Медицина • 28 Желтоқсан, 2017

«Алтын адам» табылған Шіліктіде шешілмеген мәселе көп

1587 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Отандық археология тарихындағы үшінші «Алтын адам» табылған қасиетті өлке – Зайсан ауданындағы Шілікті жазығын білмейтін жан кемде-кем шығар. Алайда құнды жәдігерімен әлемге әйгілі мекеннің бүгінгі тыныс-тіршілігі, ондағы халықтың жағдайы жайында не білеміз? 

«Алтын адам» табылған Шіліктіде шешілмеген мәселе көп

Кәкен-Талды ауылы

Жақында осы өңірдің ақсақалдарының шақыруымен Қытаймен шек­арада орын тепкен Шілікті елді мекеніне арнайы барып, ауыл тұрғындарымен сөйлескенімізде түйіні тарқамаған мәселелердің көп екендігіне көз жеткізгендей болдық.

Жолы асфальтталмаған жалғыз ауыл

Шілікті ауылдық округі аудан орталығы Зайсаннан 65 шақырым жерде орналасқан. Елді мекен тұрғындарын көптен бері алаңдатып жүрген мәселенің ең үлкені – осы 65 шақырым жолдың асфальтталмай, сапалы жөндеу көрмей отырғандығы. Шілікті – Зайсан ауданындағы жолы асфальтталмаған жалғыз ауыл. Ауыл тұрғындары осыған қапаланады. «Аудандағы басқа ауылдардың жолдары сайрап жатыр. Ауызсу мәселесі шешілген. Жақында газ келеді деп жатыр. Біздің олардан қай жеріміз кем? «Айғайлай-айғайлай қасқырдан да ұят болды» дегендей, жолдың жайын айта-айта аудан әкімдігінен де ұят болды. Облыс басшылығына да, тиісті басқармаларға да айтудайын айтып жатырмыз. Әзірге ешқандай нәтиже жоқ», дейді Шілікті ауылдық округіне қарасты Жалши ауылының тұрғыны, зейнеткер Амангелді Рахимов.

Шіліктідегі екінші түйткіл – ауызсу мәселесі. Осы өңір тұр­ғын­дарының сөзіне сенсек, Шілікті ауыл­дық округіндегі бірде-бір үйге әлі күнге таза ауызсу енгізілмеген. Тек екі ауылдағы бір көшеге ғана екіден-үш­тен колонка қойылыпты. Тасбастау ауылдық ардагерлер кеңесінің төр­ағасы Сағымжан Шажаев елді мекен­дегі екі колонка тұрғындардың сұра­нысын қанағаттандырмай отыр­ған­дығын, берілетін су мөлшері тым аз, қуаты жеткіліксіз екендігін айтады. Жалши ауылындағы бір көшеге осы­дан үш жыл бұрын ауызсу тартылып, үш колонка орнатылыпты. Тұрғындардың айтуынша, осы іспен шұғылданғандар ауызсу тарту үшін ауыл сыртындағы тоқтаусыз ағып тұратын екі артезиан құдығын пайдаланыпты. Пайдаланғанда құрылғыларын осы екі құдық үстіне орнатса керек. «Әлгілер үшінші құдықты да су тарту үшін бітейміз дегенде ауыл болып әрең тоқтаттық. Өйткені осы құдықтардың арқасында ауыл тұрғындары жыл сайын картобын егіп, қысқы азығын қамдап отыр. Екі құдық бітелгеннен кейін былтырдан бері ауылдың жартысы картоп салмайтын болды. Оны қой­шы, ауылға су тартамыз дегеннен кейін құдықтарды жабуға келістік. Келіс­кенімізді қайтейік, су тартушылар ауылдағы айналдырған жүз метр­лік үш көшенің біреуіне ғана су әке­ліп, қалған екеуін қалдырып кетіпті», дейді осы ауылдың тұрғыны А.Рахимов. 

Қытай шекарасы

Биыл көктемде Шіліктінің малдарынан бруцеллез ауруы анықталып, қырдағы ағайынды біраз әуре-сарсаңға салған-ды. Шекаралық аймақтағы елдің жағдайымен танысуға бізбен бірге арнайы барған аудан әкімінің орынбасары Марат Уәли бұл дертпен күресу үшін республикалық бюджеттен қаржы қарастырылып, қазіргі уақытта Шіліктіге қарасты бірнеше ауылдан бруцеллезге байланысты қойылған шектеулердің алынғанын жеткізді.

Кәкен-Талдының күйі 

«Алтын адам» табылған киелі өңірдегі ең өзекті, тағдыршешті мәселенің бірі – халық санының азайып, мектептердің жабылудың аз-ақ алдында тұрғаны. Бәрінен де қиыны, дәл шекараның түбіндегі елді мекендердің жалаңаштанып қалуы. Мәселен, Қытаймен шекарадағы Кәкен-Талды ауылында бар болғаны 10 үй ғана қалыпты. Ауыл іші алқам-салқам. Қаңырап қалған ғимараттар мен үйінділерден көз сүрінеді. Шіліктіге қарасты басқа ауылдарды аралағанда мұндай ызғар сезілмеген секілді еді. Әлде топталып ел отырған жер жылы, ық бола ма екен?! Кәкен-Талдыдағы суық ызғар еттен өтіп, сүйекке жеткендей болды. 

 «Ұйысқан ел кеткен соң ауыл жарықтық та бозінгендей боздап, аңырап қалады екен-ау», дедім іштей қос елдің шекарасын бөліп тұрған сым тартылған бағандарға көз салып тұрып. Баған демекші, қазақтың әйгілі ақыны Сырбай Мәуленовтің:
 Шеп құрып ап шекараның шетіне,
Тұр бағандар терең бойлап бекіне.
Бір жағы ашық, ал бір жағы күп-күңгірт,
Жалпақ аспан жарылғандай екіге, 
деген өлең жолдары еріксіз ойға оралғаны бар. Көнекөздердің айтуынша, Кәкен-Талдыда кезінде 200-ден астам адам тұрыпты. Өз алдына бастауыш мектебі жұмыс істеген ауылда тіршіліктің қазаны бұрқ-сарқ қайнап, елді мекен тұрғындары заставадағы әскерилермен тізе қосып, шекараны қорғауға атсалысып, талай қылмыскерді құрықтауға жәрдемдескен екен. 

Шекарадағы Кәкен-Талды ауылы

Бүгінде Шілікті ауылдық ок­ругі­не Шілікті, Жалши, Тасбас­тау, Кәкен-Талды, Қарасай, Қа­зақ­стан, Кемпірбұлақ секілді же­ті елді мекен қарайды. Жеті ауыл­дың тұрғындарының ұзын саны – 2300. Кезінде мұнда 3 орта, 3 бас­тауыш мектеп болса, қазір 2 орта, 1 орталау және 1 бастауыш білім ордасы ғана жұмыс істеп тұр. Ауылдық округтегі ең үлкен елді мекен Шіліктідегі жеті жүз орындық мектепте қазір – 190, Тасбастаудағы 160 орындық мектепте – 52, Жал­шиде кезінде 200-ден астам бала оқыған мектепте 110 оқушы білім алып жатыр. Кәкен-Талды, Кемпірбұлақ, Қазақстан секілді шағын ауылдардың балалары мектепке жақын тұратындары тасымалданып, алыстағылары интернатта жатып оқиды. Шілік­ті ауылдық округінде 12 жыл бойы әкім болған, қазір зейнет демалысындағы Саяш Нәсі­ре­тов 1997 жылға дейін бұл өңір­де 5 мыңға жуық тұрғын тұр­ғанын айтады. Ақсақал шекара шебіндегі халық санының жыл­дан жылға азайып, бабалардан қалған шұрайлы жерлердің әлде­кімдердің «көзқұртына» айналып, бос жатқанына алаңдайды. «Ші­лікті – тек «Алтын адам» та­былған қасиетті өлке ғана емес, шекаралық аймақ, елдің қақпасы деу­ге болады. Іргемізде алпауыт ел. Шекаралық аймақ болғаннан кейін стратегиялық маңызы айтпаса да түсінікті. Мал өсіруге, егін шаруашылығын өрістетуге де қо­лайлы мекен. Өңірдегі халықты ұстау үшін, санын азайтпай сақтау үшін жол салу, су тарту секілді маңыз­ды шаралар дәл қазір тұр­ғындар көшпей тұрған кезде жасалса дейміз. Әйтпесе тарихи жер біраз жылда қаңырап бос қала ма деп қорқамыз», дейді ақсақал.

"Алтын адам" табылған төбе

Шекаралық аймақтағы өңір­ге арнайы келгеннен кейін Шілікті­нің даңқын шығарған «Алтын адам» табылған жерге тағзым етпеге­німіз жөн болмас деп қа­сиет­ті орынға аялдадық. Жалши ауы­лынан 2 шақырым жерде орналасқан екен. Тарихи мекенге алғаш рет табан тірегендіктен іштей «Алтын адам» табылған жер сонадайдан менмұндалап көзге түсетін шығар, сырты қор­шалып, арнайы белгі қойылған болар деп ойлағанбыз. Алайда ауыл тұрғындарының бірі арнайы апарып көрсетпесе, сырттан келген жұрт байқамай, еле­мей өте шығатындай жай төбе­лердің бірі секілді көрінгені рас. Ауыл­дағы ағайынның бабалар сүйегі жерленген қорымның үсті­не дөң үстіне шыққандай көлік­пен емін-еркін шыға беретіні де кө­ңілге кірбің түсіргенін несіне жасырайық?! Жергілікті ақсақалдар ел арасында «Бәйге төбе» аталған бұл жердің бір кездері қоршалып, кейіннен қай­та алынып тасталғанын айтты. Қас­терлі мекен алдағы уақытта келімді-кетімді жұрттың аяғына тап­талмай, қамқорлыққа, кү­тімге алы­натын шығар деп ойлаймыз. 

Түйін

«Шекарадағы Шіліктідегі қор­даланған мәселелердің түйі­нін тар­қату үшін не істелді, келе­шекте не істеледі?» деген сауалдарымызды Зайсан ауда­ны­ның әкімі Темірбек Қасым­жановқа қойдық. Аудан бас­шысы Шіліктіге ауыз су тарту үшін 50 миллион теңге қаржы бөлінгенін, конкурс аяқталғаннан кейін құрылыс жұмыстары бас­талатынын жеткізді. Жалши ауылын­дағы қалған екі көшеге ауыз су тарту алдағы жылға жос­парланып отыр екен. Ал «Алтын адам» табылған Шілікті қоры­мы Катонқарағайдағы Берел қо­рық-музейінің филиалы ретінде тір­келіп, бұл мақсатта 10 гектар жер қорықтың балансына бе­ріліпті. Т.Қасымжановтың айтуынша, келесі жылы мұнда ас­пан астындағы музей салынады. Обл­ыстық мәдениет басқармасы тиісті құжаттарды әзірлеп жатыр екен. «Бұл Шілікті ауылдық окру­гіне қарасты ауылдардың экономикасын көтеруге, халық­тың әлеуметтік жағдайын жақ­сар­туға әсер етеді деп ойлаймыз. Му­зей оншақты жұмыс орны ашыл­са, жан-жақтан туристер кел­се, оларға қажет қонақүй, дәм­хана секілді нысандарды жер­г­і­лікті кәсіпкерлерге салдырамыз ба деген ойымыз бар. 60 шақырым жолдың жағдайын да біліп отырмыз. Облыстық жол басқармасына тиісті құжаттарды өткізіп қойғанбыз. Бұл мәселе облыс басшылығының алдына да қойылып жатыр. Биыл 3,5 миллион теңге бөліп, Шілікті мен Жалши арасындағы жолды және екі аялдаманы жөндеп бердік. Халықтың шекарадан бері қарай көшіп жатқаны жасырын емес. Осы олқылықтың орнын тол­тыру үшін қазір ірі шаруа қожалықтарын шекара маңына жіберіп жатырмыз. Мәселен, «Қарасай агро» ЖШС 500 гектар жер алып, егіншілік пен мал шаруашылығымен айналысуды жоспарлап отыр. Ірі кәсіпкерлер шекара бойына барып, жаңа нысандар салса, талай адам жұмыспен қамтылып, халық саны арта түсер еді деп ойлаймыз», дейді аудан әкімі.

Азамат ҚАСЫМ, 
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,
Зайсан ауданы