Қазақстан • 27 Желтоқсан, 2017

Маңғыстауда спорт саласының үздіктері марапатталды

1041 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Маңғыстау облысында  кәсіпкерлердің қаражатынан  8 спорт кешені мен 20 ашық спорт алаңдары салынған. Сегіз ауылда «Жас батыр» спорт мектебінің филиалдары ашылды. 

Маңғыстауда спорт саласының үздіктері марапатталды

Келер жылы жекеменшік мемлекеттік серіктестікпен Мұз сарайы мен бокс орталығы құрылысы басталмақ. Сонымен қатар үстел теннисі орталығы мен барлық аудандарда денешынықтыру сауықтыру кешені салынады. Ақтау қаласында ықшамаудандарғы 15 ойын алаңы жөндеуден өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, өңірде  дзюдо, самбо күресі, каратэ-до, кикбоксинг қарқынды дамып келе жатыр. Жастар мен жасөспірімдер арасында маңғыстаулықтар - самбо күресінен  Рамазан Мамаев, дзюдодан Азия және Еуропа кубогінің чемпионы Сұңғат Жұбатқан, каратэ-додан Еркінбек Байтөриев Әлем чемпионы атанса, Хорватияда жастар арасында дзюдодан өткен Әлем чемпионатының тұңғыш қола жүлдесін  Бауыржан Нарбаев иеленді. Маңғыстаулық үш жаттықтырушы «ҚР Еңбегі сіңірген жаттықтырушы» атағын абыроймен қорғады. Облыста тұрақты спортпен айналысатындардың саны 30%-дан асты.

Мерекелік кеште төмендегідей марапаттар табысталды:

  • Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен Қарақия аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Дүйсенбай Атағараев және Маңғыстау облыстық Олимпиадалық даярлау орталығының директоры Қанат Озғанбаев;
  • Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұрбек Қарабаллаев;
  • Қазақстан Республикасына Еңбек сіңірген жаттықтырушысы медалімен таеквондодан жаттықтырушы Ғани Ибрагимов, бокстан жаттықтырушы Жарас Калимов, кикбоксингтен жаттықтырушы Есенмұрат Селиков;
  • Спорт саласын дамытуға қосқан үлесі үшін «Жомарт жүрек» номинациясымен Сарсенбай Абдуллаев;
  • Спорт саласы бойынша «Жылдың үздік ауданы» номинациясымен Маңғыстау ауданы марапатталды.

Сондай-ақ, осы саланың дамуына сүбелі үлес қосқан 70-ке жуық азаматқа Маңғыстау облысы әкімінің алғысы  табысталды.

Шара соңы өңірдің өнер жұлдыздары мен спортшылар қатысқан мерекелік концертке жалғасты.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы