Кеше еліміздің Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Астанада өтетін ауған мәселесі бойынша Халықаралық байланыс тобының 12-ші отырысына қатысу үшін елімізге келген Ауғанстан Сыртқы істер министрі Залмай Расулмен кездесті.
Екі елдің дипломатиялық миссиясының басшылары екіжақты ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін, Орталық Азиядағы жағдайды қарастырып, алдағы уақытта өтетін іс-шараның күн тәртібі жайлы пікір алмасты. Е.Қазыханов Қазақстан Ауғанстанның сыртқы саясаттағы сенімді әріптесі екендігіне тоқтала келе, «Астана Кабулмен екіжақты және де көпжақты өлшемдердегі саяси байланыстың дамуына айрықша мән береді», – деп атап өтті.
«Қазақстанның энергетика, тау-кен өнеркәсібі, көлік, транзиттік сауда және ауыл шаруашылығы саласындағы қомақты тәжірибесі бар компаниялары ауған экономикасын дамыту бойынша келешегі бар жобаларға қатысуға дайын», – деді Е.Қазыханов. Сыртқы саясат ведомствосы өкілінің айтуынша, экономикалық саладағы өзара әрекеттесудің ықпалды құралы ретінде қыркүйек айында Кабулда өткен сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша Қазақстан-Ауғанстан үкіметаралық комиссиясын айрықша атап өтуге болады.
Ауғанстан үкіметінің саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы мәселелерін шешудің өзектілігін айта келе, Е.Қазыханов ШЫҰ, АӨСШК, ОААҮО (Ортаазиялық аймақтық ақпараттық үйлестіруші орталық) сынды аумақтық ұйымдар шеңберіндегі жасалған құрылымдардың іске асырылу маңыздылығын да назардан шығармады.
Кездесуде Ауғанстанды қайта қалпына келтіруге бағытталған бірқатар гуманитарлық жобалардың жүзеге асырылуындағы Қазақстанның үлесіне айрықша назар аударылды. Олардың ішінде соңғы екі жылда ауған студенттеріне арналған білім беру бағдарламасының сәтті жүзеге асуы, Қазақстан Үкіметінің араласуымен «Құндыз – Талуқан – Шерхан – Бандар» көлік жолдарын қалпына келтіру үдерісі, сондай ақ, қалған екі нысан – мектеп пен аурухананың жақын уақытта іске қосылуы жайы айтылды.
Қазақстан Ауғанстанға белсенді түрде қамқорлық көрсетуге дайын екендігін өзінің ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы барысында дәлелдегені белгілі. Демек, Қазақстан – «Үштік» мүшесі және биылғы жылы ЕҚЫҰ-ның Азиялық әріптестермен ынтымақтастық жөніндегі байланыс тобына төраға ретінде ауған мәселесінің шешілуіне жан-жақты мүдделілік танытып отырған бірден бір ел.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.