Аймақтар • 28 Желтоқсан, 2017

Асылы Осман: «Жер бетінде қазақтай дархан халық жоқ»

1277 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыстық «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында белгілі қоғам қайраткері, ғалым, мемлекеттік тілдің жанашыры, «Достық» және «Парасат» ордендерінің иегері Асылы Османның кездесу кеші өтті деп хабарлайды «Egemen.kz» тілшісі.

Асылы Осман: «Жер бетінде қазақтай дархан халық жоқ»

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы ұлттық біргейлікті сақтау, ұлттық қод, барша қазақстандықтарды біріктіруші мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жайы кеңінен сөз болған рухани кешке зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдар және облыстық этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, оқу орындарының оқытушылары мен студенттер қатысты.

«Әлемде қазақ халқындай жүрегі кең, көңілі дархан ұлт жоқ деп санаймын. Қиын-қыстау кезеңде барша этностарды құшағына алып, бауырына басты. Өз басындағы қиындығына қарамай бір нанын бөліп берді. Ендеше, Қазақтың нанын жеген адам, тілін де білуі тиіс!

Дәл қазіргі таңда біз қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүрудеміз. Тұрақтылық дегеніміз сол. Болашағымызды баянды ету үшін Елбасымыздың жүйелі саясатын ту етіп, берекелі бірлігімізді бекемдеп, қазақ халқының айналасына топтаса түсуіміз тиіс, - деді кездесуде Асылы Әлиқызы.

Кеш соңында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов қадірлі қонаққа алғыс білдіріп, гүл шоғын тарту етті.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан».

Оңтүстік Қазақстан облысы.