Әлем • 03 Қаңтар, 2018

Ирандағы наразылық шеруі: анықталған жайттар

666 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бағаның өсуі мен тұрмыс деңгейінің төмендеуіне наразы ирандықтардың шеруі әлем бойынша қызу талқыланып жатыр. Шеруге шыққандар қандай талап қойды? Биліктің әрекеті қандай? Осы және басқа да сұрақтарға жауап беріп көрсек. 

Ирандағы наразылық шеруі: анықталған жайттар

Оқиғаның хронологиясы

Ирандағы наразылық акциялары 28 желтоқсан күні Мешхед қаласында басталды. 29 желтоқсан күні Решт, Керманшах, Ширазе, Исфахан, Хамадан қалаларында да митингілер өтті. 30 желтоқсан күні Тегеран қаласындағы Тегеран университетінің алдында және Революция алаңында да халық наразылық акцияларына шықты. 

Шетелдік басылымдардың хабарлауынша, 1 қаңтар күні халық әскери базалар мен полиция бөлімшелерін, әкімшілік ғимараттарды басып алуға тырысқан. Шеруге шыққандар Эрак қаласында Басидж милициясының штаб-пәтерін өртеп қана қоймай, Дорунда жергілікті генерал-губернатордың штаб-пәтерін басып алмақ болған. 

2 желтоқсанға қараған түні Неджефабадта митингіге шыққандардың бірі полиция қызметкерін өлтіріп, тағы үшеуін жаралаған. Кехдериджан қаласында шеруге қатысушылардың полиция учаскесіне шабуылы кезінде 6 адам қаза тапқан. Жалпы, қайтыс болғандардың саны бүгінде 21 адамға жетті. 

Тегеранда үш күнннің ішінде 450 адам қамауға алынды. Шеруге шыққан халықтың нақты саны белгісіз. Митингілер кем дегенде 20 қалада өтіп жатыр. 

Халықтың қандай талаптары бар?

Шеруге шыққандар бірінші күні мемлекеттегі экономикалық жағдайға наразылықтарын білдірген. Жиналғандар алдымен қымбатшылықты тоқтатуды сұраған. Олардың айтуынша, бір аптаның ішінде азық-түлік бағасы екі есе өскен. Одан кейін халық саяси тұтқындарды босатып, шеруге шыққан халыққа қарсы зорлық-зомбылық көрсетпеуді сұраған. Сонымен қатар шеруге қатысушылар Иранның халықаралық жанжалдарға араласуына қарсы екенін білдіруде. Иранның мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары халық тек экономикалық талаптар қойды дегенімен, шетелдік БАҚ Ирандағы шеруде саяси лозунгтердің көптігін айтып жатыр. Ал сарапшылардың айтуынша, лозунгтердің көптігі шеруге шыққан халықтың ортақ мақсаты мен билікке айтар нақты талабы жоқ екенін білдіреді.

"Иранда белгілі бір әлеуметтік топтар өздерінің құқығын қорғау үшін митингілер ұйымдастырып тұрады. Бірақ бұл жолғы наразылықтың ерекшелігі - алдымен халық экономикалық жағдайды сынады. Кейін саяси сипатқа өтті. Қазір шеру Иран Ислам Республикасының маңызды идеологиялық аспектілеріне қарсы бағытқа ауысты. Тағы бір ерекшелігі - шеру мемлекет бойынша жаппай өтіп жатыр. Бұл алдын ала ұйымдастырылған ба, әлде домино әсерімен өтіп жатыр ма, ол жағы әлі белгісіз", дейді Бруклин институтының сарапшысы Сюзан Малони. 

Ирандағы құқық қорғаушылардың бірі, 2003 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Ширин Эбади мемлекетте экономикалық дағдарыстың ушыққанын айтып La Repubblica басылымына сұхбат берді. "Сыбайлас жемқорлық адам шошитын деңгейге жетті. Санкциялардан бас тарту тұрғындарға ешқандай пайда әкелмеді. Сонымен қатар Иранның әскери шығындары да өте көп. Халық биліктің осынша көп ақшаны сыртқа шашқанына қарсы", дейді Эбади. 

Ирандағы экономикалық жағдай

Наразылыққа қатысып жатқан халық клерикалдық режімді (клерикализм - қоғамның саяси, мәдени өмірінде шіркеуге басымдық беру - ред.) құлатуды талап етті. Кейбірі монархияны қайтып орнатуды сұрады. Дегенмен шерушілердің арасында нақты көшбасшы жоқ. Ал оппозия басшылары әлдеқашан репрессияға ұшыраған немесе елден қуылған.

Шетелдік БАҚ мәліметтері бойынша, соңғы 10 жылда Ирандағы экономикалық жағдай нашарлаған. Мемлекеттегі жұмыссыздық деңгейі 12,4%-ды, жастар арасында 28,8%-ды құраған. Иранның ІЖӨ-і мұнай экспортының артуы есебінен ғана 12,5%-ға өсті. Дегенмен, мемлекетте азық-түлік бағасының қымбаттауы тоқтамаған. 

Халық неге Иранның сыртқы саясатына қарсы?

Иран – Сириядағы Башар Асадтың үкіметіне әскери қолдау білдіріп отырған негізгі елдердің бірі. Сондай-ақ Иран Йемендегі Сауд Арабиясы жетекшілігіндегі коалицияға қарсы күресетін хусит көтерілісшілеріне қолдау көрсетіп отыр деп айыпталады. Сонымен қатар Иранның Ливандағы Хезболла тобының жақын одақтасы екені белгілі, дейді BBC.

Наразылық шеруі басталған кезде тек экономикалық талаптар айтылған болатын. Халық алғашқы күні Иранның батыс елдерімен 2015 жылы ядролық келісімге байланысты жасаған келісімге қарсы екендіктерін айтты. Ирандықтар барлық шектеулер алынып тасталады деп күткенімен, ештеңе өзгермеді. Одан кейін шетелдік БАҚ саяси лозунгтерге мән бере бастады. Оның ішінде "Шах жоқта, Иранда тәртіпсіздік жалғаса береді",  "Диктатор өлсін!" деген сарындағы ұрандар байқалады. Al Arabiya-ның хабарлауынша, бұл лозунгтер Иранның көшбасшысы аятолла Али Хаменеиге бағытталған. 

Биліктің әрекеті 

Иран үкіметі  қарсылықтарға «сыртқы агенттерді» және анти-революцияшылдарды айыптап, Инстаграм және Телеграм әлеуметтік желілерін бұғаттады. Ал ел президенті Хасан Роухани мемлекеттік арналардың бірінен халыққа бейне хабарлама таратып, «Біз еркін ұлтпыз және конституция мен адам құқықтарына сәйкес халық сыни пікірді еркін білдіре алады, тіпті шеруге де шыға алады, алайда сынды білдіру зорлық-зомбылықпен қатар жүрмеуі тиіс», деп мәлімдеді. Дегенмен, халық бұл сөздерге құлақ аспады. Президент шеру кезінде зорлық-зомбылыққа жол берілмейтінін айтқанымен, тәртіп сақшылары Тегерандағы Энкелаб алаңынан тұрғындарды қуу үшін көзді жасаурататын газ, суатқыш қолданды.

Бір айта кетерлігі, билік жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарын қатаң бақылауда ұстап отыр. Иранның ішкі істер министрі Абдолреза Рахмани-Фазли халықты заңсыз митингілерге қатыспауға шақырды. Ал бірінші вице-президент Эссхак Джахангири наразылық шерулерін үкіметке қарсы топтар ұйымдастырды деген болжам білдірді. "Экономикалық проблемаларды желеу еткен оқиғалар болып жатыр. Бірақ оның артында біреудің тұрғаны анық. Олар үкіметке зиян тигіземіз деп ойлағанымен, жағдайды басқа мақсатқа бұрушылар табылары анық", деді ол. 

Тегеранның генерал-губернаторы кез-келген митигіні полиция қатаң бақылауда ұстайтынын айтты. Сонымен қатар Жоғары Ұлттық қауіпсіздік кеңес хатшысы Али Шамхани АҚШ, Ұлыбритания, Сауд Арабиясын Иранға қарсы мемлекеттер деп атап, Ирандағы наразылық акцияларын осы үш мемлекет ұйымдастырды деген ойын айтты. Бас штаб басшысының орынбасары Масуд Джазайри де осындай пікір білдірді. АҚШ Президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Иран билігіне әлем наразылық шерулеріне биліктің реакциясы қандай болатынын күтіп отырғанын айтты. Бірақ Иранның Сыртқы істер министрлігі Вашингтонның сөздері жалған деп мәлімдеді. 

Дональд Трамп шеруге шыққандарды қолдайтынын айтты

АҚШ Президенті Дональд Трамп "Тамақ пен бостандыққа қарны аш" халықты қолдайтынын айтты. "Сыбайлас жемқорлық жаулап алған жүйеге және шетелдегі террорлық ұйымдарды қаржыландыруға қарсы Иран халқы бейбіт шеруге шығыпты. Иран билігі азаматтардың құқығын сыйлауы керек. Әлем бақылап отыр", деп жазды Трамп.

Одан кейін АҚШ Президенті "жақсы адамдар өзгерістің болғанын қалайды", деп жазды. Ал шеруге шыққан халыққа қарсы әрекеттер басталғанда Трамп «Ирандағы ірі көтерілістер. Жұрт ақыры ойланды-ау. Олардың байлығы, ақшасы ұрланып, терроризмге жұмсалып жатыр. Халық енді оған төзбейтін секілді. АҚШ адам құқығын бұзушыларды назарда ұстап отырады», деп жазды Twitter желісіндегі парақшасында. Ал оған жауап ретінде Хасан Рухани АҚШ президентін «Иранның жауы» деген мәлімдеме жасады.

2009 жылғы митингілер

Шетелдік БАҚ-тан Ирандағы митингілерді 1979, 2009 жылдары өткен оқиғалармен салыстырып жатқанын жиі байқауға болады. Оның сыры неде?

Иранда алғашқы революция 1979 жылы басталып, бүкіл мемлекетке тараған. Ал 2009 жылы сайлау кезінде президент лауазымына Махмұд Ахмадинежада отырғаны көпшіліктің наразылығын тудырды. Салдарынан наразылық акциялары өтіп, оған «Жасыл қозғалыс» деген атау берілді. Сол тұста оппозицияны миллиондаған адам қолдады. Шеру кезінде кемінде 30 адам қаза тауып, мыңдаған тұрғын қамауға алынды. Бұл Иранда 1979 жылы Ислам революциясынан кейін тіркелген ең ірі шеру болды.

Гүлнұр Қуанышбекқызы,

"Егемен Қазақстан"