Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Әлия Оразалинаның есебіне қарағанда, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша нысандарды жөндеу жұмыстарына 452 миллион, материалдық-техникалық базаны нығайтуға 1 миллиард 225 миллион теңге бөлінген.
Нәтижесінде 13 жоба жүзеге асырылып, 20 нысан қалпына келтірілген. 21 санитарлық, 5 жеңіл көлік, 136 бірлік медициналық құрал-жабдықтар сатып алынған. Кардиологиялық орталық картографиялау және электрофизиологиялық жүйелеу аппараттарымен, шалғай елді мекендер ЭКГ құрылғыларымен толыққан.
Алайда тындырылған істерге қарамастан, отырыста орын алған бірқатар олқылықтар да атап өтілді. Облыстық мәслихаттың депутаты, комиссия жетекшісі Юрий Белоногтың айтуынша, Қызылжар аудандық орталық ауруханасына жөндеу шараларының графиктен кешеуілдеуі байқалған. Осы ауданда 2016 жылы әкелінген медициналық жабдық арада бір жыл өткен соң ғана іске қосылған. Бірінші қалалық ауруханаға 40 миллион теңгенің УЗИ аппараты орнатылғанымен, толық қуатында жұмыс істемейді. Бағасы қымбат. Одан екі есе арзанын алуға болатыны ескерілмеген.
Емдеу мекемелерінің өкілдері мамандардың жетіспеушілігін, тапшылығын қанша алға тартса да, бұл уәжбен келіспеген комиссия мүшелері мен халық қалаулылары кемшіліктерді шұғыл түзетуді талап етті.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы