– Қасым-Жомарт Кемелұлы, тоқтаусыз уақыт толқынымен биылғы жылды қорытындылап, алдағы жылды жоспарлайтын кезеңге де келіп жеттік. Сіздің ойыңызша, үстіміздегі жылдың есте қалар ерекшелігі неде?
– Ұлы Абай «Сағаттың өзі ұры шықылдаған, өмірді білдірмеген, күнде ұрлаған», деген ғой, сынаптай сырғып білінбей өте шығатын уақыт туралы. Сол тоқтаусыз уақыттың тағы бір жылын артқа тастадық. Бір қарағанда, қас қағымда өте шыққандай көрінгенімен, ауқымды жаңғыру жолына түскен Қазақстан үшін де, көз ілеспес жылдамдықпен дамып, күніне қырық құбылып жатқан жаһан үшін де бұл жыл үлкен өзгерістерге толы болды. Жыл басында Елбасы халыққа Жолдауында институттық реформаларды бетке алған Қазақстанның қарыштап дамуына қарқын беретін жаңа стратегиялық бағыттарды белгілеп берді. Еліміздің үшінші жаңғыруының басталғанын жария етті. Бұл – теңдессіз тарихи құжат. Оның өзегінде саяси реформа, экономикалық және қоғамдық сананы жаһандық дамуға лайық жаңғырту жатыр. Ел экономикасының құрылымдық жаңғыруына бағытталған стратегиялық құжат ел ішінде талқыланып, ғылыми тұрғыда дәйектеліп, көпшіліктен қолдау тапты. Бұл – жылдың басты ерекшелігі.
Жылдың екінші ерекшелігі, Елбасының рухани жаңғырудың басталғанын жария еткен мақаласы. Мақала ұлт рухын көтерді. Намысын жаныды. Ұлттық сананы жаңа сапаға көтерудің жалпы бағытын белгілеп берді. Елбасының бұл мақаласында біздің қоғамның идеологиялық жаңғыру бағыты анықталды. Онда айтылған ұсыныстарда, шын мәнінде Қазақстанның өркениеттік таңдауы айқындалды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын біртіндеп жүзеге асыра отырып, халқымыз болашақта тарихын мақтан тұтатын және заманауи дамудың алдыңғы сапында жүретін озық ұлттың үлгісін әлемге көрсетуі қажет.
Жылдың үшінші ерекшелігі, Президенттің бірқатар өкілеттіктерінің Парламент пен Үкіметке берілуі. Осыған орай, Парламент Конституцияға түзетулер қабылдады. Қызмет атқарып жүрген мемлекет басшысы құзыретін биліктің тармақтарына өз еркімен беруі, дүниежүзіндегі саяси өмірде өте сирек кездесетін құбылыс.
Жылдың төртінші ерекшелігі, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болуы. Бұл – отандық дипломатияны күрделі жаһандық мәселелерге тікелей қатыса алатын жаңа деңгейге көтерді. Сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Президент Н.Назарбаевтың «Әлем. XXI ғасыр» манифесінде көтерілген ядролық қаруды таратпау, терроризммен және экстремизммен күресу туралы халықаралық бастамасын жүргізуде беделді алаң болып табылады.
Жылдың бесінші ерекшелігі, ЭКСПО-2017 көрмесінің Астанада өтуі. Халықаралық шараның биік деңгейде ұйымдастырылуы еліміздің халықаралық қоғамдастық алдындағы абыройын асқақтатты. Астанада өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі энергетикалық және экологиялық мәселелерді шешуге арналған интеллектуалдық технологиялар саласындағы алдыңғы қатарлы тәжірибелермен алмасуға мол мүмкіндік берді. Көрменің ұйымдастырушысы ретінде Қазақстан қазіргі және болашақ ұрпақ үшін табиғи ресурстарды үнемдеу мақсатында жаһандық күш-жігерді біріктірудің барлық мүмкіндіктерін пайдаланды.
Көрме ұлттың интеллектуалдық өсуіне серпін берді, еліміздің бейбітсүйгіш саясаты мен төл мәдениетін әлемге танытуға жол ашты. Экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуына тың мүмкіндік беретін тиімді келісімдер жасалды.
– Елбасы Парламент сессиясының ашылуы барысында қос Палатаның алдына нақты міндеттер қойып, еліміздегі реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды жалғастырудың маңыздылығын атап өткен еді. Парламент Елбасы алға қойған міндеттерді толық орындай алды ма?
– Парламенттің 2017 жылғы қызметі негізінен «Үшінші жаңғыру» Жолдауын заңнамалық тұрғыда қолдауға бағытталды: жаңа Салық және Кеден кодекстері қабылданды, әкімшілік және қылмыстық заңнаманы ізгілендіру бойынша жұмыстар жүргізілді, үш жылдық бюджет туралы, басқа да ел өміріне аса қажетті, маңызды заңдар қабылданды. Мәселен, жақында ғана Парламент қабылдаған ақпарат және коммуникацияға қатысты заң Елбасы алға қойған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға қажетті заңнамалық негіз болары анық. Ал бұл бағдарламаның табысты жүзеге асуы экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы туралы міндеттердің орындалуына жол ашады. Сондай-ақ Ұлт жоспарының, Жолдаудың және қолданыстағы бағдарламалардың орындалу барысын талқылауға арналған парламенттік тыңдаулар, дөңгелек үстелдер мен кездесулер ұйымдастырылып, қоғамда зор ықылас туғызды. Парламент Мемлекет басшысы сессия ашылуында алға қойған міндеттерді толығымен орындады.
– Жыл соңында өткенді қорытындылап, болашаққа жоспар құру қалыпты үрдіс. Парламенттің келесі жылғы қызметі, ұйымдастырылатын шаралар жоспарланып қойған болар?
– «Бүгінгі уақытпен өмір сүр, ертеңгі күнге үмітпен қара» дейтін қанатты сөз бар. Парламент халықтың бүгінгі өмірін реттейтін заңнамалар қабылдап, заман ағымынан озық қызмет етсе ғана еліміздің ертеңге деген үміті жарқын болмақ. Сондықтан да Елбасы биыл өз өкілеттігінің үлкен бөлігін Парламентке берді. Өкілеттігінің ұлғаюымен қатар қос Палатаның кемел келешекті жақындату жолында атқаратын жұмысы да, жауапкершілігі де еселене түскені анық. Палатаның 2018 жылға арналған Негізгі шаралар жоспары бекітілді. Депутаттар алдағы жылы Президент Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыратын болады. Сенатта халық денсаулығы кодексінің жүзеге асуы, банк секторының рөлі, «Цифрлы Қазақстанның» орындалуы, сондай-ақ құқық қорғау қызметінің мәселелері, тағы да басқа халықты толғандыратын тақырыптарда парламенттік тыңдаулар ұйымдастыру жоспарланған. Сондай-ақ биыл Сенатта өткен орта білім беру жүйесінің проблемаларына арналған парламенттік тыңдаулар ұсынымдарының орындалу барысы пысықталып, еліміздің «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасының жүзеге асуы туралы үкіметтік сағат өткізілетін болады. Одан басқа, заңнаманы жетілдіру, мемлекеттік және жекелеген салаларды дамыту бағдарламаларын іске асыру мәселелері бойынша депутаттардың мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдардың басшыларымен ондаған кездесулер мен дөңгелек үстелдер өткізу де жоспарланды.
Сенат қызметінің маңызды бағытының бірі – халықаралық және парламентаралық ынтымақтастықты нығайту жұмысы да жоспарлы түрде жүзеге асырылады. Сенаторлар парламентаралық ынтымақтастықтың көптарапты құрылымдарының отырыстары мен форумдарына қатысады және шет мемлекеттердің заң шығару органдарымен өзара іс-қимыл жөніндегі жұмыс топтарындағы жұмыстарды жалғастыратын болады.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI Съезі келесі жылдағы ерекше шаралардың бірі. Президент Н.Назарбаевтың бастамашылдығымен дүниеге келген Съезд – Қазақстанның халықаралық аренадағы саяси салмағын одан әрі асқақтата түскен маңызды іс-шара болып табылады. Елбасы Съездерде көпұлтты және көпконфессиялы қоғамда дінаралық келісімді сақтаудың қазақстандық үлгісі мен тәжірибесін әлемге паш етіп келеді. Келесі жылғы кезекті форумда да әлем алдында тұрған жалпы адамзатқа ортақ өзекті мәселелер көтеріледі. Діни көзқарастарға қатысты даулардың себептері мен салдары, дінаралық төзімділік пен ынтымақ, әр ұлттың салт-дәстүрлеріне құрметпен қарау, әлемдегі халықаралық шиеленістерді шешуге қатысты ұсыныстар беру, жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы бірлесе үндеу қабылдау сияқты мәселелер талқыланады.
Жыл аяқталды. Қазақстанды әлемде дамыған елдер қатарынан орын алуға ұмтылған амбициясымен, толеранттылығымен және бейбітшіл, бітімгер ел ретінде танытқан Тәуелсіздіктің 26-шы жылы Ұлы тарих қойнауына енгелі тұр. Елбасының «Ұлы тарих кемел келешекке жетелейді» деп айтқанындай, кемел келешекке қажетті заңнамаларды қабылдау қызметін Парламент жаңа жылда тың күш-жігермен жалғастыратын болады.
Әңгімелескен
Әділбек ҚАБА