Шавкат ИСМАИЛОВ,
«Қырғызстан – Астана» қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:
– Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековтің Астанадағы кездесуінде қырғыз-қазақ қарым-қатынастарының қазіргі кездегі көкейкесті мәселелері болған шекара және еңбек мигранттары бойынша мақұлдасылған құжаттарға қол қойылуын Қазақстандағы этностық қырғыздар шоң қуанышпен қабыл алды.
Біздегі мәлімет бойынша, осы күндері ұлты қырғыз 370 мың жерлесіміз Қазақстанның азаматтығын алып, көпұлтты Қазақстанның қарашаңырағының бір қанатына айналды. Еңбек мигранттарынан – 1700-ге жақын қырғыз азаматы республикада уақытша тұруға ықтиярхат арқылы тіркелген және 30-50 мыңдай қырғыз азаматы келіп-кетіп жұмыс істеп жатыр, барлығы жиылып 100 мыңның әр жақ-бер жағын құрайды.
Еуразиялық экономикалық одақ аясында жүргізіліп жатқан іс-шаралар өлкелеріміздің әр тарапты дамуына серпін беретінінде күмәніміз жоқ. Ал енді Астанадағы 25 желтоқсанда болған алқалы басқосу бауырлас қырғыз-қазақ халқының достық қарым-қатынастарын нығайтуға жаңа дем берді.
Жолбарыс ЖОРАБЕКОВ,
Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің профессоры, саясаттану ғылымдарының докторы:
– Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің кемеңгер Елбасы екендігін іс жүзінде дәлелдеді. Қазақстан ширек ғасырда әлемдегі экономикасы дамыған алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қосылды. Оның көтерген идеялары әрқашанда орындалып отыр. Астана қаласын салу бастамасы нәтижесін берді. ТМД елдерінің серіктестігін және Еуразиялық экономикалық одақты құру ұсыныстары тиімді жүзеге асырылды. Енді Қырғызстан және Өзбекстан республикалары мен мәмілелер оңдалып, Нұрсұлтан Назарбаев айтып жүрген Орталық Азия одағын құру мәселесі де шешімін күтіп тұрған сияқты.
Нұрсұлтан Назарбаевтың ой-өресінің, экономикалық білімінің биіктігіне тәнті болып жүрген адамдардың бірімін. Бұл туралы қырғыз баспасөзінде де талай жазғанмын, қазір де жазып, электронды ақпарат құралдарынан айтып жүрмін.
Қазақстанды өркендетуде бірінші кезекте экономиканы алға қойған Қазақстан басшысы биыл рухани сананы жетілдіруге бет бұрды. Н.Назарбаевтың биылғы көктемде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында осы бағытқа көңіл бұрылыпты.
Таяуда, яғни 22 желтоқсанда Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесуінде журналистердің әртүрлі сұрақтарына нақ, байыпты және сындарлы жауап бергеніне сүйсінбеу мүмкін емес. Нұрсұлтан Назарбаев экономика, әлеумет, мәдениет, білім беру, руханият, денсаулық сақтау, қысқасы, елді толғандырған барлық саладағы мәселелерді шешуде көрегендік танытып отырғанын айқын байқадым. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгерлігі арқасында қырғыз-қазақ мәмілесінің бұдан әрі берік болуына даңғыл жол ашылып отыр.
Ерғали ӘБДІҚАЙЫМОВ,
Қырғызстан қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары,
заң ғылымдарының кандидаты:
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында Қырғызстан Президенті болып сайланған Сооронбай Жээнбековпен жылы рәуіште сұхбаттасып, ағалық ілтипатын көрсеткені мені қатты толғандырды. Қазақ-қырғыз қарым-қатынасының жоғары деңгейге көтерілгені Қырғызстанда тұрып жатқан қазақтар үшін әбден мәнді екені кімге болса да түсінікті. Қазақ және қырғыз елдері ескі замандарда, негізінен, өз ру-руымен, өз ата-бабаларына тиесілі жерлерінде қоныстанған. Қазақтардың Қырғызстанға келу үдерісі 1916 жылғы ұлт-азаттық күресі кезінде басталған. Екінші буыны 1930-жылдардан бастап келді. Үшінші буыны кеңес жылдарында ортақ Одақтың аясында жұмыс, оқу бабымен келгендер.
Мен Отаныма жиі-жиі ат басын бұрып тұрамын. Екі елдегі де жағдаяттарды жақсы білемін. Қазақ пен қырғызда «Есігін көріп, төріне өт!» дейді. Қазақ-қырғыз шекарасындағы түйткілді мәселелерді шешудің бағытын дүниежүзі қазақтарының көшбасшысы – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы көрсетіп берді. Мемлекет басшылары жасаған уағдаластықтар екі елдің ынтымақтастығын арттырып, игіліктерге жол ашатынына кәміл сенімдімін.
Жазып алған
Назарбек САТТАР,
арнайы «Егемен Қазақстан» үшін
БІШКЕК