Ал дәл қазіргі жағдайда ішкі нарықтағы сұраныс пен өндірістің үлесі арасындағы алшақтық жер мен көктей. Осы себепті тұтынушының шетел өніміне тәуелділігі күшейіп, дайын тауарға төленген миллиардтаған қаражат сыртқы экономикаға қызмет етуде. Соның бір мысалын Қазақстан нарығындағы аса қомақты қаржы айналымын құрайтын қант өнімдеріне деген сұраныстан байқауға болады.
Анығында, адамзаттың тәттіге тәуелділігі қант өндірісінің қарыштап өркендеуіне берілген кепілдік қана емес, табыс қоймасының алтын кілті іспетті. Мұны ертеден сезген алпауыт елдер ауыл шаруашылығын дамытудың озық тәсілдеріне жүгінген кезде, алдымен қант қызылшасы мен қамысын өсіруге ерекше маңыз береді екен. Өйткені әлемде таза, ақталған қантқа сұраныс ешқашан кеміген емес, керісінше жыл сайын артып келеді. Шайына шекер салмай ішпейтін адамның санын былай қойғанда, азық-түлік өндірісінде қант пен қант қоспаларынсыз дайындалатын өнім жоқ десе де болады. Айтпақшы, өтімділігі мен таза пайдасы жөнінен тәтті ұнтақ көлеңкелі экономикада есірткі айналымынан кейінгі орында тұр деген бейресми мәлімет бар.
Мұны неге айтып отырмыз? Айналамыздағы әлем ең алдымен азық-түлік өнімдерімен ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етуге тырысып, артылғанымен сыртқы нарықты жаулап алуға ұмтылуда. Шаруашылығы мен өндірісі қалыптасқан мемлекеттер үшін бұл қалыпты жағдай, ал Қазақстан сияқты дамушы ел үшін ішкі өндірістің қалыпты жұмыс істеп, тұтыну нарығын толықтай қамтамасыз етуге әрекет жасауы екі есе тәуекел мен қосымша шығын әкелетіні анық. Бірақ қиындықтарға қарамастан өзіміздің шаруашылық пен өндірісті дамытуға міндеттіміз. Бұл – ел экономикасының өзегі. Әрине мұнай сатуға негізделген ұстанымнан әлі де толық арылмай отырған кезеңде шығыны көп, жұмысы да аз емес ішкі өндірістің дамып кетуі туралы айту күлкілі шығар. Тек біз қинала отырып бас тартуға тура келген шикізат сатушы рөлінен дайын тауар иесіне айналу үрдісі тым ұзаққа созылып кетпеуі тиіс. Бұл мемлекеттің даму бағдарын айқындайтын стратегиялық міндет. Осы жайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор. Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Бұл, әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. «Made in Kazakhstan» бренді сондай өнімдердің эталоны болуға тиіс. Шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшу қажет. Тек сонда ғана біз халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті бола аламыз...», деп шегелеп тұрып айтқан болатын.
Қант өндірісіне қатысты басталған сөзді індетейік. Бұл жердегі бізді қызықтыратыны – ішкі мүмкіндік. Жалпы, осы қант өндіру ісіне қатысты дүниежүзі елдерінің ұстанымы екіге жарылады. Яғни адамдар қандай жолмен алынған өнімді тұтынуы керек деген талас бар. Бұл даудың тек тұтынушы мүддесін көздеуден туғаны да күмәнді. Өйткені экономикасының бір пұшпағы тек қант қамысы өндірісіне негізделген мемлекеттер ешқашан тәтті түбір өсіруші елге есе жібермейтіні анық. Мысалы, осыдан он ғасырдай бұрын қамыстан қант алуды жолға қойған Үндістан қазір Еуропа нарығын толықтай болмаса да, ішінара игеріп қойған. Оның үстіне қант қызылшасын өсіріп, баптау мен өңдеуге кететін шығын қамыстан қант айыруға кететін шығынға қарағанда әлдеқайда жоғары. Сол себептен бе, әлемде өндірілетін қанттың 60 пайызын қамыс ұнтағы құрайды. Қалған 40 пайызы қант қызылшасын өсірушілердің үлесінде. Бірақ соған қарамастан, адамзаттың ақ түсті тәтті ұнтаққа, яғни қызылшадан алынған өнімге аңсары ауып тұрады екен. Ендігі жерде біз адамзаттың осы «әлсіздігін» өз пайдамызға жаратуға тиіспіз. Ауыл шаруашылығының, оның ішінде қызылша шаруашылығының нағыз күшіне мінетін шағы осы сәт. Тек бұған толық негіз бар деп сеніммен айта аламыз ба?
Иә, осы жерде ауыл шаруашылығы саласының тек шикізат көзін дайындаушы сектор екенін ұмытпауымыз керек. Демек, шаруаның табиғат төсінен теріп алған өнімін өңдеп, дайын тауар түрінде нарыққа ұсыну өндіріс саласының тікелей міндетіне жатады. Өкінішке қарай, бізде бұл жағы кенже дамып келеді. Көп жағдайда өнім бар да, өңдеуші жетіспей жататыны жасырын емес. Қант қызылшасын өсіруге қатысты да осылай деуге болады. Қазір еліміздің екі облысы ғана қызылша өсіруге шындап ден қойды. Соның бірегейі – Алматы облысы. Биыл еліміз бойынша жиып-терілген 508 мың тонна қант қызылшасының үлкен бөлігі осы облыстың шаруаларына тиесілі. Ал аймақта 2 қант зауыты жұмыс істеп тұр. Көксу ауданындағы қант зауытының тұрақты іске қосылғанына 3 жылдай уақыт болғанымен, өндіріс толық күшіне еніп үлгермей жатқанға ұқсайды. Ал биыл қайта іске қосылған Ақсу қант зауыты туралы әлдене деуге әлі ерте...
Жақында Ауыл шаруашылығы министрлігі өсімдік шаруашылығы өнімін қайта өңдеу басқармасының басшысы Гүлнәр Бижігітова диқандар үшін жағымды жаңалық айтты. Оның негізгісі қант қызылшасын өсіруге қатысты болып отыр. Үкімет 2021 жылға қарай тәтті түбір егілетін алқаптардың аумағын ұлғайтып, 32 мың гектарға дейін жеткізуді көздейді. Үміт дүниесі болғандықтан, «бұйырсыннан» басқа сөз айту ерте. Бірақ осы болжанған алқаптың әр гектарынан 350-370 центнер аралығында өнім жиналса, ішкі сұраныстың 30 пайызын Қазақстанда өндірілген қантпен қамтуға мүмкіндік туады екен. Қазір бұл көрсеткіш 10 пайыз шамасында ғана. Мұнан бөлек, Үкімет қант қызылшасын өсірушілерді субсидиялауға көшті. 2021 жылға қарай бұл қолдау сатылай көбейіп, жиналған тәтті түбірдің әр тоннасы үшін төленетін қаржы қомақты бола түседі.
Жалпы, елімізде қант қызылшасын егу дәстүрі үзілген емес. Бұл – қазақ диқан-шаруаларының ерлікке пара-пар еңбегінің жемісі. Және қызылша танаптарының үлесі біртіндеп артып отырды. Үкіметтің бұл салаға 2015 жылдан бастап қана шындап назар аударғанын ескерсек, оған дейін агросектор тек жеңілдетілген жанар-жағармайға ғана арқа сүйеп келгені анық. Еңбеккерлердің ерлігі дегенде осыны ескеріп отырмыз. Демек, Үкімет қолдауы ауадай қажет және ол жұмысты жандандырады.
Айтпақшы, Еуразиялық экономикалық одақ аумағында қант тасымалдауға байланысты келіспеушілік күшейіп тұр. Егер жақын күндері түйінді мәселе шешімін таппаса, жаңа жылдан бастап нарықтағы қант бағасы көтеріліп, бұл кондитер өндірісі және алкогольсыз сусын мен шырын шығарушылардың да шаруасын шатқаяқтатуы әбден мүмкін. Даудың басы мынада екен: қазіргі күні Қазақстанға сыртқы нарықтан тасымалданатын қант өнімдеріне кедендік баж салығы салынбайды. Және отандық тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру үшін сырттан тасымалданатын қант негізінен еліміздің қажеттілігі үшін қолданылып отырса да, ЕАЭО-дағы әріптестер тарапынан түсініспеушілік туғызуда. Әсіресе Ресей мен Беларусь тарапынан Қазақстанның қант тасымалдаушыларына тек осы мемлекеттен ғана өнім сатып алуға қатысты қатаң талап бар. Одақтастардың ойынша, сыртқы нарықтан, әсіресе Еуропа мен мұхит жағалауы елдерінен импортталатын қант Қазақстан арқылы ЕАЭО елдерінің нарығын арзан өніммен жаулап жатқанға ұқсайды. Ал осы Ресей мен Беларусь сыртқа шығаратын өз өнімдеріне 40 пайызға жуық баж салығын салып отыр. Бірақ біздің мамандардың бұған қарсы уәжі бар. «Қазақстан кондитерлер қауымдастығының» президенті Әлихан Талғатбектің айтуынша, одақтастардың ұстанымы орынсыз. «Егер біз қантты ЕАЭО елдерінен ғана импорттайтын болсақ, онда оған 30 пайыздан 40 пайызға дейінгі мөлшерде кедендік баж салынады. Бұл дайын өнім бағасының сәйкесінше көлемде өсуіне әкеліп соқпақ. Және біз тек Кеден одағынан ғана қант сатып алатын болсақ, онда ресейлік-беларусьтық олигополияның белгілейтін бағасына тәуелді болып қаламыз. Мәселен, үстіміздегі жылдың жазында Ресейде өндірілген қанттың бағасы бір апта ішінде 50 теңгеге өсті, бұл біздегіден 30 пайызға жоғары. Дәл осы кезде қантты тасымалдауда да қиындықтар туындады», дейді ол.
Демек, ел Үкіметінің алдында ауыл шаруашылығын дамытуды мықтап қолға алудан бөлек екінші жауапты жұмыс – әріптес елдердің сауда-саттыққа қатысты басым саясатынан ішкі өндірісті қорғау міндеті де тұрғаны анық.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»