Кеше Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар жөніндегі жоғарғы комиссары Кнут Воллебекпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар этносаралық қатынастар мен аз ұлттар құқығын қорғауды үйлестіру саласындағы Қазақстанның ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастығын одан әрі нығайту мәселесін әңгіме өзегіне айналдырды.
ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар ісі жөніндегі жоғарғы комиссарының қоғамды топтастыру бағытындағы ұстанымдары мынаған саяды. Мәселен, Жоғарғы комиссар ұсынысы негізінде Қазақстанда соңғы жылдары қоғамды одан әрі топтастыруға, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға, мемлекеттік органдардың этномәдени бірлестіктермен өзара іс-қимылының тиімді жүйесін құруға, аз ұлттар тілдерінде білім жүйесін жетілдіруге бағытталған бірқатар жобалар іске асырылған. Кездесу кезінде осы мәселелер сөз болды.
Сондай-ақ, Қанат Саудабаев пен Кнут Воллебек Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға жемісті төрағалығы, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығы негізінде Астанада төзімділік пен кемсітпеушілік жөніндегі ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі конференциясы және ЕҚЫҰ-ның жаңа мыңжылдықтағы алғашқы Саммиті сынды маңызды тарихи оқиғалардың өткендігіне жан-жақты тоқталып өтті.
«Біз бен сізді өзара тығыз әріптестік байланыс жібі байланыстырады. Сөз орайы келгенде мен біздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығымыз кезінде қолдау көрсеткендеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында біраз жұмыстың басы қайырылды. Солардың ең маңыздысы – ол этносаралық және конфессияаралық келісім, аз ұлттар құқығын қорғау», – деді Қанат Саудабаев. Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы Елбасының көшбасшылығымен Қазақстанның дүние жүзіндегі жетекші ұйымға жемісті төрағалық еткеніне, ал бұл өз кезегінде еліміздің этносаралық қарым-қатынас саласындағы тәжірибесін жетілдіруге сеп болғанына тоқталды. «Қоғамды топтастыруды негізге алған ұсыныстарыңыз өз деңгейінде жүзеге асырылып келеді. Сіздің Астанаға жасаған сапарыңыз да ынтымақтастық тетігін одан әрі нығайта түседі деген сенімдеміз», – деді ол өз сөзінде.
«Біз ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі кезінде Қазақстанмен тығыз байланыста жұмыс атқарып, екіжақты, өңірлік және ұйым аясындағы мәселелерді талқыға салдық. Қазақстан Орталық Азияда өзінің орнын айқындап үлгерген ел. Біз сіздердің елдеріңізбен интеграциялық салада байланыс орнатып келеміз. Қазақстан халқы Ассамблеясымен де тығыз әріптестіктеміз. Бұл ынтымақтастық болашақта да өз жалғасын табатынына сенім білдіргім келеді», – деді Кнут Воллебек журналистерге берген сұхбатында.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.