– Жанбота, жаңа жылға табан тіредік. Ал 2017 жыл сіздің есіңізде несімен қалды?
– Өткен жылға алғыс айтамын. Өздеріңіз білетіндей, 2017 жыл Қазақстан спорты үшін маңызды оқиғамен басталды. Алматы қаласы тұңғыш рет Бүкіәлемдік қысқы Универсиаданы қабылдап, халықаралық аламанды жоғары деңгейде өткіздік. Студенттер арасындағы жарыста қола жүлдегер атандым. Жалпыкомандалық есепте екінші орын алдық. Сонымен қатар екінші жыл қатарынан Еуропаның абсолютті чемпионы атағын жеңіп алдым.
– Олимпиадада үміт артып отырған бірден-бір спортшысыз. Төртжылдықтың басты додасына жолдама алу қаншалықты қиын болды?
– Олимпиадаға қатысу кез келген спортшының арманы екенін ескерсек, бұл жолда ешкімнің де аянып қалмасы анық. Сондықтан Олимпия ойындары, әлем чемпионаттарының жүлдегерлерімен бір қатарда тұрып ұпайды сарапқа саламыз. Олимпиадаға бару үшін рейтингтегі 25 спортшының ортасында болуға міндеттісің. Сондықтан бұл оңай шаруа емес. Шындап келгенде, жолдаманы қолыма әлі алған жоқпын. Пхенчханға кімнің баратыны қаңтар айында белгілі болады. Әзірге дайындықты жалғастыра береміз.
– Жалпы, Олимпиадаға соңғы дайындық қалай жүріп жатыр?
– Көңіл күй де, даярлық та жаман емес. Жақында Қытайда өткен Әлем кубогы кезеңінен оралдық. Енді Мәскеуге Олимпиада алдындағы Әлем кубогы кезеңіне аттанамыз. Бұл – менің екінші Олимпиадам. Уақыттың алдына шығудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Сәтін салса, финалға шыққандардың қатарына енсем деген жоспар бар.
– Сіз бақ сынайтын фристайлда секіру элементтерін дұрыс жасау аздық етеді, көрермен мен төрешілерді баурап алатындай әдемі де болуы керек. Сіз өз жанкүйерлеріңізді бұл жолы немен таң қалдырасыз?
– Негізі бірнеше жаңа элементті қоссам ба деп ойлағанмын. Әзірге сенімсіздік бар. Жарыста қиын элементтерді жасаймын деп құлап жатқанша, әрбір қимылыңды таза орындап шығу маңызды.
– Басты қарсылас деп кімдерді айтар едіңіз?
– Әзірге қарсыластарымның аты-жөндерін толық қарап шыққан жоқпын. Бұл спорттың негізінен Қытай, Ресей мен Беларусьте қарқынды дамығанын ескерсек, осы елдердің спортшылары жүлдеге таласады деп ойлаймын.
– Сіздің фристайлға осыдан бірнеше жыл бұрын ғана келгеніңізді білеміз. Таңдауыңыз неге фристайлға түсті?
– Спорттық гимнастикада 9 жыл жүріп спорт шебері атағын алдым. Бұл менің аталмыш спорттағы мүмкіндігімнің шегі секілді көрінді. Сондықтан кез келген спортшы секілді мен де Олимпиадаға қатысу үшін жолымды басқа спорт түрінен іздеп көрейін деп шештім. 2011 жылғы Азиаданы теледидар арқылы тамашалап отырып фристайл жарыстарына көзім түсті. Фристайл мен спорттық гимнастиканың ортақ тұстары көп. Бәлкім, осы себепті де спорттың мен үшін жаңа, қысқы түріне бейімделу қиын соқпаған шығар. Аз уақыттың ішінде спорт шебері атанып, кейіннен халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына қол жеткіздім.
– Аз ғана уақыттың ішінде шаңғы фристайлынан біраз жетістікке жеттіңіз. Сіздің ойыңызша, бұл спорт түрін таңдаған адамға ең алдымен не керек?
– Қай салада жетістікке жетемін десең де ең алдымен адамның құлшынысы болуы керек. Алдыңда кездесетін қиындыққа төзе білген жөн. Сонда ғана көздеген мақсатыңа қол жеткізесің.
– Сіздің фристайлмен шұғылданып жүргеніңізді бастапқыда ата-анаңыз білмеген екен. Қазір жарыстарыңызды тамашалап жүре ме?
– Алғашында олар рұқсат бермейді деп фристайлмен кәсіби түрде шұғылданып жүргенімді айтпаған едім. Олар мені тек шаңғы тебуге барып жүр деп ойлайтын. Бірінші рет Сочидегі Олимпиадада көрген. Жарыстар көбінде шетелде өтетіндіктен, негізінен тек теледидар не ғаламтор арқылы көріп қолдап отырады. Үйде көп бола бермейтініме де үйренген. «Өз тойыңда үйде болсаң болғаны» дейді.
– Универсиада Қазақстанда шаңғы акробатикасының дамуына қаншалықты әсер етті деп ойлайсыз?
– Универсиада арқылы бұл спорттың танымалдылығы артқаны анық. Фристайлмен шұғылданатыныңды айтсаң, біреулер «бұл бидің бір түрі ме?» деп сұрап жатады. Сосын түсіндіріп отырғаның (күліп). Қазір жағдай өзгеріп келеді. Өзім балалар фристайл үйірмелеріне көптеп жазылса екен деймін. Яғни бұл спорттың дамуы үшін алдымен бәсеке керек. Қытайда солай. Сондықтан олардың атлеттерінің деңгейі де жоғары.
– Уақыт бөлгеніңізге рахмет! Біз де сізге сәттілік жолдас болсын деген тілегімізді білдіреміз.
Әңгімелескен
Мәдина АСЫЛБЕК,
журналист