Әдебиет • 28 Желтоқсан, 2017

Қаламгер рухына құрмет

642 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Белгілі жазушы Оспанәлі Иманалиевтің туғанына биыл 90 жыл толып отыр. Осы орайда қаламгердің өзі туып-өскен Талас ауданының Ақкөл ауылында мерейтойлық шара өтті. Ақкөл ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары ақын өлеңдерін жатқа оқып, кеш көрігін қыздырды.

Қаламгер рухына құрмет

Жалпы, Оспанәлі Иманалиев әдебиеттің поэзия, проза және сатира жанрында еңбек еткен қаламгер. Оның «Байқадам», «Ылғалсыз көктем», «Ақ қайың жарды бүршігін» және тағы да басқа кітаптары кезінде оқырман қауымнан лайықты бағасын алған. Еске алу кешінде қаламгердің көзін көрген замандастары ол туралы естеліктер айтып, рухына тағзым етті. Содан кейін ақынның сөзіне жазылған Ескендір Хасанғалиевтің «Анаға сәлем» әнін қосыла шырқаған көпшілік перзентіне деген сағынышын жеткізді. 

Жазушының мерейтойына орай «Оспанәлі Иманалиев» атты кітап жарық көрген болатын. Ақкөл ауылынан бастау алған мәдени шара Тараз қаласындағы Жамбыл атындағы «Руханият» орталығында жалғасты. Аталған кітаптың тұсаукесер рәсімі өтіп, жазушының жары Раушан апай мен жазушы-драматург Елен Әлімжан кітаптың тұсауын кесті. Сонымен қатар кезінде Талас ауданында басшылық қызметтер атқарып, жазушымен жақсы қарым-қатынаста болған Балтабай Бекежанов, Есенаман Бейсеуов, Қаржаубай Кемелов және басқа да азаматтар естеліктер айтса, жазушының қарындасы Аманкүл Дәулетәліқызы мен інісі Жексен Құрманәліұлы қаламгер рухына тағзым еткен көпшілікке алғысын білдірді.

Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы