Футбол • 28 Желтоқсан, 2017

Егде тартқан Панама, ұзынтұра Сербия, қандастарын жиған Морокко

471 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Футболдан Әлем чемпионаты Қазақстанға мұнша жақын жерде әлі өтпеген еді. Мысалға мундиальдың ойындары өтетін Екатеринбург қаласы мен Қостанайдың арасы небәрі 540 шақырым ғана. Бұл Алматы мен Тараздың аралығымен бірдей. Әлем чемпионаты жайлы егжей-тегжейлі жазатын «Егемен Қазақстан» газеті бүгін сіздерге командалардың жас мөлшеріне, бойына байланысты мәліметтерін ұсынады.

Егде тартқан Панама, ұзынтұра Сербия, қандастарын жиған Морокко

Негізінен мұндай есеп-қисаппен CIES Football Observatory деген зерттеу компаниясы айналысады. Олардың мәліметі бойынша 2018 жылғы біріншіліктегі жасы үлкен команда – Панама. Соңғы 32-ші жолдаманы аяқ асты жеңіп кеткен Панама ойыншыларының орташа жасы - 29,4. Тарихында тұңғыш рет ғаламдық додаға қатысқалы отырған бұл ұжым тәжірибиесі толысқан футболшыларға сенім артады екен.

Ал одан кейінгі орындарда Исландия (29,0) және Коста-Рика (29,0). Ең жас құрама санатына Нигерия (24,9), Германия (25,7) және Англия (25,9) жатады. Жер шарының чемпионын анықтауға келген барлық 32 команданың орташа жасы болса 27,4-ті құрайды.

Енді осы жас мәселесін құрлықтарға бөліп қарайтын болсақ, онда мынандай тізбек шығады: КОНКАКАФ - 28,6, Оңтүстік Америка - 27,8, Азия - 27,2, Еуропа - 27,2, Африка - 26,5.

Жас мәселесін анықтап болсақ, онда кезекті футболшылардың бойына берсек. 2018 жылдың біріншілігіндегі ең ұзын құрама команда ол – Сербия. Балқан түбегінің аяқдопшыларының орташа бойы 185,6 сантиметрді құрайды. Олардың қатарында кезінде «Астана» сапында ойнаған Неманья Максимовичте болып қалуы әбден ықтимал. Сербия ұлттық құрамасының бас бапкері Славолюб Муслин «Валенсия» сапында аракідік алмасып алаңға шығып жүрген жас ойыншыны қосалқы құрамға алуы мүмкін. Сербиядан сәл ғана қалып тұрған құрамалардың үштігін түгелімен скандинавтар басып алды. Мысалы - Швеция (185,2), Исландия (185,0) және Дания (185,0). Ал Әлем біріншілігін қабылдайтын Ресей бұл тұрғыда 6 орында (184,9). Ең ұзын құраманы анықтадық, ал ең қысқалары қайсы дейсіз ғой? Ол - Оңтүстік Америка өкілі Перу (178,3), одан кейін Жапония (178,1) және Сауд Арабиясы (176,2).

Футболшылары тегіс өзге елде ойнайтын Хорватия құрамасы

Ал енді мына қызыққа қараңыз. Африка құрлығынан шыққан Морокко құрамасының футболшыларының 61,5 пайызы Мороккода туылмаған азаматтар. Бұл жөнінен Мороккоға тең келер ешкім жоқ. Тек Сенегалдың ғана 40 пайызы өзге елде туып-өскендер. Сонымен қатар, айтса сенгісіз, дегенмен Португалия футболшыларының 32,1 пайызы Пиреней түбегінде туылмаған азаматтар. Жарыс қожайыны Ресей бұл есепте 5 пайыздық көрсеткішпен 12 орында. Одан бөлек Бразилия, Сауд Арабиясы, Иран, Германия, Колумбия, Мексика және Оңтүстік Корея құрамаларында да аракідік осындай ойыншылар бар.

Сөз соңында кейбір құрамалардың ойыншыларының өнер көрсететін біріншіліктеріне тоқталып өтсек. Мысалы Хорватия, Швеция, Исландия құрамаларының 23 футболшысы түгелімен өзге біріншіліктерде ойнайтын аяқдопшылар. Яғни, өзге чемпионаттарда ойнап нәпақа тауып жүрген легионерлер. Олардан кейін, Сенегал (97 пайыз), Сербия (92,3 пайыз). Ал бұл жағынан 0 пайыз көрсеткіш тіркеп отырған екі команда бар. Олар – Сауд Арабиясы мен Англия. Сауд Арабияда өздеріңіз білетіндей футболшыларға өзге елде өнер көрсетуге тыйым салынған. Батыстың азғындаған өмірін көріп, адам бұзылады деп санайды. Ал Англияның жағдайын түсіндірмесе де, өздеріңіз біліп тұрсыздар. Әлемдегі ең мықты футбол лигасы Англияда екені қатты дау тудыра қоймас.

Ермұхамед МӘУЛЕН