– Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі екі жылдан кейін енгізілетін болды. Осы уақыт ішінде қор қандай жұмыстармен айналыспақ?
– Негізінен қор тек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың ғана емес, Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінің де операторы болып табылады. Бұрын бұл қызметті Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті атқарған болатын. 2018 жылы комитет жұмысын тоқтатады. Сондықтан біз қазір заңда көрсетілген міндетімізді атқаруға кірісіп кеттік. Осы мақсатта қыркүйек айында қор аталған бағдарлама шеңберінде қызмет көрсетуден үміткер денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорын жасаған болатын. Мемлекеттік тапсырысты орналастыруға 1600-ден астам денсаулық сақтау субъектісі қатысып жатыр. Оның 45 пайыздан астамы – жекеменшік клиникалар. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда, екі есе көп және бұл жекеменшік ұйымдардың қор бастамасын қолдап, медициналық қызмет көрсетуде белсенділік танытқанын көрсетсе керек. Сонымен қатар тұңғыш рет бұл процеске еліміздегі ірі-ірі жекеменшік клиникалар қатысып отыр. Бұл да халық арасында білікті мамандарымен, заманауи технологияларымен көзге түскен медицина орталықтарының қызығушылығы артып отырғанын білдіреді.
– Жүйені енгізу мерзімі кейінге шегерілді. Ал жарна төлеу тәртібі өзгерді ме?
– Жұртшылық тарапынан айтылған сыни пікірлер мен Елбасының тапсырмасынан кейін Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуді екі жылға шегеру туралы ұсыныс жасаған болатын. Бірер апта бұрын депутаттар тарапынан толық мақұлданған заң жобасына Мемлекет басшысы қол қойды.
Әлбетте, жарна төлеу тәртібінде айтарлықтай өзгерістер бар. Қолданыстағы заң бойынша, 2017 жылғы шілдеден бастап жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғалар сақтандыру жарнасын аударып жатқаны белгілі. Заңға ұсынылған өзгерістер бойынша, жұмыс берушілер өз қарамағындағы жұмыскерлер үшін жарна төлеуді тоқтатпайды және олар аударатын жарна мөлшері де өзгермейді. Бұл санат 2018-2019 жылдары жұмыскер табысының 1,5%-ы, 2020 жылдан бастап 2 пайызы көлемінде жарна аударады. Осы жерде жарнаның жұмыскер жалақысынан емес, жұмыс берушінің өз есебінен төленетінін де айта кеткен жөн. Қарамағында жалдамалы жұмыскерлері бар жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының иелері де жарнаны осы тәртіп бойынша аударады. Ал жеке кәсіпкерлер 2018-2019 жылдары өзі үшін жарна төлемейді (жеңілдетілген тәртіп бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлер биылғы жартыжылдықтың жарнасын алдағы ақпан айының 25-іне дейін төлеп болуы тиіс). Бірақ олар жұмыс беруші ретінде жарна төлеуді тоқтатпайды.
Жаңа өзгерістер бойынша жеке тұлғалар да екі жылға дейін жарна төлеу міндетінен босатылып отыр. Бұл санаттағылар, яғни, жалданып жұмыс істейтін жеке тұлғалар өзі үшін жарнаны 2020 жылдан бастап төлей бастамақ (2020 жылы – 1%, 2021 жылы – 2%). Оны жұмыс беруші ай сайын ұстап, қорға аударып отырады. Есіңізде болса, сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін дау тудырған үлкен мәселенің бірі азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғалар болатын. Қолданыстағы заңда АҚК негізінде еңбек ететіндер табысының бес пайызын қорға аударуға міндеттелген еді. Ал бұл аталған санаттағылар тарапынан сынға ілікті. Сол себепті заң жобасын әзірлеу барысында министрлік бұл мәселеге де баса мән берді. Нәтижесінде, АҚК негізінде еңбек ететін тұлғалар төлейтін жарна мөлшері төмендеді. Бұл санаттағы азаматтар 2020 жылы табысының 1%-ын ал 2021 жылдан бастап 2%-ын аударады. Ал 2018-2019 жылдары бұл топ жарна төлеуден босатылады.
– Он миллионға жуық адамды сақтандыратын мемлекет жарнаны қай кезден бастап төлейтін болды?
– Жалпы, мемлекет халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған, тұрмысы төмен бөлігін қолдауды тоқтатпақ емес. Атап айтқанда, елімізде тұратын он миллионға жуық адам мемлекеттің қамқорлығына алынбақ. Бұл – Қазақстан халқының жартысынан астамы. Яғни 2020 жылдан бастап мемлекет әлеуметтік әлсіз топтарға жататын зейнеткерлер, көп балалы аналар, жүкті әйелдер мен бала күтімімен декреттік демалыста отырғандар, студенттер мен 18 жасқа дейінгі балалар, мүгедектер, жұмыссыз ретінде ресми тіркелген азаматтар т.б. үшін жарна аударады. Жеңілдігі бар санатқа жататын әр адам үшін аударылатын жарна мөлшері статистика органы тарапынан өткен екі жылға бекітілген орташа айлық жалақының 4%-ын құрамақ. Ендеше, бұл медициналық сақтандыруды енгізу арқылы мемлекет ұлт саулығы үшін жауапкершіліктен жалтарып отыр деген пікірлердің негізсіз екенін дәлелдесе керек.
– Жүйе екі жылдан кейін іске қосылады дедіңіз. Осы уақыт ішінде жарна төлеуді тоқтатпайтын жұмыс берушіге түсетін жүктің салмағы ауырлап кетпей ме?
– Дұрыс айтасыз, жүйе кейінге шегерілгенімен, жұмыс берушілер қарамағындағы жұмыскерлер үшін аударым жасауды тоқтатпайды. Бірақ сақтандыру жұмыс беруші үшін қиындық тудырмайды деуге болады. Себебі, Үкімет 2018 жылдан бастап әлеуметтік салықты 1,5 пайызға төмендету туралы шешім қабылдаған болатын. Яғни жұмыс беруші үшін ештеңе өзгермейді. Жалпы, біздің елімізде сақтандыру жарнасының мөлшері өте төмен. Сақтандыру өзінің тиімділігін дәлелдеген әлем елдерінде жұмыс берушілер мен бизнес өкілдерінің төлейтін жарнасы кем дегенде 5-7 пайызды құраса, бізде жұмыс берушілер төлейтін жарнаның ең жоғары мөлшері 3-ақ пайыз. Бұл экономикалық секторға әсер ете қоятындай сома емес.
– Бұл қаржы қайда жұмсалады және қалай сақталады?
– «Әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңға сәйкес, қор активтерінің тұтастығына мемлекет тарапынан кепілдік берілген. Түскен жарналар Ұлттық банктегі шотта сақталады. Ұлттық банк қаржыны сақтап қана қоймай, активтерді сақтандыру пакеті шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтерді сатып алу басталғанға дейін басқарады. Қаржыны инвестициялау туралы шешімді Ұлттық банк қабылдайды. Бұл түскен қаржыны инфляция салдарынан құнсызданудан сақтайды. Екі жылдан кейін қаржы медициналық қызметтерді сатып алуға жұмсалады. Оған дейін бұл резервтен бір тиын да шашау шықпайды.
– Сақтандыру жүйесі енгізілгелі бері жарты жылға жуықтады. Осы уақыт ішінде қор қанша қаржы жинады?
– Жаңа жүйе іске қосылған шілде айынан бері жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер сақтандыру жарнасын белсенді түрде төлеп жатыр. 2017 жылғы шілденің 1-і мен желтоқсанның 14-і аралығында МСҚ-ның Ұлттық банктегі шотына 27 млрд теңгеге жуық қаржы түсті. Оның 81 пайызы немесе 21,8 млрд теңгесі жұмыс берушілер аударған жарна болса, қалған 19 пайызы (4,9 млрд теңге) жеке кәсіпкерлер мен АҚК бойынша еңбек ететін тұлғаларға тиесілі.
– Жыл сайынғы дәстүрлі тіркеу науқанын былтыр алғаш рет Медициналық сақтандыру қоры өткізді. Оның нәтижесі қалай болды?
– Былтырғы қыркүйек айында еліміз бойынша емханаға тіркеу науқаны басталған болатын. Екі айға созылған жыл сайынғы дәстүрлі шара барысында бұрын-соңды тіркеуге тұрмаған тұрғындар қалаған емханасына барып тіркелуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ бұл науқан азаматтардың медицина мекемесін таңдау құқығын іске асыруға мүмкіндік берді. Қор өкілдерінің дерегіне сүйенсек, қазақстандықтар науқанға үлкен қызығушылықпен қатысты. Науқанға біздің дерекқорға енген емханалар, соның ішінде көптеген жекеменшік клиникалар қатысты.
Биылғы тіркеу науқаны барысында 300 мыңнан астам қазақстандық емхана таңдау құқығын пайдаланды. Бұл алдыңғы жылдардағы көрсеткішпен салыстырғанда екі есе көп. Ендеше, бұл жұртшылық тарапынан тіркеу науқанына деген қызығушылықтың артып, азаматтардың емхана таңдау құқығы жайлы көбірек біле бастағанын растаса керек.
Әңгімелескен
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ