Аймақтар • 28 Желтоқсан, 2017

Қостанайда «Шырша» жедел-профилактикалық акциясы жүріп жатыр

628 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жаңа жыл мерекесі жақсы-ау, бірақ жыл сайын оның табиғатқа әкелер зияны да жоқ емес. Желтоқсан айының басынан бастап, облыстағы ағашты-орманды алқаптардан шырша ағаштарының заңсыз кесілгендігі анықталып отыр. Сондықтан мереке жақындаған сайын табиғат қорғау полицейлері үшін қызу науқан басталды. Осыған орай облыста  полицейлерден, учаскелік инспекторлардан, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемін қорғау басқармасының, Қостанай қалалық  табиғат ресурсын реттеу басқармасы  қызметкерлерінен жедел топтар құрылды. Рейдтер желтоқсан айының  10-нан  үздіксіз жүргізіліп келеді.

Қостанайда «Шырша» жедел-профилактикалық акциясы жүріп жатыр

Рейд барысында облыс өңіріндегі қылқан жапырақты ормандарды, орман шаруашылықтарын аралау, жолдардағы  өткен әр автокөлікті, ағаш тиелген көліктерді тіркеу жұмыстары жүргізілуде. Рейд барысында Әулиекөл поселкесінің жанынан екі түп қарағайдың кесілгені белгілі болды, оның ісі сотқа жіберілді.

Ағашты заңсыз кескендер ұсталса 200 айлық көрсеткішке дейін айыппұл төлейді немесе 60 тәулікке қамалады. Егер кесілген ағаш орман қорына жататын болса, онда айыппұл 300 айлық көрсеткішке көбейіп, қамақ  75 күнге созылады.  

Мұнымен қоса Қостанай қаласы мен басқа да елді мекендерде сатылып жатқан  шаршалар мұқият тексерілуде.  Қазір облыста 41 орында шырша сатылады. Олар негізінен Ресейден, оның Челябі, Қорған облыстарынан және Башқұртстан республикасынан  тасылады. Рейд 31 күні, жаңа жылды қарсы алғанға дейін тоқтамайды.

Нәзира Жәрімбет

«Егемен қазақстан»

Қостанай