Цифрлы технологияларды енгізу арқылы халықтың әл-ауқаты оңалып, елдің барынша жылдам дамуына жол ашылмақ. Сондықтан да Елбасының тікелей тапсырмасымен бұл бағытта тыңғылықты жұмыстар басталып та кеткен болатын.
Міне, соның бір көрінісін бүгінде құқық қорғау органдары қолданып та жатыр. Сонымен қатар цифрлы технологиялардың игілігін алдымен халық көру үшін, оның соңы жаңалықтары халыққа қызмет көрсету барысында іске аспақ. Бұл ретте Қазақстан 2025 жылы цифрлы технологиялар бойынша бәсекеге қабілеттілікті анықтайтын әлемдік рейтингте 30-орыннан көрінуі тиіс. Елімізде цифрлы технологияларды енгізу жолында энергетика мен шикізат, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, IT, логистика сынды 9 салаға басымдық беріліп отыр. Демек, Президент айтқандай, цифрландыру – бұл тек нәтиже емес, бұл Қазақстанның жетістікке жетудегі түпкілікті басымдығы. Осы арқылы барлық салада бәсекелестік артады. Сонда барлық сала бірдей дамиды. Міне, осы тұста Қазақстанның заңнамасы кәсіпкерлік бастамаларды ынталандырып, ғылыми зерттеулерді, әзірлемелер мен жаңа технологияларды енгізуді қолдауы тиіс. Ал бұл бағытта даму үшін заңдарымыз да жан-жақты жетілген және соған сай оның орындалуы, яғни іске асуы тиімді болуы керек. Бұл жағынан құқық қорғау органдарымыз кенде қалып жатқан жоқ. Басқа заңдарды былай қойғанда, төрт бірдей жаңартылған кодекс қолданысқа еніп, ізгілендіру ісіне ықпалын тигізіп жатыр. Өйткені Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстер заман талабынан туындаған заңдар деп айтуға болады. Бұл жөнінде Елбасы: «Соттар қызметінің заңнамалық және іс жүргізу нормаларын жүйелі түрде жетілдіру маңызды. Жаңа қылмыстық, қылмыстық-іс жүргізу, қылмыстық-атқарушылық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстер ұзақ әрі тыңғылықты дайындалды, оны барлығы, мен де қарадым. Онда соттардың жаңа құзыреті, соның ішінде сот жүргізудің жеңілдетілген жаңа тәртібі қарастырылған. Сот бақылауы мен сот тексеруі барысындағы судьялар өкілдіктерінің аясы кеңеюде. Әрине, ізгілендіру жүріп жатыр, бірақ ол мақсат емес, ең бастысы біз босаңсып кетпеуіміз керек. Тиянақты қарау керек. Бұл кодекстердің жүзеге асуы қылмыстық сот төрелігінің сапасы мен жеделдігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады», деген болатын.
Бұл орайда прокуратура органдары да заңның адамға мүлтіксіз қызмет етуі қажеттігіне әрқашанда назар аударып келеді. Әрқашан заңның үстемдігі жоғары тұруы қажет. Ал заңның үстемдігі дегеніміз не? Ол құқықтық заңдылықты, адамның құқықтары мен бостандықтарын мемлекетте ең қымбат қазына деп білу. Ендеше құқықтық, демократиялық, зайырлы және әлеуметтік мемлекет құру үшін біз заңдылықты, заңға бағынуды ең жоғары тұрған және мүлтіксіз орындайтын міндет деп қабылдауымыз керек. Осы орайда түрлі жобалар да дүниеге келіп, іске асып жатыр. Оның бәрі жоғарыда айтқанымыздай, заңдарымыздың түйткілдері болса тарқатып, кемшіліктерін түзеу болып табылады. Мәселен, дәлел жеткілікті болса да, кінәлі адам мойындап тұрса да, қылмыстық іс айлап тергеледі. Жәбірленушілер, куәлар бар жұмысын, кәсібін ысырып қойып, күндеп, тіпті апталап тергеу органдарында жүруге мәжбүр. Сондықтан осы мәселенің сырына прокурорлар тереңдеп үңіліп көріпті. Сосын оның сырын да тауыпты. Енді қазір бұл істе айтарлықтай нәтиже бар. Дәлелденіп тұрған істер бұрынғыдай 1-2 ай емес, 5 күнде, әрі кетсе бір аптада тергеліп, үкімдер шығып жатыр. Сотқа жолданған істердің 75 пайызы осындай қысқа мерзімде аяқталды. Қалғандары егжей-тегжейлі зерттеуді қажет ететін күрделі істер.
Бұған қалай қол жеткізілді? «Ең алдымен, істі қарап, виза қоятын адамдардың саны қысқартылды. Іс полиция мен прокуратурада біраз лауазымды адамдардың қолынан өтеді екен. Әрине, бұл қыруар уақытты алады. Сотта істі қарау үшін кемінде 1 ай керек. Соған адамдардың өкпесі қара қазандай. Сондықтан полиция мен прокуратурадағы процедураны жылдамдаттық. ҚПК бойынша түскен қылмыстық теріс қылық туралы істі прокурор 1 тәулікте зерттеуі тиіс. Бұл мерзім 6 сағатқа дейін қысқарды. Ал, жеделдетілген формадағы істер 3 тәулік емес, 24 сағатта қаралып, сотқа жолдануда. Бұрын полиция істі прокурорға өткізу үшін көп уақыт жоғалтатын. Прокуратураға барады, канцелярияға тапсырады, сосын қала, аудан прокуроры арқылы орындаушыға жетемін дегенше біршама уақыт кетеді. Қазір мұндай артық кедергілерді алып тастадық. Жергілікті ішкі істер бөліміне кезекші прокурорды әдейі отырғыздық. Ол істерді қарап, өзі бірден сотқа жолдайды», дейді Бас прокурор.
Міне, Елбасы айтқандай, цифрлы технологияның жұртқа берер пайдасы көп. Соған сәйкес тағы бір үлкен жаңалық, Бас прокуратура Жоғарғы сотпен бірігіп заң үстемдігін арттыру үшін жаңа жоба дайындаған болатын. Бұл енді нағыз ІТ технологияның өнімі болып табылады. Осы жобада, яғни «Заңдылық» жүйесінде Қылмыстық кодекстің барлық нормалары цифрланған. Прокурор немесе судья шешімді компьютерде дайындағанда бұл жүйе қате болса, оларды сол сәтте көрсетіп, яғни қызылға бояп көрсетіп береді. Бұл қандай қателер? Жаза тым қатал немесе негізсіз жеңіл емес пе, режім түрі қаншалықты дәл таңдалды, конфискация жасау керек пе, қосымша жаза қалып қойған жоқ па, тағы басқа 100-ден астам параметр бойынша сұрақтар електен өткізіледі.
Осы база арқылы 2016 жылғы 40 мың үкім тексеруден өткізіліпті. Сонда прокурорлар наразылығы бойынша 559 үкім түзетілген. Жүзден астам сотталғанға тағылған айып көлемі төмендетіліп, тым жоғары жазалар қайта қаралып, қайсыбір сотталғандар жазасы колония түріне ауыстырылған. Осылайша, сарапшылардың айтуына қарағанда, аталған «Заңдылық» жүйесі прокурорлар мен судьялардың санасын өзгерте бастаған. Базаға ілікпеу үшін олар заңдарды мұқият оқып, біліктіліктерін үнемі көтеруге тырысатын болған. Соның арқасында сот шешімдерінің сапасы да жақсара түсті. Сондықтан апелляцияда қайта қаралған қылмыстық істердің саны 40 пайызға азайған екен. Енді бұл іс қолдау таба берсе, онда көп ұзамай онлайн режімде қылмыс тіркелгеннен бастап жазаны орындауға дейінгі жолдың бәрін көретін боламыз. Сөйтіп, жыл соңына дейін «Заңдылық» жүйесін барынша күшейтіп, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап өндіріске толық енгізу жоспарланып отыр. Сонда сот үкімдеріндегі айқын қателіктер күрт азаяды деп күтіледі.
Тағы бір мәселе, жыл сайын 500 мыңнан астам іс тергелетінін көпшілік біле қоймайды. Олардың бәрі қағазда жазылатыны сөзсіз. Ал жасыратыны жоқ, оны жоғалтуға, тіпті жалған құжаттар жасауға немесе қаламасаңыз, мүлде жойып жіберуге болады. Көп жағдайда оны ешкім білмей қалады. Бұл сөзімізге нақты деректер де бар. Ресми органдардың айтуы бойынша 2,5 жылда осындай 3,5 мың іс жоғалған көрінеді. Дәлелдемелерді қолдан жасағаны үшін 33 қызметкер сотталған. Демек, бұл қаншама адамның арызы қаралмай қалды немесе қаншама адамның ісі бұрмаланды деген сөз. Ал алыс ауылдардан жазылған арызды тексеру үшін өңірлерден сұралатын істер жолда 2-3 апта жүреді. Тағы 20 күн оны қайтаруға кетеді. Осылайша жүздеген мың істер «қыдырып» жүреді екен. Енді бұдан құтылудың жолы қандай? Міне, осы кемшіліктерді жою үшін электронды қылмыстық істер жобасы дүниеге келді.
Сөйтіп, аталған істерді е-форматқа көшіру – жоғарыдағы олқылықты жағдайды түзетуге бағытталған алғашқы қадам болды. Бұған көңіл бөлген елдерде қылмыс та аз жасалады екен және болып жатса оның ашылуы да тез жүргізіледі дейді. Дамыған елдердің көбінде қылмыстық іс қағаз жүзінде емес, электронды түрде жүргізіледі. Сондықтан Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті «Е-қылмыстық іс» бағдарламасын әзірледі. Оған бюджеттен қосымша қаржы сұралмаған көрінеді. Ол қылмысты тіркеу, сотқа дейінгі тергеу және қылмыстық жазаны орындау кезеңдерін қамтиды. Сонда электронды қылмыстық істің пайдасы қандай дейсіз ғой. Айтайық. Қылмыстық істі бұрмалау болмайды, істер жоғалмайды; бәрінен бұрын қағазбастылық мүлде азаяды. Ал электронды форматқа көшірілсе, істер бұдан да тезірек тергелмек. Тергеу, сараптау күшейген соң әрбір қылмыстық іске терең үңіліп, дұрыс практиканы қалыптастыруға мүмкіндік туады. Жәбірленуші, айыпталушы, адвокат істің қалай қаралып жатқанын кез келген уақытта онлайн режімде көре алады. Электронды шағымдар модулі жұмыс істей бастайды. Ол деген, тараптар тергеушінің іс-әрекетіне шағым келтірсе, оны прокурор бірден онлайн арқылы тексере алады. Осылайша бұл қанатқақты жобаның басталып кеткеніне біраз уақыт өтті. Енді келесі жылдың шілдесінен бастап барлық қылмыстық іс жүргізу цифрлы түрге ауыспақ. Міне, осылайша прокуратура, жалпы сот жүйесі мен құқық қорғау органдары Елбасының цифрландыру туралы тапсырмасын орындауда басымдық танытып отыр дегіміз келеді.
Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»