Биыл облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасына сәйкес Шығыс Қазақстандағы 10 көл мен су қоймасының суына бальнелогиялық зерттеу жүргізіліп,осының нәтижесінде өңірдегі қай өзен-көлдің суы шипалы екенін анықтауға мүмкіндік туыпты.
«Аталмыш зерттеу жұмыстары көрсеткендей, Бесқарағай ауданында орналасқан Шошқалы көлінің жағасында курорттық аймақ құруға мол мүмкіндік бар. Мамандар бұл көлдің суының бір литрінде 15 грамнан артық пайдалы заттар бар екенін анықтады. Оған қоса көл суының минералдығы жоғары деңгейде, яғни, шипалық қасиеттері мол. Шошқалыға шомылу үшін ғана емес, емделу мақсатында да сапарлауға болады», - дейді облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев.
Басқарма басшысы жүргізілген зерттеу жұмыстары барысында Шошқалының минералдығы облыс бойынша ең жоғарғы көрсеткіштерге ие екендігіне көз жеткізілгенін, көл жағасында заманауи стандарттарға сай шипажай ашуға болатындығын айтты. Осы мақсатта алдағы уақытта көлде нақты қандай ауруларды емдеуге болатынын анықтау жұмыстары қолға алынатынын жеткізді.
Аудан тұрғындарының сөзіне сенсек, суының құрамы Израильдегі Өлі теңіздің суымен бара-бар Шошқалыға шет елден келетін туристер қатары да аз емес. Әсіресе Ресейден ағылатын туристер көп. Сәуір айында Өскеменде өткен брифингте аудан әкімінің орынбасары Ерболат Рахметуллин көл жағалауында салынатын жаңа шипажай кешенінің жобасы әзірленіп жатқанын,сонымен қатар көлге апаратын жолды жөндеу жоспарланып отырғанын айтқан болатын.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Бесқарағай ауданы