Дүние жүзіне тараған жүз миллион фото
Әу баста Астанадағы көрмеге 2 миллион адам келеді деп болжанған, алайда бұл көрсеткіш 4 миллионға жетіп жығылды.
Ұйымдастырушылар кешен аумағына кіріп-шыққан қонақтар саны 25 миллионнан асқанын мәлімдеді. Қалашық құрылысына
1 400 қазақстандық компания қатысып, материалдарын ұсынған, жұмыстарына қатысқан. Олар 640 млрд теңгенің қаражатын игерді. Қонақ үйлердің, мейрамханалардың, дүкендер мен концерт залдарының барлығы толды. Бұл астаналық бизнесті ілгерілетіп, қала қазынасына қаражат әкелді. Ал көрме көрермендерінің арасында еліміздің түкпір-түкпірінен, әлемнің 185 мемлекетінен адамдар болды.
«Туристік сектор жандана түсті. Туроператорлардың қызметіне деген сұраныс 1,8 есе артты. Астанада кәсіпкерлік субъектілердің саны 10 пайыздан астамға көбейді. Елорда бюджетіне қызмет көрсету саласынан түскен салық 1,2 есе өсті. Қазақстанның астанасы бүкіл әлемнің назарын өзіне аударды», деген болатын Елбасы. Иә, көрме өткен 3 айда 33 мың әртіс Астанада өнер көрсетіп, 4,5 мың ерікті еңбек етті. Қонақтар 100 млн фотосурет түсірді, көрме аумағында табысқан 88 жұп отбасын құрап, жаңа өмір бастаған.
Табысты технологиялар таңдап алынды
Енді ЭКСПО-ның елге берген, беретін пайдаларын тарқатып көрсек. Қазақстан көрме павильондарына қойылған 105 шетелдік және 28 отандық технологияны іріктеп алған. Оның 27-сі мұнай мен газға, 7-еуі көмір өнеркәсібіне, 63-і электр энергетикасы мен энергияны үнемдеуге, 36-сы экология салаларына тиесілі екен. Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, қазіргі таңда әкімдіктер заманауи технологияларды енгізу мақсатында 40 жобаға қызығушылық танытқан. Оның төртеуін келесі жылы игілікке жаратып үлгермек. Ал ұлттық компаниялар таңдап алған 15 технологияның екеуі ендігі жылы қолға алынады. «Мұнай мен газ саласында Ресей, АҚШ, Қытай және Финляндиядан 7 технология анықталды. Оның ішінде облыс әкімдіктері 3 технологияны, компаниялар 4 технологияны таңдады», деді министр.
Электр энергетикасы бағытында 35 технология анықталса, әкімдіктер оның 26-сына көз тіккен. Ал «Қазатомөнеркәсіп», «ЕмбіМұнайГаз», «ҚазТрансОйл» және КЕГОК компаниялары 9 жобаны жүзеге асыруға ниетті. Көмір өндіру бағытында Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі мен «Самұрық-Энерго» компаниясы бір-бір технология таңдады. Экология бағытында әкімдіктер 10 жобаны енгізуді жоспарлауда.
Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, жаңа жобалардың артықшылықтары көп. Мәселен, германиялық бір технология электр энергиясын алысқа тасымалдағанда қуат көздерінің біраз бөлігін үнемдеуге мүмкіндік береді. «Қазақстанның энергетикалық жүйесіне ондай технология ауадай қажет. Себебі территориямыз кең. Бұдан бөлек неміс павильонында геотермалды технология таныстырылған болатын. Оның көмегімен жерасты сулары мен топырақтан энергия алуға болады. Зерттеулерге сәйкес, елімізде осы санаттағы энергия қоры баршылық», деген ол іріктелген жобалар ішіндегі беларусьтік «Турбосфера» жайында да баяндады. Оның арқасында мұнай-газ кендерінде газдың қысымын барынша азайтып, энергия өндіруге болады.
«Ағын суларды тазартуға арналған фин теxнологиясы негізінде суды тазартып қана қоймай, түбіндегі лайды тыңайтқыш ретінде қолдануға болады. Қазір ол жан-жақты зерделенуде. Финляндияның тағы бір технологиясын «Қазгидромет» сынақтан өткізуге кірісті. «Көгілдір көмір» атты поляк теxнологиясы қоршаған ортаға шығарылатын зиянды қалдықтарды 80 пайызға төмендетеді. Көмірдің қызуын да тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бізге мұндай жоба аса қажет», дейді М. Мырзағалиев.
Еуропа есігінен еркін енеміз
ЭКСПО-ның тағы бір пайдасы – Еуропа елдері Қазақстан азаматтары үшін визалық режімді жеңілдетпек. Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің директоры Ардақ Мәдиевтің мәліметінше, қазіргі таңда осы бағытта келіссөздер жүргізілуде. «Бұл – өте ауыр жұмыс. Осы орайда қол жеткізген жетістіктеріміз де жоқ емес. Биыл қыркүйек айында Брюссельде Еуропа одағының визалық саясат жөніндегі жұмыс тобы отырыс өткізген еді. Сол жерде топ мүшелері Қазақстан азаматтары үшін визалық талаптарды жеңілдетуді қолдады. Келіссөздер кезінде Еуропа комиссиясының ішкі істер және көші-қон директоратының басшысы Марта Сиган аталған шешімге Астанадағы ЭКСПО көрмесінің сәтті өтуі де оң әсерін тигізгенін жеткізді. Себебі көрмеге Еуропа елдері де қатысты», деді ол.
Содан бері Еуропа елдері визалық режімді жеңілдету бағытында тікелей келіссөздер бойынша мандат қалыптастыруға кірісті. Бірінші кезекте Қазақстан азаматтары үшін Шенген визасын алуға қажетті құжаттар саны қысқарып, өтініштерді кері қайтару көрсеткіші төмендемек. Консулдық алымның көлемін азайту мәселесі де қаралу үстінде.
P.S. Жақында «Астана-ЭКСПО-2017» туристік аймағы ашылып, елорда тұрғындары мен қонақтарына қызмет ете бастады. Онда «Нұр Әлем» павильоны, тақырыптық павильондар, үздік тәжірибе аймағы және АРТ-орталық келушілерге көрме жәдігерлерін таныстырады. Сонымен қатар еліміздің жаңажылдық бас шыршасы да, ең үлкен мұз айдыны да осы жерде. Яғни ЭКСПО-ның пайдасы әл-әзір түгесілмейді, жалғаса береді, жалғаса береді...
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»