12 Қараша, 2011

Ортақ мәселелер айтылды

243 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Экономикалық ын­ты­мақ­тастық ұйымының Бас хатшысы Мұхаммед Маруфимен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан сырт­қы саясат ведомствосының басшысы Қазақстан ЭЫҰ-ға мүше болған кезден бастап, әртүрлі форматтағы ынты­мақ­тастық үдерістерінде өзін белсенді та­нытып, ұйымға мүше елдердің «ЭЫҰ-ның 2015 жылға дейінгі келешегі» атты бағдарламалық құжатты жүзеге асы­руға бағытталған бастамаларын тұтас­тай қолдап келеді деп атап өтті. Баршаға мәлім, 2005 жылы Астанада қабылданған құжатта әртүрлі 12 санатқа жататын, сонымен қоса сауда-саттық, көлік, энергия, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығындағы ынтымақтас­тық мәселелері белгіленген болатын. Е.Қазыханов Орталық Азияны гидроресурстармен қамтамасыз етудің өзек­ті мәселелеріне тоқтала келе, ЭЫҰ елдерінде су ресурстарын басқару жө­нін­де орталық құруға біздің еліміздің қолдауын білдірді. Сонымен қатар, «жа­сыл экономикаға» және жаңа тех­нологияға инвестициялар жаңа эко­но­миканың негізін құрайды. Атап айт­қан­да, Қазақстанның Сыртқы істер министрі ЭЫҰ басшысын күзде Астанада өтетін «Еуропа үшін қоршаған орта» атты 7-ші министрлер конферен­ция­сында ұсынылатын 2011-2020 жж. ар­нал­ған «Жасыл көпір» өңіраралық бағ­дарламасын жүзеге асыру ісіне ұйым­ның үлесін қосуға шақырды. Ұйымға кіретін барлық 10 мемлекет қазіргі таңда Сыртқы істер министр­лерінің кеңесінде Қазақстан төрағалық етіп отырған Ислам ынтымақтастық ұйы­мының мүшелері, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.