29 Желтоқсан, 2017

Еңбек миграциясы

12878 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Соңғы жетпіс жылдан бері әлем­де барынша белең алып келе жат­қан ірі құбылыстардың бірі, ол – әлемдік көші-қон мәселесі. Егер 1960 жылдары әлемде 3,2 млн мигрант бар деп есептелсе, 1995 жылы бұл көрсеткіш 35 млн адамға жетіп үлгерді. Яғни 35 жылдың өзінде ғана 10 еседен астам көрсеткішке өсе түсті. 

Еңбек миграциясы

Егер соңғы деректерге көз салсақ, осы қарқынның әлі күнге дейін жалғасып келе жатқандығын көреміз. БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің 2013 жылдың қыркүйегіндегі мәліметі бойынша әлемдегі мигранттар саны 232 млн адамға жетсе, 2017 жылы 258 млн адамды құраған. Сөйтіп ғасыр басындағы (2000 жылғы) көрсеткіштің өзінен 49 пайызға өскен. Егер 2000 жылы мигранттардың әлем халқындағы үлес салмағы 2,8 пайызды құраса, 2017 жылы ол 3,4 пайызға жетіп отыр.

Қазіргі күні халықаралық дең­гей­де экспорттық-импорттық опера­циялардың үш түрі белең ала түсуде. Оның біріншісі мен екіншісі тауарлар мен қызметтерге қатысты болса, үшінші түріне нақ осы халықаралық жұмыс күштерінің қозғалысы, яғни халықаралық еңбек миграциясы кіріп отыр. Сөйтіп қазіргі күні мемлекеттер бір-біріне тауарлар мен қызметтерді ғана емес, жұмыс күштерін де экспорттай бастады. Сарапшылардың пайымдауынша, экспорттың осы үш түрінің ішінде оларды жіберген елге ең пайдалысы еңбек күштерінің экспорты екен. Мәселен, Халықаралық валюта қорының мәліметтері бойынша, егер тауарлар экспортынан түсетін нақты пайданың көлемі орта есеппен 20 пайызды, қызметтер экспортынан түсетін нақты пайданың көлемі 50 пайызды құрайтын болса, жұмыс күші экспортының пайдасы бұлардан анағұрлым мол көрінеді. Осыған мысал ретінде Югославия жағдайын алып қарастырайық. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары осы ел әр жыл сайын тауарлар мен қызметтердің экспортынан 10 млрд доллар кіріс қаратып келген. Осыдан түскен нақты пайданың көлемі шамамен алғанда 2,5 млрд долларды құраған. Ал, жұмыс күшінің экспортынан аталған елге жылма-жыл 3,5 млрд доллар қаржы құйылып отырған. Сонымен қатар югославиялықтар өз еліне оралған кезде тағы осыншама қаржыны қалтасына салып әкелген. Сөйтіп Югославияның еңбек күшін экспорттаудан түсіретін жылдық пайдасы тағы да екі есе өсіп, 7 млрд долларды құраған. 

Тағы бір мысал. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңына таман Египет елі Суэц каналын пайдаланудан жылына 970 млн доллар, туризмнен 600 млн доллар пайда тауып тұрса, басқа елдерге барып жұмыс істеп жатқан азаматтарының аударымдарынан 3 млрд доллар пайда қаратыпты. Ал Йемен Республикасында осы ел эмигранттарының жіберген салымда­рының көлемі экспорттың басқа түрлерінен түсетін қаржыдан 30 есе асып түскен. 

Соңғы жылдары біздің Қазақ­станның да халықаралық еңбек күш­терінің қозғалысына белсенді түрде тартыла бастағандығын байқауға болады. Мәселен, осы уақытқа дейін біздің елімізге көршілес Өзбекстан мен Қырғызстан елінің азаматтары көптеп келіп жұмыс істесе, биылғы жылы өз еліміздің адамдарының шетелдерге кету оқиғасы белең алды. Мәселен, 2017 жылдың он айында елімізге 11 900 адам тұрақты тұруға келсе, 28 200 адамның сыртқа кеткені мәлім болды. Кеткен адамдардың 5 мыңға жуығы – инженерлер, 2700-і – экономистер, 1700-і мұғалімдер болып шықты.
Сарапшылар еңбек жасындағы қажетті мамандық иелерінің кетуі ел экономикасы үшін үлкен шығын екендігін айтып отыр. Өйткені олардың өсіп-жетілуіне, мектеп пен жоғары оқу орындарын бітіруіне едәуір қаржы жұмсалғандығы белгілі. Міне, осы жұмсалған қаржы енді басқа елдердің игілігіне жұмыс істейтін болады.

Дегенмен таяқтың екі ұшы бар екендігін де естен шығармағандығымыз абзал. Осы кеткен адамдардың біразы дамыған елдерге барып жұмыс істеп, жақсы тәжірибе жинақтап, күні ертең Қазақстанға қайта оралуы мүмкін. Өйткені дамыған елдерде жалақы жоғары болғанымен, олардың еңбек нарығында бәсекелестік те күшті. Ал Қазақстан болса, әлі толық ашылмаған мүмкіндіктердің елі. Жақсы білім мен тәжірибе болса, біздің елімізде әлі игерілмеген байлық көзі ұшан-теңіз деуге болады. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»