Қалалық жобалық офис арқылы жалпы құны 2 миллиард 43 миллион теңгені құрайтын 20 жобаның іске асырылуы жоспарланған. Қала әкімі Рүстем Дәулеттің айтуынша, қазіргі таңда мемлекеттік тапсырыс шеңберінде 2 жоба жүзеге асқан. Сонымен қатар Тараз шаһарындағы жоғары және арнаулы оқу орындарында «Рухани дамыту», «Рухани қазына», «Өнеге», «Зерде» орталықтары ашылып, жұмыс істеп жатыр.
Жалпы, өңірдегі кәсіпкер азаматтардың қамқорлыққа құлшынысы қуантады. Елбасының «Туған жер» жобасы бойынша «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров «Мыңбұлақ» шағын ауданынан өз қаражатына заманауи әмбебап спорт алаңын салып беруді қолға алмақшы. Ал «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қуат Баққараев компания атынан аз қамтамасыз етілген отбасына екі бөлмелі пәтер сыйлауға уәде етіп отыр. Сондай-ақ Әлімбек Жұмабаев, Арман Еділбаев, Марат Рахманбердиев сияқты кәсіпкерлердің де қайырымдылық қағидаттары талайға үлгі.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы