Үш дүркін әлем чемпионы өзінің жеңісін ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнады
Илья Ильин – Қызылорданың көзі оттай жайнаған сайыпқыраны – сын сағаттарда да темірдей жүйкесі сыр бермейтін оғланның халқын ұлы жеңістерге өзі үйретіп қойғалы қашан. Бірақ жұлқа көтеруде есе жіберіп алатыны бар. Есесіне серпе көтеруде оған шендесетін ауыр атлетші аз. Бір қорқытып алады да, сосын қатты қуантады. Бейжің Олимпиадасында да сөйткен...
Олимпиада чемпионы атанған соң, батыр жігіт елге еркелесін. Түрі өзге болғанмен, жаны, жүрегі қазақ қой. Той-томалақты көбейтіп жіберді. Сөйтіп жүріп пышаққа да түсті. Жаттығу жайына қалды. Ел ішіндегі жарыстарға да қатыспады. Әсілінде, елге дабыра қылмай өз қазанында қайнатып, іштей бекітетін мәселелер болады. Әрі-сәрі болып жүрген ерке жігіт ұшақта кездескен депутатқа сырын ашуы мұң екең, бапкермен арадағы кикілжің республикаға жайылды да кетті.
Атын жер өртеп те шығара алмай жүргендерге Олимпиада жеңімпазының тағдыры жан ашудан гөрі, дақпыртын шығаруға керек-ақ екен. Ильиннен әлі де күдер үзбей жүрген бапкерлер кеңесі шамданды. “Сені алмастыратын адам бар, кетсең жолың ашық” дегенді аңғартқан. Әй, біздің жаны ашығансып, қаны шығып тұрған жараға бір уыс тұз себе салатын ағайын-ай. Екі жақты дабырасыз келістірудің орнына арасына ептеп сына қағып қойды.
Илья сынбады. Жеке бапкер алып жеке жаттықты. Көшпелі халықтың ұрпағымын дегенді айтып, республика облыстарын аралады. Әлем чемпионатына бара алмаған. Есесіне Қазақстан халқы Спартакиадасында айды аспаға шығарды. Жұлқа көтеруде 186 келі, серпе көтеруде 230 келі көтеріп, өз салмағынан дәмелі болғандарды қозы көш артқа тастап кетті. Сол кезде тағы да айтқан: “Парижде алтын аламын”, деп.
Бейжіңнен кейін армансыз демалған бұла жігіттің осындай мәлімдемесін қабылдамағандар да болды. Бағасын арттыру үшін айтты деп. “Парижге Ильин келді, төрден орын берейік”, дегендер болды десек, қатты қателессек керек. Былтырғы әлем чемпионы ресейлік Александр Иванов көтермеге Андрей Демановты ертіп келіпті. Былтыр күміс медаль алған украин жігіті Артем Иванов онысын алтынға айырбастасам деген дәмесі бар. Иран, корей, тіпті өзбектің өрімдей жігіті Руслан Нуридинов те алтынды көпсінбейтіндей.
Жұлқа көтеруде Илья жүректі тағы да дір еткізіп бесінші орында қалып кетті. 181 келіден соң 184 келіні көтерген, әлемдегі үздіктер қатарындағы қазақтарға тісін басып жүрген қазылардың екеуі техникасынан мін тауып, есепке алмады. Қос Иванов – Ресей мен Украина жігіттері Ильядан 5 ұпайға шығандады. Әлемнің алтын, күмісін тең бөлісіп алған қос жігіт серпе көтеруде есе береді дегенге сену қиын еді.
Ауыр атлетикада күшіне оншалықты сене қоймайтындар алдымен шығады. Титықтап барып тоқтайды. Ильинге ес болады деген Алмас Өтешов те солардың ішінде кетті. Үш кезегін де пайдалана алмаған. Егес басталды. Александр Иванов 215 келіге тапсырыс берді. Украин Артем Иванов 216 келіге шықты. Ал Илья Ильин 220 келіге тапсырыс беріп, жаттығу залын қыдырыстап жүр.
Әдеттегідей тышқан мен мысық ойынын Энвер Туркелери мен бас бапкер Алексей Ни бастаған. Александр Ивановты зілтемірге алдымен шығару үшін Ильяға 221 келі белгіледі. Әлем чемпионы 120 келіні көтере алмай, қабағынан қар жауып кетті. Сол кезде ғана Илья төбе көрсеткен. Зілтемірмен егескен жоқ. Әлем чемпионатында емес, Қызылордада жаттығу залында жүргендей жедел басып келді де бір толғап кеудесіне қондырып төбеге атты. Басқыштан төмен түсіп келе жатып: “Мен чемпионмын”, дегенді айтып үлгерді.
Құдай ақы, ешкім өйтпейді. Біздің жігіттің аузы батыр. Аллаға сиынып отырмыз. Александр Иванов шықты. 221 келіні көтере алмады. Бітті. Былтырғы әлем чемпионы жүлдеден тыс қалған. Артем Иванов шықты. Қиналып барып 221 келіні көтеріп кетті. Сөйтті де Ильинмен егесті. 230 келіге тапсырыс берді. Илья шықты, 226 келіні бағындырды. Басқыштан түсіп бара жатып: “Енді тұғырға шықпаймын. Балтырымды ауыртып алдым”, деді самбырлап. Алтын аламын деген адам олай айтпауы керек еді. Іштей сенген жоқпыз. Бұла ұлдың мінезін білеміз. Артем 230 келі көтеріп кетсе, аяғы сынып қалса да тәуекелге баратыны анық. Артем 227 келіні игере алмады. Біздің жігіттің салмағы Артемнан 12 грамға кем. Екеуінің де қоссайыстан жинағаны 407 келі болғанымен, алтын Ильянікі.
Өз Отанын жанындай жақсы көретін, патриоттық сезімін сырт көзге анық көрсетіп жүретін Илья кеудешесіндегі жазуды көрсетіп: “Мен бұл жеңісімді Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнаймын”, деді жаһанға жар салды. Чемпион жігіт қуанғанынан жаттығу залында зыр жүгіріп, құттықтағанның да, құттықтамағанның да қолын алып шықты. Әттең-ай, Алексей Нидің өкпесі тарқамапты, Ильин жеңіске жеткенде бас бапкер әдеттегідей айқай салып аспанға қарғымады. Бізге де ауыр тиді.
Ильиннің алтыны Қазақстанды Қытай, Иран, Ресей мемлекеттерінен кейінгі төртінші орынға шығарды. Алтын алуға Майя Манезаның да, Светлана Подобедованың да мүмкіндігі болған. Тактикалық дайындықта қате жібергендері бар, төрешілер де қырыс қарады.
Әлем чемпионаты үлкен жарыс болғанымен, Олимпиаданың бодауына жүрмейді. Ол – шындық. Біздің сайыпқырандарға Лондонда табыс тілейік.
Бақтияр ТАЙЖАН.