«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Тимур Құлыбаев бастаған менеджерлер делегациясы жұмыс бабымен Ұлыбританияға келді. Соған орай кеше Лондон қор биржасында «Қазақстан күні» өткізілді.
Бизнес-форум түрінде өткен іс-шаралар барысында «Халықтық ІРО», «Бизнес-ахуал және Қазақстанға инвестициялық ағындар», «Қазақстандық зейнетақы қорларына инвестициялар», «Жеке капиталдың өсуіндегі жаһандық трендтер» деген негізгі төрт тақырып бойынша пікірталастар өрбіді.
Әсіресе, Халықтық ІРО бағдарламасы британ іскер топтарының айрықша қызығушылығын тудырды. Қор басқармасы төрағасының орынбасары Қуандық Бишімбаев қордың басқаруындағы жетекші мемлекеттік компаниялардың акцияларын қазақстандықтарға сату жоспары туралы әңгімеледі.
Сол сияқты Лондонда «Энергетика және балама көздерді дамыту», «Кен-металлургия өнеркәсібін дамыту», «Фармацевтикалық компаниялар қызметі мәселелері бойынша панельдік пікірсайыс» және «Қазақстандағы химиялық жобалар: жағдаяттар мен мүмкіндіктер» мәселелері бойынша панельдік сессиялар өтті.
«Егемен-ақпарат».