Құрметті отандастар!
Қазақстан халқы Ассамблеясы сіздерді Жаңа 2018 жылмен құттықтайды!
Өткен жыл еліміздің шежіресіндегі маңызды белес, жетістіктер мен тарихи реформалар жылы болды.
Ұлттық бірлік пен келісімнің арқасында болашақ энергиясына арналған халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесі мен Универсиада сәтті әрі жоғары деңгейде өткізілді.
Әлемнің бәсекеге ең қабілетті отыз елінің ішінде Қазақстанның лайықты орын алуын қамтамасыз етуге бағытталған конституциялық реформа, Қазақстанды үшінші жаңғырту және «Рухани жаңғыру» бағдарламалары іске асырылуда.
2017 жыл елге жаңа есімдерді танытқан жыл болды. Димаш Құдайберген, Динара Сәдуақасова, Денис Тен, Данэлия Төлешованың ерекше таланттары жерлестерімізді халықаралық деңгейде танымал етті, ал «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының іске асырылуы өскелең ұрпақ үшін Тәуелсіздік жылдарындағы ерен еңбектің арқасында қол жеткізілген бірегей табыстар мысалын ашып көрсетті.
Қымбатты бауырлар!
2018 жыл идеялар мен жетістіктерге толы жыл болсын, экономикалық және әлеуметтік өсуіміздің, әрқайсымыздың үйлесімді дамуымыздың жаңа перспективалары тағы да ашыла берсін.
Сіздердің осы жылға арналған жоспарларыңыз жүзеге асып, әрбір бастамаңызға сәттілік серік болсын.
Сіздерге зор денсаулық пен мол игілік тілеп, барша үміттеріңіздің ақталуына тілек қосамыз. Отбасындағы шуақ пен жақындарымыздың сүйіспеншілігі мен қамқорлығы баршаның жанын жылытсын.
Жаңа жылдарыңызбен!
Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі