Парламент • 05 Қаңтар, 2018

Парламент депутаттары сайлаушылармен кездесті

48 реткөрсетілді

Мәжіліс және Сенат депутаттары өңірлерде халықпен кездесуде.  

Парламент Мәжілісі Төр­аға­сының орынбасары Гүлмира Исим­баева, Мәжілістің Әлеумет­тік-мәдени даму комитетінің төр­ағасы Гүлнар Иқсанова және Мә­жіліс депутаты Серік Сейдуманов Ал­маты қалалық кардиология орта­лығының жұмысымен таныс­ты.  

Еліміздегі ең іргелі ауруха­на­лар­дың бірі саналатын аталған орта­лықта өткен жылдың өзінде жүрек­­ке 600-ден астам ашық операция жасалған. Кездесу барысында депутат­тар Пар­ламент Мәжілісінің қызметі туралы әңгімелеп, мемлекеттік және үкі­меттік бағдарламалардың, мін­детті әлеуметтік медициналық сақтандырудың, сондай-ақ жүйелі реформаларды жалғастырудың маңыздылығына тоқталды. Ме­дицина қызметкерлері өз ке­зегінде денсаулық сақтау сала­сын­дағы ақпараттық жүйелерге, цифр­ландыруды енгізуге, кардио­логиялық қызметтегі ақпараттық жүйелердің жай-күйіне және ха­лықты дәрі-дәрмекпен қамта­масыз етуге қатысты сауалдарын қойды.

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

 

Парламент Сенатының депутаттары Манап Көбенов пен Нұржан Нұрсипатов Павлодар облысында болды. Сенаторларға Ақсу ферроқорытпа зауытында металлургтер жұмысының нәтижелері көрсетілді.

Сондай-ақ депутаттар Евгеньев ауылдық округінде өткен жылы пайдалануға берілген бірқатар әлеуметтік нысандарда болды. Сенаторлар сумен жабдықтау желісімен танысып, құрылысына 160 миллион теңге жұмсалған денешынықтыру-сауықтыру кешенін аралады. 

Сапарларын қорытындылаған сенаторлар аймақтың әлеуметтік дамуындағы табыстар мен ауыл шаруашылығы саласын көтерудегі жергілікті кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының зор үлестерін атап өтті. Депутаттар жүздесу барысында отандық өнім өндірушілерді қолдауға қатысты айтылған ұсыныстар заң шығару жұмыстары барысында ескерілетінін айтты.

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР

 

Біздің сапарымыздың басты мақсаты – ел-жұртпен жүздесіп, әлеуметтің жай-күйі мен тыныс-тіршілігі жөнінде жан-жақты пікір алысу, деді Ақтөбедегі кездесулері кезінде Парламент Мәжілісінің депутаттары Глеб Щегельский мен Дания Еспаева.

Сондай-ақ олар ауыл шаруа­шы­лығына қатысты мәселелерді де көтеріп, бұл бағыттағы мем­ле­кеттік бағдарламалардың тиім­ділігін арттыру қажеттілігіне тоқ­талды. Ал депутат Құралай Қаракен әлеуметтік сипаттағы жайларға басымдық берсе, Сергей Симонов депутаттардың заң шығарушылық қызметіндегі кейбір жайларға тоқтала келіп, бұл істе ел мүддесі қай кезде де бірінші орында тұратынын мәлімдеді. Оның ойынша бұған көпшіліктің ой-пікірлері мен ұсыныстары басты негіз болмақ. 

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ
 

Парламент Сенатының депутаты Рысқали Әбдікеров Қарағанды қаласында азаматтарды қабылдады. Сенатормен кездесуге әртүрлі әлеуметтік мәселелер толғандырған облыс орталығының тұрғындары келді. 

«Қорғау» ардагерлер кеңесінің мүшесі В. Чайка қабылдау кезінде қала мен облысты дамытудағы аға буын өкілдерінің рөлі туралы айта келіп, олардың жастар тәрбиесіне атсалысуы керектігі туралы өз ойын ортаға салды. Жалпы алғанда, депутатқа 11 азамат қабылдауға келіп, екі шағым бойынша оң шешім қабылданды. Қабылданған 5 шағым тиісті мекемелерге жіберілді. Сондай-ақ 4 азаматты толғандырған мәселелер бойынша тиісті түсіндіру жұмыстары жүзеге асырылды.  

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»

Қарағанды

 

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев  жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісінің депутаттарымен кездесті. Олардың қатарында Уәлихан Қайназаров, Берік Оспанов, Сапар Ахметов және Фахриддин Қаратаев бар.

Кездесуде облыстың әлеумет­тік-экономикалық дамуы мен алда атқарылатын жұмыстар сөз болды. – Елбасының бастамасымен қолға алынған мемлекеттік бағ­­дар­­ламалар өңірде белсенді түрде жүзеге асып келеді, – деді облыс әкімі. 

Өз кезегінде Мәжіліс де­путаттары да өз ойларын ор­­таға салып, сапарлары барысында Пре­зиденттің саяса­тын насихат­тап, алдағы жылдары атқары­латын жұмыстарды жүйе­леуді жөн көріп отырған­дарын айтты. 

Бұдан соң халық қалаулылары бірқатар аудандарды аралап, жұртшылықпен кездесті.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар