Аймақ басшысы Даниал Ахметов «Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атағын Семей қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амантай Доғалақовқа, Зырян ауданындағы «Средигорненский» ЖШС-нің директоры Петр Дяглевке, экологиялық қауіпсіздік орталығының маманы Юрий Кудиновке және медицина ғылымдарының докторы, профессор Төлебай Рахыпбековке салтанатты түрде табыс етті.
Ал «Жомарт жүрек» байқауының жеңімпаздары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 10 аталым бойынша марапатталды. Үйі өртенген отбасыға қаржылай қолдау көрсетіп, өз қаражатына көпірлер мен арықтарды жөндеп берген Үржар ауданындағы «Некрасовка және К» шаруа қожалығының басшысы Бақытбек Мұсабаев «Жүректен-жүрекке», «Мектепке жол» акциясы шеңберінде балаларға 1 миллион 754 мың теңгенің жәрдемін жасаған риддерлік жеке кәсіпкер Галина Гильдерман «Жылдың қайырым жасаушысы» аталымына ие болды.
2016 жылы аудандық және қалалық ауруханаларға, облыстық ауруханаға құрал-жабдық алу үшін 311 миллион теңге аударған, қазіргі кезде республикалық гематологиялық орталықтың құрылысын қаржыландырып жатқан «Востокцветмет» ЖШС «Денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» аталымымен марапатталды. Сонымен қатар Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов пен «Камышинское» шаруа қожалығының жетекшісі Владимир Акулов «Туған өлкеме – менің жобам», «Элхон» ЖШС-нің директоры, облыстық мәслихат депутаты Лұқбек Тұмашинов «Мәдениет саласын дамытуға қосқан үлесі үшін», зайсандық жеке кәсіпкер Бақытгүл Баймұханбетова «Білім саласына қолдау көрсеткені үшін», семейлік «Тандем Трейд Компани» ЖШС-нің директоры Арман Мәшімов «Спортты дамытуға қосқан үлесі үшін», «Бақыршық тау-кен игеру кәсіпорны» ЖШС «Жылдың әлеуметтік жауапты ұйымы» аталымдарын еншіледі.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН