«Сіздер үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты арқасында барлық жағдай жасалып отыр. Жылы үй, тамақ, киім бар,барлық кабинеттер жабдықталған, білім алып жатырсыңдар. Мен өткен жылы да келген едім, сол дәстүрмен өздеріңізді Жаңа жылмен құттықтайтын деп тағы да келдім. Бұл жолы құр қол емес, музыкамен шұғылдансын, сабақ оқысын деп музыкалық аппарат, 10 компьютер әкелдім. 500 мың теңге демеушілігіміз тағы бар» деді Архимед Бегежанұлы.
Рудный балалар үйінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 176 бала тәрбиеленеді. Олардың 174 –і баспана кезегінде тұр.
Облыс әкімі осы сапарында кеншілер қаласындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, ерекше білім беруді қажетсінетін балалардың №1 мектеп-интернатында да болды. Мұнда 116 бала оқып жатыр. Архимед Мұхамбетов оларға спорт құралдарын, көркем әдебиет және 12 ноутбук алу үшін 5 миллион теңгенің сертификатын тапсырды және демеушілік көмек үшін тағы да 500 мың теңгенің сертификатын қосы берді.
Нәзира Жәрімбет
«Егемен Қазақстан»
Рудный