Ауқымы кеңейген ұйым
Астанаға 2017 жылдың 8-9 маусым күндері Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер басшылары жиналды. Әлем назарын аударған сол саммит барысында Үндістан мен Пәкістан ұйымға толыққанды мүше болып қабылданды.
ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылу күнімен орайластырыла өткізілген жиынға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық етті. Алқалы жиынға ҚХР, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан президенттері, ШЫҰ байқаушы мемлекеттері: Ауғанстан, Моңғолия, Беларусь елдерінің басшылары және Иран сыртқы істер министрінің орынбасары, сондай-ақ Үндістан мен Пәкістанның премьер-министрлері, БҰҰ, ШЫҰ бас хатшылары, АӨСШК атқарушы директоры және басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Елбасы сол жиында ШЫҰ-ның халықаралық тұрғыдан мойындалып, көп салалы өзара іс-қимылдың тиімді құрылымына айналғанын атап өтті.
– Аймақтық қауіпсіздікті нығайту, елдеріміз арасындағы экономикалық өзара іс-қимылды ілгерілету және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту жолында ауқымды жұмыс атқарылды. Шарттық-құқықтық база қалыптасты. Ұйымның берік институттық негізі жасалып, аймақтық және жаһандық ықпалы артып келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Саммитте ҚХР төрағасы Си Цзиньпин ШЫҰ жұмысын жоғары қарқынмен жан-жақты дамытудағы Қазақстанның сіңірген еңбегін жоғары бағалай келіп, Қытай ұйым аясындағы барлық әріптестерімен тығыз қарым-қатынас орнатуға дайын екенін жеткізді.
Ресей президенті Владимир Путин жиында ШЫҰ-ға Үндістан мен Пәкістанның мүше болуы маңызды оқиға екенін, бұл қадам ұйымның экономикалық және гуманитарлық салалардағы қуаты мен ықпалының арта түсуіне мүмкіндік беретінін сөз етті. Сондай-ақ В.Путин Сирия дағдарысын реттеуге қатысты Астана процесіне жоғары баға берді.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, терроризм мен экстремизм сияқты қатерлермен күресу бағытында ШЫҰ көптеген жұмыстар атқарып отырғанын жеткізді.
Қорыта айтқанда, 2017 жылы Астанада өткен ШЫҰ-ның бұл саммиті әлемдік қоғамдастық шежіресіне өзіндік ерекше мазмұнымен жазылып қалды.
Ислам әлемін ұйыстыра түскен елеулі оқиға
Елордада 2017 жылдың 10-11 қазанында Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммиті өтті. Әлем назарын өзіне аударған, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өткен саммитке 15 мемлекеттің басшылары мен үкімет басшылары, 37 елдің делегациясы, 30 халықаралық ұйымның басшылары мен өкілдері қатысты.
Жиынның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Ислам мен Батыс өркениеттері арасындағы достық диалогқа дәнекер болып отырғанын айта келіп, қазіргі таңда мұсылман үмбеті бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлерге тоқталды.
– Біріншіден, экстремистік және террорлық ұйымдар кеңінен етек алуда. Олардың лаңкестік әрекеттерінің нәтижесінде, бірінші кезекте мұсылман әлемі елдерінің азаматтары зардап шегіп отыр. Екіншіден, исламофобиялық пікір қоғам ішінде кең таралуда. Батыс елдерінде мұсылмандарға қарсы қылмыстық әрекеттер жыл сайын көбейіп барады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ Қазақстан Президенті 1,5 миллиардтан астам адамды біріктіретін ислам әлемі бүгінде ауызбірлік таныта алмай отырғанын, мұсылмандар арасындағы бытыраңқылық пен конфессияға бөлінуді сыртқы күштер өз мүддесіне сәтті пайдаланып жүргенін сөз етті.
Жиын барысында саммиттің қорытынды құжаты – Астана декларациясы қабылданды. ХХІ ғасырдағы қоғам өмірінде ғылымның ықпалының артуы барша адамзат үшін маңызды екенін атап көрсеткен Елбасы Астана декларациясының қабылдануы сол бірлігіміздің дәлелі болуға тиіс екенін жеткізді. Отырыс түйінделер тұста Нұрсұлтан Назарбаев Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Бас хатшысымен бірге ислам елдерінің көрнекті ғалымдарын Ғылым мен технологияларды дамытуға қосқан үлесі үшін берілетін арнаулы сыйлықпен марапаттады.
Әлем мойындаған бастама
Елімізде 2017 жылы Сирия дағдарысын реттеуге байланысты Астана процесі аясында мүдделі тараптардың қатысуымен өткен келіссөздердің 8 раунды өз деңгейінде ұйымдастырылды. Жылдың айтулы оқиғаларының бірі ретінде аталған бұл шаралар өзінің оң нәтижесін беріп, халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаға ие болды. Осынау саяси мәні зор келіссөздердің өтуі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы негізінде жүзеге асты.
Астана процесіне кепілгер мемлекеттер: Ресей, Иран, Түркия елдерінің, Сирия үкіметі мен қарулы оппозиция өкілдерінің, БҰҰ, АҚШ делегацияларының белсене қатысуы бұл шараның беделін арттырды. Сондай-ақ Сирия жанжалына қатысты өзекті мәселелерді шешу мақсатындағы келіссөздерді жүргізу үшін халықаралық қоғамдастықтың Астана алаңын таңдауы әлем елдерінің елімізге деген құрметі мен сенімінің жоғары екенін анық аңғартты.
Қорыта айтқанда, Астана процесінің нәтижесінде Сириядағы ахуал біршама тұрақталды. Сондықтан да біз 2017 жылы өткен Астана процесі шеңберіндегі келіссөздердің барлығын бейтарап Қазақстанның халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті нығайтудағы маңызды рөлін көрсеткен ірі саяси оқиға деп сеніммен айта аламыз.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»