Палата Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялады.
2017 жылғы 18 сәуірде Астанада қол қойылған Шартта халықаралық ұйымдар аясында ынтымақтастық пен қарым-қатынастардың кеңеюі, өзара мүдделілік туғызатын мәселелер бойынша өз ұстанымдарын келісу үшін кеңесулер жүргізу көзделіп отыр.
Шарттың ережелеріне сәйкес тараптар халықаралық терроризмге және діни экстремизмге, сондай-ақ жаңа қауіптер мен қауіпсіздік сын-қатерлерінің өзге де көріністеріне қарсы күресте ынтымақтастықты кеңейтеді және тереңдетеді. Энергетика жүйелерін басқару, су ресурстары, теміржол көлігі, машина жасау, информатика және байланыс салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөледі; Арал теңізінің экологиялық жүйесін қалпына келтіру ісінде күш-жігерді біріктіреді және үйлестіреді, осы саладағы халықаралық және өңірлік бағдарламаларды әзірлеу мен іске асыруда өзара әрекет етеді; екі мемлекеттің транзиттік-көліктік әлеуетін дамытуға, халықаралық транзиттік телекоммуникациялық маршруттарды жасауға және дамытуға жәрдемдеседі.
Шартты ратификациялау саясат, экономика, мәдениет, ұлттық қауіпсіздік, сауда, қоршаған орта, транзиттік көлік, білім беру және спорт салаларындағы екі мемлекеттің арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.
Сенаторлар Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы Қазақстан-Түрікмен мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы келісімді ратификациялады.
Келісімге сәйкес Қазақстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесі мемлекеттік шекараның бастапқы нүктесі болып табылады. Шегенделген мемлекеттік шекара сызығының соңғы нүктесі – Каспий теңізі жағалауында орналасқан №162 шекаралық нүкте болып табылады.
Мемлекеттік шекара сызығы мен бүкіл шекаралық белгілердің орналасқан жері Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Мемлекеттік шекара картасының 41 парағына түсірілген, ол Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.
Осы Келісімді ратификациялау мемлекеттік аумақты және ұлттық егемендіктің кеңістік шектерін белгілеуге, Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын халықаралық-құқықтық ресімдеу процесін аяқтауға және Түрікменстанмен аумақтық даулардың туындауының ықтимал алғышарттарын жоюға мүмкіндік береді.
Палата Қазақстан мен Ирландия арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы үкіметаралық конвенцияны және оған Хаттаманы ратификациялады.
Конвенция екіжақты халықаралық шарт болып табылады және қосарланған салық салуды жою мақсатында жасалды. Конвенцияға қатысушы мемлекеттердің әрқайсысы салық төлеушіге бір рет – уағдаласушы мемлекеттің бірінде ғана салық төлеу мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Екінші мемлекет төленген салық сомасына есепке жатқызуды береді немесе салық салынатын жиынтық табыстан екінші мемлекетте табыстың салық салынған бөлігін алып тастайды.
Конвенцияда табыс пайда болатын мемлекетте дивидендтерге, пайыздарға және роялтиге төмендетілген мөлшерлемелер бойынша салық салынуы мүмкін ережелер де бар.
Отырыста «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заңға түзетулер қабылданды.
Бұл заңда мемлекеттік аудит жүйесін одан әрі реформалау қажеттігі ескеріліп, заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Атап айтқанда, аудитке халықаралық стандарттарды енгізу және тиісті қызмет салаларының кадрлар құрамын жақсарту үшін «мемлекеттік аудитордың ассистенті (көмекшісі)» ұғымы енгізіледі.
Түзетулер бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен мемлекеттік мекемелердің қаржылық есептілігінің жыл сайынғы аудитін тәуекелдерді басқару жүйесінің негізінде өткізуді; сондай-ақ мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның ішкі мемлекеттік аудитті өткізу қағидаларын бекітуді көздейді.
Заңда электрондық мемлекеттік аудитті жүзеге асырудың тәртібі мен ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның әрекетіне шағым жасау кезінде туындайтын дауларды аппеляциялық түрде реттеу тәртібі бекітілген. Құжатқа сәйкес, ішкі аудит қызметтері бюджет процесінің тиімділігіне аудит жүргізеді. Мемлекеттік аудиторларды сертификаттау жөніндегі Ұлттық комиссиядағы өкілдердің саны айқындалады. Одан басқа, мемлекеттік аудиторлардың этикалық ережелер мен кәсіби стандарттарды сақтамағаны үшін жауапкершілігі күшейтілді, Ұлттық комиссияға мемлекеттік аудитор сертификатын кері қайтарып алу құқығы беріледі, мемлекеттік аудиторларға жазалау шарасы ретінде ескерту жасау қолданылады.
Сенаторлар «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» заңды қабылдады.
Заңда бағалау қызметімен кәсіби түрде айналысатын адамдардың бағалаушылар палаталарында міндетті түрде мүше болуы көзделіп отыр. Саны кемінде үш жүз мүшені құрайтын бағалаушылар палаталарында өз мүшелерінің бағалау қызметінің сапасы бақыланады, бағалаушылардың құқықтары мен заңды мүдделері қорғалатын болады.
Заңда бағалаушылар палаталары «бағалаушы», «сарапшы» біліктілігін беру туралы куәліктер, бағалаушылар мен сарапшылардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау курстарынан өткені туралы сертификаттар берілетіні туралы ережелер бар. Одан басқа, бағалау қызметінің стандарттары белгіленетін болады.
Отырыста заңнамаға бағалау қызметі мәселелері бойынша түзетулер екі оқылымда қаралып, қабылданды. Түзетулер Азаматтық, Еңбек, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстерге, сондай-ақ «Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы», «Сақтандыру қызметі туралы», «Акционерлік қоғамдар туралы», «Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы», «Туроператордың және турагенттің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы», «Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру туралы» және «Мемлекеттік мүлік туралы» заңдарға енгізілетін болды.
Еліміздің бағалау қызметі туралы заңнамасын бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске әкімшілік жауапкершілікке тарту және әкімшілік құқық бұзушылықтары туралы істерді Қаржы министрлігі органдарының қарауын көздейтін өзгерістер енгізіледі.
Құжатта қызметкердің «бағалаушы» біліктілігі туралы куәлігінің күші жойылған жағдайда жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзуға негіз болатыны туралы да ереже бар.
Отырыста «Жәбірленушілерге зиянды өтеу қоры туралы» заң да қабылданды.
Бұл құжат қылмыстық құқық бұзушылықтардан зардап шеккен жәбірленушілерге өтемақы төлеу жөніндегі құқықтық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерді реттейді.
Заңда жәбірленушілер құқықтарын қорғау тетіктерін қалыптастыру, оларға және олардың заңды өкілдеріне қаржы көмегін беру үшін, сондай-ақ Жәбірленушілерге зиянды өтеу қорында құқықтық, ұйымдастыру, қаржылық, әкімшілік-бөлу ресурстарын жинақтау арқылы қаржыландыру және қаржы төлеу тәртібін жүйелеу туралы ережелер бар.
Құжат қылмыстық құқық бұзушылықтардың жекелеген санаттары бойынша зардап шеккен азаматтарға жерлеу, емдеу, айықтыру және басқа да шаралардың шығындарына байланысты материалдық ауыртпалықтарды азайтуға бағытталған. Одан басқа, мемлекеттің араласуы арқылы шығынның орнын толтыру институтының тиімділігі арта түседі және қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасаған адамдарға қарсы мемлекеттің кері талап қоюы ынталандырылады.
Екі оқылымда қаралған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Жәбірленушілерге зиянды өтеу қоры қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заңмен Бюджет, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару кодекстеріне, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға түзетулер енгізілді.
Отырыс барысында сенатор Дархан Кәлетаевтың ұлттық спорт түрлерін мемлекеттік қолдау шараларына қатысты депутаттық сауалы жария етілді.
2017 жылды қорытындылай келіп, Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Үстіміздегі жыл мемлекет дамуының жаңа сатысына көшуіне байланысты жүзеге асырылған жұмыстардың көлемі мен қарқыны жағынан ерекше жыл болды», - деп атап өтті.
Сенат Төрағасы Конституцияға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде Президент өкілеттіктерінің бірқатары биліктің атқарушы және заң шығарушы тармақтарына берілгенін атап өтті. «Бүгінде еліміздің экономикалық және технологиялық жаңғыруының негізіне айналған Елбасының рухани жаңғыру тұжырымдамасын іске асыру бойынша нақты қадамдар жасалуда», - деді Қ.Тоқаев.
Сенат басшысы биыл Астанада өткен бірқатар маңызды шараларға назар аударды. Елордада өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі, Шанхай ынтымақтастық ұйымының тарихи саммиті және Сирия дағдарысын реттеуге арналған Астана келіссөздері Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жаһандық саясаттағы белсенді рөлі мен халықаралық беделін айғақтай түскенін атап өтті.
Жоғарғы Палатаның Төрағасы Елбасы белгілеген стратегиялық міндеттерді заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етудегі Сенат қызметіне жоғары баға берді. «Сенат Үкіметпен өзара тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, еліміз үшін өте маңызды болып табылатын тоқсаннан астам заң жобаларын мұқият талқылап, қабылдады», - деді Қ.Тоқаев. Қабылданған заңдар негізінен Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға бағытталды.
Палата басшысы сондай-ақ Сенатта заң жобаларын талқылау барысындағы қызу пікірталастардың нәтижесінде, заң жобаларын біршама жақсартатын салмақты түзетулер енгізілгенін де атап өтті. Конституциялық реформалар нәтижесінде күшейтілген парламенттік бақылау пәрменін пайдалана отырып, Сенатта қоғамды толғандырып жүрген өзекті тақырыптарға арналған бірнеше парламенттік тыңдаулар өткізілді. Өткір мәселелер кеңінен талқыланған жиын барысында осы бағыттардағы жұмысты жандандыру бойынша тиісті мемлекеттік органдарға нақты нұсқаулар беріліп, олардың орындалуы бақылауға алынды.
Қ.Тоқаевтың айтуынша, жаңа 2018 жыл да еліміздің қоғамдық-саяси және рухани өмірі үшін ерекше жыл болады. «Санаулы күндерден кейін Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ететін болады. Барша қазақстандықтар елордамыз Астананың 20 жылдығын қарсы алуға қызу дайындалуда», - деді ол. Осыған байланысты Парламент жоғары Палатасының басшысы депутаттарды заң жобалары бойынша белсенді жұмыстарды жоғары жауапкершілікпен жалғастыра беруге шақырды.