Қазақстан • 29 Желтоқсан, 2017

Нәубат Қалиев: Еліміз үшін жемісті жыл

373 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Қазақстанға табысты жыл болды. Елімізде бірқатар өзгерістер орын алып, әлемдік деңгейдегі шаралар өткіздік. Саяси жүйені жетілдіру, билік тармақтарының функцияларын ұштау мақсатында елеулі жұмыс істелді. Солардың ең бастысы – Ата Заңға енгізілген өзгерістер. 

Нәубат Қалиев: Еліміз үшін жемісті жыл

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен атқарушы және заң шығарушы тармақтарына қосымша құзыреттер берілді. Мұның бәрі билік тармақтары арасындағы дербестік пен тепе-теңдікті сақтау үшін жасалды. Бұл – өткен жылдың саяси саладағы маңызды бір жемісі. 

Елбасының экономикалық, саяси реформалармен қатар, рухани саладағы мәселелерге назар аударуы да маңызды оқиғаның бірі. Президент Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қоғамдық сананың жаңғыруы жөнінде айтылған ойлары, саяси саладағы өзгерістері туралы пікірі ерекше. Соның нәтижесінде рухани салада, қоғамдық өмір мен ғылымда үлкен бетбұрыс пайда болды. Қоғамтану ғылымдарын жаңаша оқыту, оларға қажетті жаңа оқулықтар шы­ғару, осы саладағы пән­дерді ретке келтіріп, оларды болашақ мамандар дайын­дауға пайдалану − бізге берілген мүмкіндік. 

2017 жылы Қазақстан эко­номикалық қуатын көрсетіп, әлемдік өркениеттің жолына шыққанын паш ететін бірқатар халықаралық шаралар өткізді. Солардың бірегейі – ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі. Жас мемлекет өзінің зор әлеуетін әлемге дәлелдеді. ЭКСПО-2017 ғасырдан ғасырға созылатын, ел тарихында өзіндік орны бар ерекше оқиға. Бұдан бөлек, Қазақстанда Сирия бойынша Астана келіссөздері, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының және Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиттері өтті. 

Табысты, жемісті болған биылғы жылды қорытындылай келе, Ахмет Байтұрсынұлының «Олжалы жерде үлестен, ордалы жерде орнынан, жоралы жерде жолынан қалмауымыз керек» деген сөзінің үдесінен шықтық. Қазақстан әр саладағы өз орнын бекемдеді. Өткен жылға өкпе жоқ. Жаңа жыл табысты, жемісті әрі орнықты болсын! 

Нәубат ҚАЛИЕВ, 
саяси ғылымдар докторы

Соңғы жаңалықтар