Қазақстан • 04 Қаңтар, 2018

Баспасөз бастауындағы басылым

1456 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақ баспасөз тарихы 1870 жылы жарық көрген «Түркістан уалаятының газетінен» бастау алады. Десе де,  ел зиялыларының қаламгерлік қарымы мен жазбагерлік машығын қалыптастырған басылым ол – «Дала уалаятының газеті» еді. Тұңғыш басылымнан 18 жыл кейін жарық көрген бұл газет айналасына қазақ оқығандарын топтастыра отырып, өз заманының деңгейінде Алаш жұрты үшін өзекті мәселелерді ортаға салатын пікір алаңына айнала алды.  

Баспасөз бастауындағы басылым

­­­Шынтуайтында, «Түркістан уалая­тының га­зе­ті» мен «Дала уалаятының газеті» – екеуі де патшалық әкімшілік­тің бұйрық-жарлықтары мен қаулы-қа­рарларын жария­лап, отаршыл би­ліктің заң-закондарын бұра­тана халыққа жеткізу мақсатымен жа­рық көрген басылымдар еді. Орыс газет­теріне қосымша ретінде басылған бұл екі бас­пасөздің қай-қайсысы болсын отар жұрт­тың көрген бейнет, шеккен азабын көр­сетуді өз міндетіне алма­ғаны анық. Ке­рісінше, патшалық жандармерия орыс үкі­метіне бағынған ха­лық­тарды екінші мәр­те жеңуді көздеді. Бірақ осы жолы олар қару-жарақпен емес, газет арқылы ақыл-оймен және рухани басымдылықпен жеңу­­ді мақсат етті. Сол арқылы өздерінің Ор­та Азия­ға әкелген қоғамдық және әкім­ші­­лік­ құрылымдарының жергілікті жұрт­ бұ­ған дейін бірнеше ғасыр бойы тіке­лей мойынсұнып келген құры­лымнан әл­де­қай­да жоғары және жемісті екендігін се­зін­діруге мәжбүр етуді ойлады.

Баспасөздің түп табиғаты, тікелей рө­лі сананы ағарту, көкірек көзді ояту­ға құры­латындықтан теріс мақсат көз­дегеніне қа­ра­мас­тан, екі баспасөз де өнер-білімге су­сап отырған қазақ елінің көкірек көзін ашып, көңіліне сәуле түсіруге қызмет етті. Бұл, әсіресе, «Дала уалаятының газетіне» кө­бірек қатысты нақты тұжырым деп ұғынған дұрыс.

1888-1902 жылдар аралығында «Ак­­мо­линс­кие областные ведомос­ти» газе­тіне қосымша болып шыққан «Да­ла уалая­тының газеті» жоғарыда атап өткендей про­грессивті ықпалға ие болуының бір се­бебі – оның қазақша нұсқасын дайындаушы Ешмұхамед Абылайханов, Дінмұхамед Сұл­танғазин, Рақымжан Дүйсенбаев қатар­лы тұлғалардың еңбегі деп тану керек. Ай­та­лық, Д.Сұлтанғазин «Біздің қазақ тілі туралы бес-алты ауыз сөз» (1890 ж. №6), «Кейінгінің қамын ойлап жазылған ақыл» (1894 ж. №12) деген мақалаларында газетті керекке жарату турасынан сөз қозғап, ұтымды ұсыныстар айтады. «Мұндай пайдалы білім шашатұғын нәрсе Дала уалаяты үшін шығарылмыш қазақ газеті деп білеміз. Бұл газет көз жетпейтұғын қыр даланың ішіндегі жатқан халықтың бірер нәрсеге мұқтаж турасында керектігі. Бірінің айтқан ақылын біріне білгізеді. Егер де бұл ақыл мал бағып өсір­­мек, егін екпек, барша қыр даланың ішін­дегі шаруа­ға һәм адамның ғұмырына тие­сілі жауап­тарға керекті болған болса. Жо­ғарғы айтылмышқа қарағанда біздің газет оқырмандарымыз хабар шашып тұрған бұл жалғыз газеттің қымбат, қадірлі еке­­нін де білсе керек деп ойлаймыз...» – деп ­газетті кә­де­ге жаратуға, ел шаруасын оңал­ту­ға пай­далануға анық пейілін аң­ғар­­та­ды.

Басылым өзінің ресми емес бөлі­мінде қазақ елінің тұрмыс-тіршілігінен, мәде­ни ерекшеліктерінен хабар беретін көптеген материалдар жария­лап тұрды. А.Пушкин, Л.Толстой, М.Лермонтовтың әдеби туындыларын,­ сондай-ақ зерттеуші Г.Потанин, А.Алек­торов және т.б. ғалымдардың қа­зақ­ жұртының этнографиясы мен та­ри­хи-мәдени тақырыптарға қатыс­ты­ шұрайлы дүниелерін ауық-ауық ұсынып отырды. Осы негізде газет алға­шқы аударма­ үлгілерінің қалып­тасуына мұрындық бол­­ды. Оған қо­са қазақ қаламгерлерінің де өлең-жыр­ларын жариялады. Абайдың «Бо­лыс бол­дым, мінеки», «Жаз» атты туынды­лары ең алғаш осы газетте жарық көр­ген-ді. Басылымда жарияланған әдеби туындыларды шартты түрде екіге бөліп қарастыруға болар еді. Бірі – қазақ өмірінің өзінен алынған төл туындылар да, енді бірі – шығыс аңыз-әпсана, мысал-ертегілері, іргелес жұрттардың әдеби үлгілерінен аудармалар. Ол жарияланымдар тілі, құрылысы, жанры тұрғысынан алуан түрлі болып келді. Бұл жөнінде Г.Потанин «орыс клас­сиктерінің шығармаларын тұңғыш рет қазақ тіліне жатық, түсінікті етіп­ тәржімалап, оқырмандарға таныс­тырған Өскенбаев еді» – деп жазады. Га­зеттің өзі де 1896 жылғы 43-санында жарық көрген «Қазақтың тәуір адамдарының қылар ісі» деген материалда: «Өскенбайұлы Омбыдағы кадетский корпустан оқу бітіріп, Семей маңында қырға барып тұрған. Сол құрметті адам, есту бойынша, кеш болғанда орыс қиссаларын қазақ тіліне переуаттап, қазақтарға айтады екен. Солайша Тургеневтің, Лермонтовтың, Тол­стойдың, һәм өзгелердің шығарған кітаптарын Өскенбайұлы еркін переуат қылып шығарған» деген деректер келтіреді.

Осы «Дала уалаятының газе­тін­де» қазақ көсемсөзінің жазылу нормасы қалыптасты деп айтуға болады. Газет Алаш жұртының ертеден бергі орныққан шежірелік сөз саптауы мен ауызша баяндау дағдысын жазбашаға бейімдеуге көп қызмет етті. Қазақтың бай тілін кәдеге жаратумен бір­ге, өзге жұрттардан да қа­жетті сөздерді алу­ды, өзінде жоқ сөз­ді өзгеден алып байы­ту жағын ой­лас­тыруды ұсынды. Бұл жө­нінде Д.Сұлтанғазин «қазақ тіліне кірген сөз­дерді жазғанда сөздердің қазаққа қанша ұғымдылығына қарау керек. Мәселен, қазақтар «жандарал», «жанарал» дейді. Һәм генерал дегенді де жақсы пайымдайды. Сол себептен «генерал» деп жазу керек дейді (1896 ж. №31). Газет редакциясы сөздердің жазылу ретін тәртіптеп, қазақ ішіне орныққан, сіңісті болып қолданысқа енген сөздерді қазақ тілінің табиғаты бейімдеген күйінде жазуды мақұлдайды.

Газеттің бір соны ерекшелігі, 1894­ жылдан бастап кейбір сөздердің жігін ажыратуда сызықша, жұлдызша белгілерін қолданып келген-ді. Одан 2 жыл өткеннен кейін, дәлірек айтқанда, 1896 жылы 31-санынан бастап газетте тыныс белгі­лерін қолдану жө­нінде хабар жариялан­ды. Онда қа­зіргі таңда қолданылып жүр­ген тыныс белгілерінің барлығы көр­сетіліп, олар­дың қолданылу реттері, тәр­тіптеп түсін­дірілді. Осылайша, «Дала уалая­тының газеті» жазу стиліміздің қалып­тасуына, жазба нормамыздың емлелік тұрғыдан жөнге түсуіне бастамашы болды.

Қорыта айтқанда, «Дала уалаятының газе­ті» қазақ халқының қоғамдық ой-са­насының өсуіне, әлеуметтік пікірінің толы­суына оң әсерін тигізді. Мәдени-әдеби, эко­номикалық-шаруашылық құ­рылыстың көркеюіне үн қосып, бұйығы жұрттың оқу-ағарту ісіне серпін берді. «Дала уалаятының газеті» – қазақ кө­сем­сөзінің қалыптасуының тұтас бір мек­тебі болды. Онда Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Зұлқарнайын Нұралыханов, Сәдуақас Шорманов, Әлихан Бөкейхан, Барлыбек Сыртанов, Райымжан Мәрсеков, Жақып Ақбаев, Отыншы Әлжанов, Қорабай Жапанов, Асылқожа Құрманбаев, Мейрам Жанайдаров, Шерияздан Мәрсеков қатарлы бір шоғыр қаламгерлер әр жылдары қалам тербеді. Олар патшалық цензураның саңлауынан жол таба отырып, көшелі мәселеде қазақты оң бағыт, дұрыс жол­ға жетектеуге күш салды. Тіс арасынан сыздықтатып болса да күн тәр­тібіндегі көкейкесті мәселелерді шешу жолын ұсына білді.

Осылайша, 130 жылдық тарихты бастан кешіріп отырған газет ел шаруашылығын отырықшылыққа көшуге үндеуімен, өнер-білім, мәде­ниет­ке шақыруымен, халықты ағар­туымен қазақ баспасөзі тарихында өзінің лайықты бағасына ие болды.

Намазалы ОМАШҰЛЫ,

профессор