Қазақстан • 28 Желтоқсан, 2017

Тәртіп сақшылары сақтық шаралары жөнінде ескертеді

270 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жаңа жыл қарсаңы мен мереке күндері азаматтар қоғамдық орындарда өздерінің жеке заттарының ұрланғандығы жөніндегі арызбен полицияға жиірек жүгінеді деп хабарлайды, елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Тәртіп сақшылары сақтық шаралары жөнінде ескертеді

Астана қаласы ІІД мәлімдегендей, жаңажылдық мереке кезінде тұрғындар бар назарын жақындарына сыйлық таңдауға және мерекелік дастархан әзірлеу үшін азық-түлік алуға аударғандықтан, қалта ұрыларының қармағына оңай ілініп жатады. 

«Көбіне қалта ұрлығы адамдар көп жүретін жерлерде, сауда үйлерінде, базарларда, қоғамдық көліктерде жасалады. Сол себепті, елордалық полиция қала тұрғындары мен қонақтарына жаңажылдық мереке қарсаңында қарапайым сақтық шаралары нормаларын сақтауды және өте қырағы болуды, жеке заттарын қараусыз қалдырмауды, ақшалары мен құжаттарын ішкі қалталарға сақтауын ескертеді», - делінген таратылған хабарламада.

Қазіргі таңда, тәртіп сақшылары «Ұрлық» бабы бойынша жасалған бірнеше қылмысқа қатысты тұлғаларды анықтау шараларын жүргізіп жатыр.

«Мәселен, 26 желтоқсанда «Магнум» сауда үйінде белгісіз біреу әйел азаматшаның қалтасынан ішінде құжаттары мен ақшасы бар әмиянын жымқырып кеткен. Келтірілген шығын көлемі 150 мың теңгені құрайды.

Сонымен қатар, белгісіз тұлға «Гүлжан» сауда үйінде қала тұрғынының тонының қалтасынан құны 180 мың теңге тұратын «iPhone» маркалы ұялы телефонын қолды қылған», - деп мәлімдеді ведомствода.

 Аталған фактілер бойынша «ұрлық» бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Жедел қызметкерлер аталған құқық бұзушылықты жасаған адамды анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын өткізіп жатыр.