Аймақтар • 29 Желтоқсан, 2017

Ақтөбеде бастауыш мектеп орта мектепке айналды

1339 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары ел аумағында урбанизация үрдісі терең белең алып отырған жағдайда шағын ауылдарда орта мектеп ашылуы түгілі, бастауыш мектептің жабылып қалуы әбден мүмкін. 

Ақтөбеде бастауыш мектеп орта мектепке айналды

Әйтсе де атар жылдың ақ таңында Ақшат ауылында бұған керісінше жағымды жаңалық орын алды. Мұндағы бастауыш мектеп іргесін кеңейтіп жалпы білім беретін үлкен мектепке айналды. Мектеп болғанда қандай?! Сыңғырлаған су жаңа ғимараттың сырты қандай сәнді болса, іші сондай мәнді. Жаңа мектепке алаш арыстары көсемдерінің бірі Әлихан Бөкейхановтың есімі берілгені де жарасып тұрғандай.

300 оқушыға өз есігін айқара ашқан мектеп ғимараты бар-жоғы бір-ақ жылдың ішініде тұрғызылған. Оның тағы бір ерекшелігі бүгінгі әлемдік білім беру стандарттарына сай – тірек және қимыл-қозғалыс мүшелері бұзылған балалардың да мектептке емін-еркін келіп кетуі үшін қажетті жағдайлардың туғызылғаны. Мұның өзі арнайы жедел саты, пандус түрінде көрініс тауып отыр. Жаңа үлгідегі мектептің тез әрі сапалы салынуына «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының шапағаты тиіпті. Бұл үшін бюджет есебінен табаны күректей 864 миллион теңге жұмсалған.

Ақшат ауылының тұрғындарын, кәрісі мен жасын көл-көсір қуанышқа бөлеген оң құбылыс ең біріншіден мұндағы демографиялық табиғи өсім мен ішкі көші-қон үрдісінің жоғары екенінен хабар бере алады. Дәл осындай байыпты байламды Ақтөбе қаласындағы Болашақ шағын ауданында ашылған орта мектептің жаңа ғимаратына қатысты да жасауға болады. Оның құны -755 миллион теңге.

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»