Сот жүйесіне деген сенімді арттыруға қатысты соңғы кезде бірқатар шаралар қолға алына бастады. Солардың бірі Сенатта өткен «Сот төрелігін жүргізу кезіндегі соттың және судьяның тәуелсіздігі: құқық қолдану практикасының проблемалары және заңнамалық реттеудің перспективалары» атты конференция.
Онда Парламент депутаттары, Конституциялық Кеңестің, Жоғарғы Соттың, Жоғары сот кеңесінің, Бас прокуратураның, адвокатураның, нотариалдық палатаның, дипломатиялық миссиялардың, халықаралық ұйымдар мен ғылыми орталардың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері болды. Шараға қатысушылар алдында Сенат Төрағасы Қ.Мәми «Қазақстанның құқықтық дамуының векторы ретінде сот және судьялық тәуелсіздікті қамтамасыз ету» атты баяндама жасады. Адам құқықтарын қорғау саласына Президент ерекше назар аударып келе жатқандығын тілге тиек еткен Сенат Төрағасы Елбасының судьялардың V съезінде егемен еліміздің басты жетістіктерінің бірі соттар мен судьялардың іс жүзіндегі тәуелсіздігі деген сөзін қаперге алды. «Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының көп көңіл бөлуімен адам құқығын қорғау кепілдігінің құқықтық базасын құруға дәйекті және табанды түрде қыруар жұмыс атқарылды», деді Қайрат Мәми.
Биліктің бір тармағы ретіндегі сот жүйесінің маңызын ашып көрсетуге тырысқан Жоғарғы Сот Төрағасы Бектас Бекназаров еліміз демократиялық, құқықтық жолдан тайқымай келе жатқандығын алға тартты. Мемлекеттіктің басты нышандарының бірі тәуелсіз сот билігі болса, оның тамыры қазақтың билер сотында жатыр. Осы орайда Жоғарғы Сот Төрағасы еліміздің сот билігіне ешкім де қандай да бір қысым жасап отырмағандығын нық сеніммен айтты. Оның сөзіне қарағанда, сотқа қысым көрсетуге, айтқанды істетуге болады деген кейбір жеке мәлімдеулер назар салуға да тұрмайды. Жоғары сот кеңесінің төрағасы Оңалсын Жұмабеков кеңес жанындағы Біліктілік комиссиясында биыл 312 судьялыққа кандидат емтихан тапсырса, солардың тек 106-сы ғана өтіп, резервке алынғандығын айтты. Яғни, судьялыққа кандидаттарға деген талап күшейтіліп отыр. Сонымен қатар судьялыққа кандидаттардың сот орындарындағы сынағы да бұқараның назарынан тыс қалмақ емес. Олар жайлы бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде барлық ақпарат берілетін болады. Судьялыққа кандидаттарды таңдау екі кезеңге бөлінуі айтарлықтай нәтиже бергендігімен бөліскен Кеңес төрағасы Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Сот төрелігі институтының 100 түлегі судья болып жұмысқа орналасып үлгергендігін де ортаға салды. О.Жұмабеков ендігі жерде судьялыққа тек аталған оқу орнының түлектерінен алу дұрыс болар ма еді деген ойын да бұқпасыз жеткізді.
Сот жүйесіндегі кемшіліктер барысын Сенат депутаттары Иран Әміров пен Оралбай Әбдікәрімов жан-жақты ашып көрсетті. Заңның үстемдік құруы кез келген өркениетті қоғамның негізі екенін тілге тиек еткен И.Әміров тәуелсіз сот жүйесі құқықтық мемлекеттіктің айқын көрінісі дегенді келтірді. Сенатордың пайымынша, тәуелсіздік ұғымы құқықтықтан гөрі саяси түсінікке жақын. Сондықтан сот тәуелсіздігімен судьялардың өздері емес, саясаткерлер айналысуы тиіс. Осындай өзара ықпалдастықтың болмауынан жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің сот жүйесі бөлігінде Қазақстан алдыңғы орындардан табылмай отыр. Судьяның тәуелсіздігі туралы бақталасуға болар, ал прокурор мен адвокат тәуелсіздігі туралы айтудың өзі қиын екенімен бөліскен сенатор алғашқысы өз басшыларының тапсырмасын орындаса, соңғыларының өзін қорғауға тура келеді, деді.
Конференцияда сөз алған Конституциялық Кеңес мүшесі А.Жайылғанова, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл А.Шәкіров, Түркия Жоғары судьялар мен прокурорлар кеңесі бас хатшысының орынбасары Е.Дурнагол, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ заң мәселелері бойынша кеңесшісі Л.Бекинг, Грузия Конституциялық соты төрағасының орынбасары К.Вардзелашвили, Америка сауда палатасының президенті К.Мак және өзгелері сот билігі тәуелсіздігін қамтамасыз ету және халықаралық стандарттарға сәйкес заңнаманы жетілдіру мәселелерін талқыға салды.
Конференцияда қорытынды сөз сөйлеген Сенаттың Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінің төрағасы Б.Имашев барлық ескертпелер мен ұсыныстар «Қазақстан Республикасындағы сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы» Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңының жобасында көрініс табарына сенім білдірді.