Орыс миссионері, профессор Н.Ильминскиий бұратана халықты орысша оқытып, бірте-бірте өз ана тілін ұмыттырып, шоқындыруды ойластырып жүріп, өзі қазақ тілін үйренуге құштар болған. Қазақ тілін сүйгені сондай, оны жақсы меңгеріп, грамматикасын жасап, сөздерін құрастырған тұңғыш ғалым. Оның жас Ыбырайға жасаған қамқорлығы да бір төбе.
Ыбырайдың әкесі Алтынсарыны Балғожа бидің ауылын шапқан кезде Кенесары жасағы өлтіріп кеткені тарихтан белгілі. Соған қарамастан Ыбырай да Кенесары мен Наурызбай туралы аңыз әңгіме жазыпты. Бұл туындыны жақында 1901 жылы жарық көрген «Тургайская газетаның» 21 нөмірінен таптық. Аңыз соңында «И.А.» деп қол қойыпты. Бұл – Ы.Алтынсариннің бүркеншік аты. «Оренбургский листок» газетінде шыққан публицистикалық мақалаларының соңына да ұлы ұстаз осылай қол қойған.
Рас, 1901 жылы Ыбырай бұл дүниеден өтіп кеткен болатын. Алайда, қайтыс болғаннан кейін де шығармалары жарық көре бермей ме?! «И. А.» басқа біреудің аты мен тегінің алғашқы әріптері шығар деп іздестіріп көріп едік, таба қоймадық. Оның үстіне ол кезде (Ыбырай заманында) орыс тілінде мұндай шығарма жаза алатын адам қазақ даласында жоқтың қасы еді. Кенесары-Наурызбай тарихының тасқа басылуын, ел есінде қалуын ойлаған кемеңгер ұстаз әке өлімін де кешіргендей ғой. Асылы, ізгілік қаталдықтан мықты ма дейсің...
Серікбай ОСПАНҰЛЫ,
ақын, Қостанай мемлекеттік педагогикалық
институтының профессоры