Аталмыш сайыста облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының «ШҚО қысқы спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебі» КММ спортшысы Алексей Полторанин жоғары нәтиже көрсетті. 15 шақырым қашықтықты 35.30.01 уақытпен бағындырған шаңғышы «Тур де Ски» кезеңінің күміс медалін жеңіп алды.
Жарыс жолына ұзын саны 75 шаңғышы шықты. Жүлде үшін таласта шығысқазақстандыққа тәжірибелі швейцариялық, норвегиялық спортшылар қарсылық танытты. Нәтижесінде небәрі 0.6 секунд басымдықпен, яғни 35.29.5 уақытпен швейцариялық Дарио Колония жеңімпаз атанды. Ал норвегиялық Мартин Сундбю үздік үштікті түйіндеді.
Айта кету керек, Алексей Полторанин бұған дейін Италияның Тоблах қаласында өткен әлем Кубогі кезеңінде осы қашықтықта қола медаль еншілеген болатын.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы