Әдебиет • 27 Желтоқсан, 2017

Қайран ән, қанатынан қайырылған...

1085 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Сөзімізді ретімен ілгерілету үшін айтылар әңгіменің басын бірден ашып алайық. Қазақ классикалық әндеріне байланысты дәл бүгінгі күнде туындап отырған мәселелер аз емес.

Қайран ән, қанатынан қайырылған...

Қазақ классикалық әндерінің дәл бүгінгі күнде тап келіп отырған екі мәселесі төңірегінде ой қозғайтын бұл мақаламызда біріншіден мәтіннің жұмбақталуы, екіншіден әуен, үннің жұмбақталуы жайын сөз еткенбіз. Бұл екі жұмбақталу біздің көшпелі тұрмыстан, табиғаттан алыстап, кейбір қазақы ұғым, ым-ишаралық қарым-қатынастан адасып қалғанымыз, болмысыздың өзгеруі және өзге де себептерге байланысты ауқымды дүние. 

Қазақтың тілсіз тілі – ым-иша­расының өзінде қанша сезім, қанша сыр мен парасат жатқанын тағы да сол ән жеткізіпті бізге. Мақаланың «Мәтін жұмбағы» бөлімінің бастапқы бөлігін ұсынып отырмыз.

Ақбоз үйге сүйеніп...

Қазақта ғана емес, жер бетіндегі қаншама ұлт мен ұлыста өздеріне тән ым, ишара болады. Оның өзара қарым-қатынаста сөз, дыбыссыз-ақ берер ұғымы ұшан-теңіз. Бас шайқау, бармақ көрсету, ерін шығару, жағасын ұстау, бас изеу, жағын таяну деп кете береді. Соның бірі – үйге сүйену. Бала күнімізде үйге сүйеніп тұрғанда үлкендер «ішіңе күйік түсіп тұр ма, бар ары» деп ұрсып жіберетін. Бұл кәдімгі «жағыңды таянба» дейтін тыйым іспеттес. Жақ таяну – қамығу, қайғыру, торығу, ауыр ойға батуды білдіретін болса, үйге сүйену – сағыну, зарығу, қимастық сынды көкірек толы күрсіністі білдіреді. Бұл қазақ тұрмысында көбінесе қыздарға байланысты екенін ән мәтіндерінен аңғарамыз. Мысалы, жалпақ жұртқа әйгілі «Баянауыл» әніндегі:

«Баянауыл басында балалы құр,
Бір сөз айтам, ей қалқа, мойныңды бұр.
Ауылыңның тұсынан ән салғанда,
Ақбоз үйге сүйеніп қара да тұр», дейтін жолдар құлағына жетпеген қазақ аз шығар. Ал атақты Балуан Шолақ «Ғалия» әнінде:
«Ойда тұрып Ғалия, 
Ақбоз үйге сүйенгенде...», дейді. Оған 1858-1919 жылдары өмір сүріп, әсіресе, еліміздің солтүстік өңірінде аты әйгілі болған Нұржан Наушабайұлының әні делінетін «Көкенай» әнін қосыңыз. 
«Екі ауылдың арасы қар болды ғой,
Бір көре алмай Көкенді зар болдым ғой» деп келетін әннің қайырмасында:
«Көкен-ай, қиылған қас екен-ай.
Ақбоз үйге сүйенген,
Біздің де қалқаш екен-ай», дейді. Мінеки, ауыл алыс, жер шалғай көшпелі өмірдің һәм қазақы болмыстың өрнегі. Қазақ қызының елден ерек бір болмысы (бүгінгідей "бай қайдалап" аласұрмақ түгілі) азамат ерге қанша ғашық болса да, оны ашық, жария айтпаған. Қыз қадірінің қымбаты да солай сақталып, мәңгі биік қалпында қала берді. Сондықтан да қазақ «қыздың үндемегені – келіскені» дейді. Демек оның әр қимылы маңызды, әр әрекетінде тіл бар тылсымға толы ғажайып әлем. Енді, жігіт те осыған сай сөйлеуі тиіс екен. Қараңыз, жоғарыда мысалға келтірілген үш әнде де бір қарағанда қызға тек жігіт ғашық секілді көрінеді. Жоқ, ақбоз үйге сүйенген қыздың жайын айтқан жігіт қалқатайдың жүрегінің аңсары өзіне ауып, оның да зарығып жүргенін жеткізіп тұрған жоқ па? Иә, жігіт қызға ғашық екен, ал, қыз жігітті ұнатты ма деген сауалға мақтанышты жауабын осылай айтады. Әрине, әлемде жоқ сөз әдебі бұл. «Ол да маған өлердей ғашық, сындырдым» демейді. Қол жетпес қия шыңдағы қыз қадірін сол биігінен түсірмей, оның тек жалғыз ғана әрекет, қылығын көрсету арқылы диалогтың екінші жағындағы сөзді ашып береді. Мінеки, ай мен күндей аруды ақбоз үйге сүйендірген жігіт сөзі осылай өріледі. 

Ән сөзіндегі осы көріністі экраннан көргеніңіз есіңізде ме? Ендеше, санасына махаббат, ғашықтық деген сөздер оралған сәтте ойына бірінші болып «Қыз Жібек» фильмі түсетін қазақ баласының жадысын қайта бір жаңғыртып өтелік. «Шектіні шауып кел десем, бір шүйкебасына алданып қайтып келіпсің» деген Базарбай ұлына ризалығын бермей, жіпсіз байланып киіз үйде жалғыз жатқан Төлеген бір кезде шаңырақтан аспанға қарайды, қиқулап ұшып қаздар кетіп барады. Бұл режиссердің Төлегеннің енді кешігуге болмайтынын, Қыз Жібектің күдері үзілмесін десе аттану керектігін есіне салғандай ерекше көрініс. Иә, жігіт тағатсыз екенін көрдік. Ал, қыз не күйде? Ендеше, қараңыз! Қиқулап бұлтқа сіңіп кеткен қаздардан кейін камера бірден Қыз Жібекті табады. Мұңлы, сағынышты, зарыққан бейнеде ақбоз үйге сүйеніп тұр! Арғы жағы мұнартқан тау, қыз үкісін тербеген мазасыз желдің ызыңына Нұрғиса Тілендиев қосқан баяу ғана мұңлы музыка... Режиссер дәл осы бейнені тапжылтпай 20 секунд ұстап тұрады. Жібектің сағынышты, қамырықты күйін айтуға еш сөздің қажеті жоқ, керек десең сөз қуаты жетпес қамырықты күйін осылайша қапысыз көрсетеді. Көзін төмен салып әлденеше рет ауыр-ауыр күрсінеді... 

Міне, қаншама рет көрсе де әлі күнге дейін қазақ біткенді экранның алдына қайта «таңып» тастайтын «Қыз Жібектің» бір құпиясы! Онда қазіргі күнде өзіміз де түсіне бермейтін, тек түйсігіміздің терең түбінде көзі жылтырап жатқан ым, ишара түсініктерін түртіп өтетін көріністер молынан. Біздің жан жетпіс жеті атамыздан келе жатқан осындай азыққа шын семіріп, шын қуана алатынын, бізден үнемі осындай рухани азық сұраумен болатынын ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген. Сол азығы табылғанда жан рахат күй кешеді. «Қыз Жібекті» қырық рет көрсек те жалықпайтынымыздың сыры да осында болса керек. Ал ақбоз үйге сүйенудің осынша мән-мазмұнын сезіне білмеген адам «Баянауыл» әнінің ақбоз үйге сүйенген әне бір тұсынан қандай рахат ала алсын? Әнші мен тыңдаушы жайын сөз еткен Абай атамыз «ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды» дегенді осындайда айтса керек.

Бұл біздің қазақтың тілсіз тілін түсінуге қауқарсыз халіміздің бір көрінісі. Ал табиғаттан, көшпенді тұрмыстан алыстағанымыз себепті әлі қанша ән мәтініндегі сөздердің біздің бойымызда өлген клеткаға айналып бара жатқаны айдан анық. «Ай он екі ғана ғой, неге «жүзің бар он төртінші айдай көркем» дейді?» деген сауалды естігенде табиғаттың тілін білген қазақтың бүгінгі ұрпағына айдың орта тұста толатыны жайында мағлұмат жет­пегеніне іштей қынжылған едік. Тіпті табиғаттың таңғажайып сол бір құбы­лысы осы әнде сақталмағанда еш қазақ­тың есінде қалмайтын түрі бар екен-ау... 

Осындайда атақты «Ғайни» әніндегі «Бұлақтай көгал қуған таудан құлап, Берерсің кімге арнап бал ләззатын», деп келетін керемет кестелі, тыңдап отырған жанды көгалда жүргендей, саумал бұлақтың салқын лебі төсіне келіп тигендей рахат күй кештіретін көбелекқанат көркем сөздер махаббат туралы ән айтылса кәфе мен түнгі клуб, ары кетсе бау-бақшадан асып сезінуге мүмкіндігі жоқ қазіргі біздің тарылған түйсігімізге жете бере топқанаттанып топ етіп құлайтындай көрініп кетеді. Әсілінде, ән де бір көбелек. Қанат қағып әуелеген ол даладай кең кеудеңді шарлай, шалқи ұшып, сол кеудеде жайқалған гүлдерге қонады. Әлдебір кеудеден ұшып келіп сенің кеудеңдегі гүлге қонған ол оны тозаңдандырады. Енді жан жасаңғырап, жан гүлі онан сайын құлпырып, жүзің жайнап сала бермек. Жақсы әнді айту түгілі тыңдауға жайқалған гүлді жан әлемі керек болатыны да содан болса керек...

Танаулары тым көтеріңкі әлдекімдер өздерін «қалып қойған» қазақ әнінен әлдеқайда биіктеп кеткендей сезінеді екен. Жоқ, онан сайын тереңдеп, онан сайын биіктеп алған – қазақ әні де, онан са­йын таяздап, онан сайын аласарып кеткен – біз едік. Адамзат руханиятында айрықша орын алатын «қазақ әні» деген ғажайып әлем бұл күнде біздер алыстап бара жатқан аталарымыздың асыл болмысындай онан сайын жұмбақталып алған. Сазындағы мың қатпарлы сезім мен сөзіндегі сан қатпарлы сыр бүгінгідей ашық мәтін, жалаң ритмге бой алдырған біздер үшін тіпті «құпия шежіреге» айналып бара жатқандай...

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»