Парламент • 28 Желтоқсан, 2017

Мәжіліс сессия жұмысын қорытындылады

425 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Парламент Мәжілісінің жалпы отырысы өтті. Палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин жетекшілік еткен бұл жиында бірқатар заң жобалары мақұлданып, сессия басталғаннан бергі төрт ай ішінде атқарылған жұмыстар қорытындыланды.

Мәжіліс сессия жұмысын қорытындылады

Бұл басқосу биылғы жылдың соңғы отырысы екендігін айтқан Н.Нығматулин 2018 жылдың алғашқы жұмыс аптасы депутаттардың аймақтарға сапарларымен басталатындығын мәлім етті. «Біздің жаңа жылдағы жұмысымыз әдеттегідей сайлаушылармен кездесуден басталады. Бұл халқымыз үшін де, біз үшін де өте маңызды әрі қажетті шаралар. Себебі, Елбасымыз бізге әрқашанда халықпен тікелей жұмыс істеп, елімізді жаңғырту мақсаттарын түсіндіру туралы нақты тапсырмалар беріп келеді. Сондықтан әрбір ауылға барып, барлық бастамаларды және оларды заң жағынан қолдау жұмыстарын азаматтарға жеткізу, бұл – біздің басты міндетіміз. Сол үшін Мәжіліс Бюросының арнайы шешімі қабылданып, депутаттардың аймақтарға сапары жоспарланып отыр», деді Н.Нығматулин. 

Палата Төрағасы атап өткендей, Мәжіліс қызметі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ағымдағы сессияның ашылуында жүктеген міндеттерін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге бағытталды. Сессия басында 80 заң жобасы жұмысқа қабылданып, оның 42-сі қаралып, мақұлданған. Оның ішінде 12 заң жобасына депутаттар өздері бастамашы болса, Парламент қабылдаған 27 заңға бүгінде Мемлекет басшысының қолы қойылып, өз күшіне енді. Ал ағымдағы сессия жұмысын түйіндеген Мәжіліс Төрағасы «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы», Салық кодексі, Кедендік реттеу, сондай-ақ Қазақстанның кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер енгізу, Әкімшілік құқық бұзушылық және Ақпарат және коммуникация туралы заңдардың жобалары мен «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс жобасы сияқты мақұлданған бірқатар маңызды құжаттарды атап өтті.

Содан кейін жалпы отырыстың күн тәртібіне сай, депутаттар «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Үкіметі мен Ресей Федера­ция­сының Үкіметі арасындағы «Байқо­ңыр» ғарыш айлағынан ұшыру кезінде та­сы­малдағыш зымырандардан бөлінетін бөліктердің құлау ауданы ретінде Қа­зақ­стан Республикасының аумағындағы жер учаскесін беру және пайдалану шарттары туралы келісімді ратификациялау тура­лы» заң жобасын талқылап, зымыран бө­лік­тері құлайтын жерге қатысты құжатпен жұмыс істеу мерзімін ұзартты. Бұл келісім­мен «Союз» үлгісіндегі зымыран тасы­мал­дағыштан бөлінетін бөліктердің құлау ауданы ретінде жер учаскесін Ресей Фе­де­рациясының пайдалануы үшін Қазақ­стан Республикасы тарапының ұсынуы тұрғысында ұйымдастырушылық-құ­қықтық негіздер белгіленеді. Ал Халық­аралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Жанат Жарасов аталған заң жобасына қатысты жасаған баяндамасында құжатты қарастыру мерзімі 2017 жылдың 31 желтоқсанына дейін деп нақтыланғанын тілге тиек етті. «Биылғы 23 қарашада Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен хат келіп, онда заң жобасы тұрғысында қорытындыны даярлау мерзімін 2019 жылға дейін ұзарту өтінімі қамтылды», деді депутат.

Айта кетейік, бұл құжат қазіргі кезде әзірленіп жатқан «1995 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы органдарды құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасымен бір мезгілде қарастыру қажеттігіне байланысты болып отыр.

Осыдан кейін отырыс аясында «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Ал заң жобасын депутат Бекболат Тілеухан таныстырып, қосымша баяндаманы Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Сауытбек Абдрахманов жасады.

«Балалардың ақпараттық қауіпсіздігі үшін елімізде компьютерлік ойындарға сараптама жасалады. Біріншіден, балалардың денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың принциптері айқындалды. Екіншіден, зиянды ақпараттық өнімдердің айналымын тоқтатудың құқықтық жолдары көрсетіліп отыр. Үшіншіден, телерадио және кино өнімдерін эфирде таратудың балаларға қолайлы уақыты белгіленеді. Төртіншіден, компьютерлік электронды ойындардан балалардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен сараптама жасаудың құқықтық мүмкіндігі молынан туғызылды», деді Б.Тілеухан.

Оның айтуынша, мемлекеттік атқару органдарының балаларды зардапты ақпараттық өнімдерден қорғаудағы өкілеттіктері бірнеше рет сараланып отыр. Жобаның тағы бір ерекшелігі, балаларға арналған ақпараттың жекелеген түрлерін таратуға қойылатын қосымша талаптар деген жеке бап енгізіледі. Осы бапқа сәйкес, мектепке дейінгі балалар ұйымдарында балаларды оқыту және тәрбиелеу үшін пайдаланылатын ақпараттық өнімнің мазмұны мен безендірілуі қадағаланбақ. Ал мұндай бақылау білім жүйесінде де жүзеге асырылады деп нақтыланған. Депутат С.Абдрахмановтың пікірінше, заңның нақты жұмыс істеуі ата-аналарға, олардың өз балалары, немерелері үшін жауапкершілігіне тікелей қатысты. «Мектептерде «ақ интернетті» қанша жерден енгізгенімізбен ата-аналар баласының тәрбиесіне тиісінше көңіл бөлмесе, яғни не көріп жүргеніне, қай кезде теледидар алдында отырғанымен ісі болмаса, өзінің компьютерін балаларының беталды ашып отыруына жол беріп отырса, гаджетін кез келген жерге тастай салатын болса, сондай-ақ баласына жаны ашығандықтан немесе жұбату үшін көңілін аулауға қолына смартфонын берсе, онда бұл заңнан нақты нәтиже шығуы өте қиын», деді ол.

Айта кетейік, заң жобасында Қазақстан Республикасының 1 кодексі мен 3 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.
Отырыс соңында депутат Зағипа Балиева мен Владислав Косарев өз құзыреттері шеңберінде тиісті ведомство басшыларының атына депутаттық сауалдарын жолдады.
 

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»