсіздік жылдарында талабы мен талантын қатар көрсетіп, Мемлекет ба­с­шысының артқан жоғары сенімін зор абы­роймен ақтай білген тұлғалардың бі­рі. Жылдармен түйінделіп, қызмет бас­пал­дақтарымен шегенделіп отырылған өмірбаянына қарасақ, ол комсомолдық қызыл билетін өзінің көптеген тұрғылас­та­ры секілді компартиялық қызыл билет­ке ауыстырып, мемлекеттік қызмет мектебінің ыссылы-суықты белестерінен өткен. Алматы облыстық комсомол коми­тетінің хатшысы болып жүргенде аталмыш облыстық партия комитетінің нұсқаушысы болып шақырылып, бөлім меңгерушісі дәрежесіне дейінгі жолдан өтті. 

1986 жылы Алматы қаласындағы Ленин аудандық партия комитетінің бірін­ші хатшысы болып тағайындалып, екі жылдан соң, 1988 жылы, Мәскеуге, КПСС Ор­талық комитетінің Құрылыс бөліміне нұс­қаушы болып шақырылды. Бір жылдан кейін Қазақстанға қайта оралып, Орталық партия комитетінің нұсқаушысы қызметіне бекітілді. 1989-1990 жылдары Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып жүргенде тағы да Мәскеуге жол түсті. Орталық комитетке қызметке ша­қырылып, жауапты ұйымдастырушы, сектор меңгерушісі деген лауазымдарды бағындырды. Компартияның да қызуы төмендей бастаған уақыт келді. Жаңа, жақсылықты заман жақындап келе жатты.

Қазақ жерінде Тәуелсіздік қана­тын қаққан жылы КСРО Жоғарғы Кеңе­сі комитетінің орынбасары болып жауап­ты қызмет атқарып, өзінің ұйым­да­с­ты­рушылық және іскерлік қабілетін көр­сетіп, сол кезде Қазақстан назарын өзі­не аударған. Сол жылдары (1991-1994 ж.ж.) Мәскеудегі «Қазақстан» қорының пре­зиденті болып жауапты жұмысты дөң­ге­ленткен. Кеңес Одағы ыдырап, әр рес­пуб­лика өздерінің қам-қарекетін өздері ойлайтын әрі өздері шешетін кезең туды. Кадрдың қадірі артатын кез келді. Тайыр Аймұхаметұлының өмірбаянын қарап отырсақ, қызметтік өтілінің бір-біріне жалғасқан жақсы дәстүрі бар.

Тайыр Аймұхаметұлы 1994 жылы Қазақстан Республикасының Ресей Фе­де­ра­циясындағы Өкілетті Өкілі (елшісі) бо­лып бекітілді. Сол жауапты қызметте ол сегіз жыл табан ау­дар­май жұмыс істеді. Дәл осы кезеңде Ресей мен Қазақстан арасындағы эко­но­микалық, мәдени-әлеуметтік, рухани-гума­нитарлық қа­рым-қатынастар жоғары деңгейде да­мып, еларалық интеграция, барыс-келіс, табыс-бөліс уақыт талабына сай қа­лып­тасты. Басшылықтың сан-салалы тапсырмалары әрқашан сәтімен жүзеге асып, сабақтастық пен қанаттастық кең айдынға шықты.

Тарихи дерек тапжылтпайды. ТМД мем­­лекеттерінің арасында тәуелсіздік ке­зеңінде тіні әлсіреп кеткен қарым-қа­ты­насты жаңа заман талабына сай жаңа­ша құрудың қажеттілігі көріне бастады. Әдетте бағалы бастама мен баянды тір­ліктің алғы сапында аршындап жүретін Ел­ба­сымыз 1994 жылы Еуразиялық эко­но­микалық ұйым құру туралы бастама кө­теріп, оның маңызы мен мақсатын ке­ңі­нен ашып көрсетті. Кейін халықаралық атауға ие болған ұйымның басты мақсаты бұрынғы кеңестік республикалардың экономикалық байланыстарын заман талабына сай дамыта интеграциялау, Кеден одағының қалыптасу процестерін жеделдету, Бірыңғай экономикалық кеңістікті қа­лып­тастыру, гуманитарлық және сауда-эко­номикалық ықпалдастықты тереңнен дамыту болатын.

2000 жылы 10 қазанда Астанада Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан қатысқан Еуразиялық эко­номикалық қауымдастықтың жаңа ке­лі­сімшарты жасақталды. Осылайша бұ­рын­ғы Еуразиялық ұйым өзінің пәрмені мен қуатын жаңа деңгейге көтеріп, бұрын қалыптасқан уағдаластықты одан әрі өріс­тете, әлемдік экономикалық интег­ра­цияның тыныс-тіршілігін терең қа­был­дай отырып, әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық жаңғырудың басты тетіктерін жаңа­ша өркендетудің жолдарын пайымда­ды. Әлемдік экономикалық және ха­лық­ара­лық сауда жүйесін интеграциялық жағ­дайда дер кезінде реттеп, қажетті жағ­дайда өзгерістерге бейімдей отырып, жүйе­леудің жолдары нақтыланды. Бұл орай­да жаңа Қауымдастық өткен ке­лі­­сімшарттағы оң нәтижелерді ескере жә­не оны жаңаша дамыта отырып, ин­те­г­рациялық процестерді орындауда пәр­мен­ді шешімділік пен нақты іскерлік мүм­кіндіктерді барынша пайдаланудың алғышарттарын тиянақтады.

Еркін сауда айналымын толық дең­гейде қалыптау, ортақ кедендік та­риф­­­терді бір жүйеге түсіру, капитал­дың еркін ай­на­лы­мы, қаражаттық нарықтың жүзеге асуы, Қауымдастық ауқымында бірыңғай ва­лю­талық шең­берге кіру, ішкі нарықтық қа­тына­с­тарда сауда-саттықтың жалпы қа­ғида­сын қалыптастыру, мақсатты бағ­дар­ламаларды жүйелеп жүзеге асыру, өн­дірістік және кәсіпкерлік қызметте бір­т­ектес жағдай қалыптастыру, бірың­ғай көлік жүйесін орнықтыру, ортақ энер­ге­ти­калық база жасау, шетелдік инвестиция­ларды алудың баршаға тән ережесін жасау, әлеуметтік сая­сат­тың көкейкесті жағ­­дай­ларын өзара ынтымақтаса шешу, ұлт­­тық заң­ды­­­лықтардың өзара үйле­сім­ді­лігін орнықтыру, БҰҰ-мен тығыз қа­рым-қатынасты жүзеге асыру секілді аса маңызды келісімдер халықаралық қауым­дастықтың қажеттілігін даусыз дәлелдеп берді.

Осынау аса маңызды, елдің эко­но­микалық-әлеуметтік дамуы үшін ұлт­­тық маңызы бар жауапты жұмыс­тар­­ды атқаруды Тайыр Мансұровқа Пре­зидент сеніп тапсырды. Сыртқы істер ми­нис­трлігінің төтенше маңызды елшісі қыз­ме­тінде болып, одан кейін Елбасының ке­ңесшісі қызметін атқарған Тайыр Аймұхаметұлы 2007 жылдың тамыз айында тағы да, үшінші рет Мәскеуге жол тартты. Ол Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың Бас хатшысы болып тағайындалды. Осы лауазымда жеті жыл жемісті еңбек еткен Тайыр Мансұров бертінге дейін Мәскеуде Еуразиялық экономикалық ко­миссияның энергетика және инфра­құры­лым жөніндегі Коллегия мүшесі – Министр дәрежесінде қызмет атқарып келді.

«Өз ісінің маманы» деген қарапайым тір­кес бар. Сол айтқандай бұл міндет оған етене таныс. Ел мүддесі үшін елеулі ең­бек атқарып, уақытпен санаспай, жы­рақ­та жүрдім деп жасымай жұмыс атқарып жатқан азаматтың абыройлы жолы Алматыдан басталған. Әкенің аманатын, ананың махаббатын елдік деңгейге көтерген Тайыр Аймұхаметұлы қай жерде, қандай лауазымда жүрсе де биіктен көрінумен келеді. Ол ел мақсатын екшеген елші болып әбден қалыптасқан жан. Әке көрген оқ жонатыны рас, ана көрген тон пішетіні рас, тектінің тәлімін көрген тұлға болатыны рас. Мұның жарқын мысалының бірі – Тайыр Аймұхаметұлы Мансұров. 

Елдестірмек – елшіден, жаулас­тыр­мақ – жаушыдан. Елшінің ептілігі мен ерендігі бейбіт күндермен безбенделеді. Тәуел­сіздіктің даму тарихында екі ел ара­сындағы ең көп құжат: келісімдер мен шарттар, заңдар мен ережелер, меморандумдар мен мәмілелер Тайыр Ман­сұровтың кезінде барынша же­міс­ті болды десек, онымыз асыра айт­қандық болмас. Әсіресе екі мемлекет ара­сындағы сауда-экономикалық байла­ныстар қарқынды дамып, ол ТМД ел­дері арасында үлгілі үрдіске иек артты. Қазақстан мен Ресей арасындағы көп векторлы қарым-қатынас жаңа деңгейге көтеріліп, ынтымақтастығымыз нығая түсті. 

Оның елімізге сіңірген еңбегі Ота­ны­мыздың «Құрмет», ІІ дәрежелі «Дос­тық», «Қазақстан Респуб­ли­­ка­сының Тұң­ғыш Президенті – Ел­басы Нұрсұлтан Назар­ба­е­в» жә­не ІІ дәрежелі «Барыс» орден­де­рі­мен ата­лып өтуінің өзі де көп жайттан хабар бер­се керек.

Тайыр Мансұров – сөз қадірін біле­тін азамат. Оның бұл қасиеті кезін­де өзім сырлас дос, сыралғы іні бол­ған Аймұхамет аға­дан дарыған бо­лар деп ойлаймын. Елба­с­ымыз­­дың: «Тату-тәтті елдің, экономикасы өр­кендеген елдің, сауатты ұрпақ өсірген елдің, ел ішінде, басқа жерде жүргенде өз Отанын мақтап, мақтан ететін елдің, Отанын шын сүйетін азаматтары бар елдің ел­дігі мықты болады», деген маңызы манифес­тен кем емес жүрекжарды сөзін терең түсініп, өз табиғатында соған сай ғұмыр кешіп келе жатқан азаматтардың арасында Тайыр Аймұхаметұлының есімі бар. 

Айтылған сөздің ақиқатын дерекпен өрейік. 2003-2007 жылдар аралығында Тай­ыр Мансұров Солтүстік Қазақстан облы­сының әкімі болып қызмет атқарды. Сол кезде «Ана тілі» ұлт апталығында жария болған Елбасымыздың: «Қазақ­стан­ның бо­лашағы – мемлекеттік тілінде» деген бағ­дарламалық сұхбатын бүкілхалықтық тал­қылау қызу жүріп жатқан болатын. Осыған байланысты қазақ тілін дамытудың мем­лекеттік бағдарламасы түзіліп, ол қор­даланған бірталай түйіндерді шешуге жол ашты.

Тайыр Мансұров осы бастаманы бір­ден іліп әкетіп, облыс кө­ле­мінде жа­ңа бағдарламалық жұ­мыс­тар жүйесін құр­ды. Қазақ тілінде іс жүр­гізудің жинағын, тіла­шар құрал­­дарын шығарып және рес­пуб­ликалық дең­гейде семинар-әдістемелік өткізіп, ел ай­мағында бастамашы болды. Ол кі­тап­тар республикамыздың барлық өңір­­леріне таратылып, үлгі, көрнекі құрал ретінде жақсы мысалға айналды. Әкім болған төрт жылдық кезеңде (2003-2007 жылдар) осындай ұлттық ұла­­ғатқа толы көптеген игі істердің басында жүрді. Тәу­ел­сіздік талап­­тарын танытуда жақсы қыз­мет атқарды.

Осы орайда халқымыздың «қамшы­гер» де­ген қуатты сөзі еске түседі. Ұлы дәс­түр­­ле­рімізден бастау алатын, ата-бабамыздың аманатын асқақтатуда ар өлшемі болатын бұл сөздің қоғамдық-саяси маңызы жаңа заманда жаңаша реңге айналып, өз төріне шықса деп арм­ан­даймыз. Қамшыны білек емес, жүрек ұстайды. Халықаралық ұйымның қамшыгері болып, «Мәңгілік Ел» болу мұратымызды жүзеге асыруда өз қолтаңбасын тоқтаусыз түсіріп келе жатқан азамат, мемлекет және қоғам қайраткері Тайыр Аймұхаметұлы Мансұров туралы көкейге келген сөзді оның жеті ондық белеске аяқ артқан тұсында айтудың реті келді.

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек 
сіңірген қайраткері, 
«Парасат» орденінің иегері