15 Қараша, 2011

Таразда не болды?

585 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Жаһандану желі бүкіл дүниені кернеп бара жатыр. Жақсыны да әкелуде, жаманды да әкелуде. Одан Қазақстан да атымен сырт тұра алмайды. Солай екеніне соңғы айлардағы өкінішті оқиғалар да көз жеткізіп отыр. Кеше облыстық ІІД қарасты «Динамо» спорт кешенінде қоғам­дық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақса­тында өз міндетін адал атқа­рып, аса қауіпті қылмыскерді құ­рықтау үстінде ерлікпен қаза тап­қан облыстық ІІД Жол полициясы жеке батальонының 1-ші взвод командирі, полиция капи­таны Ғазиз Байтасов пен мамандан­дырылған күзет қызметі басқармасы­ның жедел ден қою взводының полиция аға сержанты Полат Аянқұловты ақтық сапарға шығарып салуға арналған қаралы митинг болды. Ғазиз Әбдібекұлы 1971 жылы Жамбыл (Тараз) қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін бітірген. Ішкі істер органда­рында 1992 жылдан бері қызмет атқарған. Осы уақыттар ішінде ол 2-ші және 3-ші дәрежелі «Ішкі істер орган­дарындағы мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапаттал­ған. Со­ңында әйелі мен үш баласы қалды. Ал, Полат Қойшыбайұлы 1983 жылы Қарақалпақстан Республика­сы­ның Қоңырат қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін тәмам­даған. Ішкі істер органдарында 2005 жылдан қызмет атқарған. Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының басшылығымен адал және мінсіз қызметі үшін бірнеше рет марапатталған. Соңында әйелі мен екі баласы қалды. Қаралы митингіде облыс әкімі Қанат Бозымбаев, облыстық ІІД бастығы, полиция полковнигі Бекет Аймағамбетов және облыстық ішкі істер органдары мен ішкі әскер ардагерлері кеңесінің төрағасы Өр­некбай Смайылов ай мен күннің аманында мылтық атып, қарапайым адамдарға қарсы оқ жаудырған қаныпезер қолынан ерлікпен қаза тапқан тәртіп сақшыларының отба­сына, туған-туыстарына қайғырып, көңіл айтты. Болған оқиғаны таратып айтсақ, 1977 жылы туған М.К.Қариев өткен сенбі күні тал түсте өте ауыр қылмысқа барып, 7 адамның өмірін үзді. Қаза тапқандардың 5-уі құқық қорғау органдарының қызметкер­лері. Сондай-ақ, бұлардан басқа ішкі істер органдарының 3 қызметкері әр түрлі дене жарақатымен жедел жәрдем ауруханасына түсті. Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің 2 қыз­мет­кері сырттай бақылап жүргенін байқаған М.К.Қариев оларға қарсы қарулы шабуыл жасап, екеуін де өлтірген. Бірақ ол осы қанды қыл­мысының ізін жасырудың орнына, лаңкестік мақсатындағы әрекетін одан ары жалғастыру үшін Т. Зә­ки­ров деген жүргізушіге шабуыл жасап, оның «Мазда-626» автокөлігін айдап әке­теді. Сөйтіп, қала орта­лығына келіп, қару-жарақ дүкеніне шабуыл жа­сайды. Өкінішке қарай, оның бұл әрекеті де кісі өліміне әкеліп соқ­тырды. Яғни, қарсы ал­дынан шыққан дүкен қа­ра­уылы     В.Фе­дорченконы атып өлті­ріп, дү­кенге келіп бейқам тұрған Н.Е. Ораз­бақов деген бейсеует азаматты да өлімші ғып жаралайды. Содан кейін қару-жарақ дүкенінен «Сайга» және «CZ» деп аталатын жар­тылай автомат­тандырылған қару­лар мен оқ-дәрілерді «олжалап», сол маңдағы «ВАЗ-21099» көлігіне күш­пен «иелік» етеді. Дабыл бо­йынша соңына түскен мамандан­ды­рылған күзет бөлімінің қызметкер­лері, полиция сержанттары П.К.Аянқұлов пен Ж.А.Байсейітовты атып өлтіріп, олар­дың қолындағы «Калашников» авто­маты мен «Макаров» пистолетін ала кетеді. Жазықсыз адамдардың қанына қолы былғанған сайын құтырған   М.К.Қариев бұдан кейін өзі уақытша тұрып жатқан үйге келіп РПГ-26 граната атқышын алып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің об­лыстық департаменті ғимараты­ның қабыр­ғалары мен терезелеріне граната атқышпен және автоматпен бірнеше дүркін оқ жаудырады. Бі­рақ одан ғимаратқа зиян келмеген және кісі өлімі орын алмаған. Осыдан кейін соңына түскен тәртіп сақшы­ларынан қашып бара жатып жол-жөнекей кездескен аттылы 2 полицейді жарақаттайды. Сағат 13.00-де ІІД Жол поли­циясы жеке батальоны қызметкер­лерінің оғынан жараланып, құрық­қа түсетінін сезген лаңкес полиция капитаны Ғ.Байтасовтың қолынан енді қашып шыға алмайтынын біліп, киімінің ішіне алдын ала байлап, дайындап алған жарылғыш затты іске қосады. – Ол капитан Ғ.Байтасовты да, басқа полицейлерді де қасқақана өлтірді. Өйткені, ол қашудың орны­на, соңына түскен полиция қыз­меткерлеріне қарсы қасарысып оқ жаудырды. Ал капитан Ғ.Байтасов болса кеудесін оқ тесіп өткеніне қарамастан, оған жетіп барып, жерге құлатты. Міне, сол кезде лаңкес өзін де, біздің қызметкерімізді де жарып жіберді. Біздің әріптесіміз ерлікпен қаза тапты, – дейді облыстық ІІД тергеу басқармасы бастығының орынбасары. Егер полиция капитаны Ғ.Байтасов лаңкесті денесімен дер кезінде жауып үлгермегенде, онда жарылғыш заттың салдарынан сол маңдағы тағы бірнеше адамның өмірі үзілер ме еді, әлде қайтер еді. Лаңкесті ұстау кезіндегі атыста полиция сержанты С.С.Алашов та аяғынан жараланды. Лаңкес жалғыз әрекет етті ме, әлде оның серіктері бар ма? Қазір осы оқиға бойынша ведом­ство­аралық арнайы жедел тергеу тобы құрылып, тексеру амалдары жүр­гізілуде. Облыстық ІІД жедел-іздестіру іс-шараларының барысында лаңкестің бұған дейін Көкшетау қаласында тұрып келгені және «жи­хадшыларды» қолдайтыны жөнінде ақпарат бар. Облыс әкімі Қ.Бозымбаев сенбі күні кешкілік жергілікті теледидар арқылы облыс тұрғындарын абыр­жымауға шақырып, ал жексенбіде қаза тапқан полиция қыметкер­ле­рінің от­басына көңіл айтып шықты. Қаза тапқан құқық қорғау орган­дары қыз­меткерлерінің отбасына қаржылай көмек көрсетілетінін де жеткізді. Сондай-ақ, жедел жәрдем аурухана­сына түскен полиция қызметкерлерінің көңілін сұрап, олардың денсаулықта­рының жағ­дайы­мен танысты. Ал облыстық ІІД басшылығы лаңкесті құрықтау кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкерлерін мемлекеттік марапатқа ұсынбақшы. Жексенбі күні қала тұрғындары полиция қызметкерлері қаза болған жерге гүл шоқтарын қойып, аза тұтты. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Тараз.
Соңғы жаңалықтар

Берекелі грант

Қоғам • Кеше