Қазақстан • 08 Қаңтар, 2018

Президенттің жұмыс кестесі: 2017 жылдың негізгі қорытындылары

322 рет
көрсетілді
37 мин
оқу үшін

2017 жыл Қазақстан үшін елдегі ауқымды реформалар мен халықаралық аренада елеулі табыстарға қол жеткізіп, дамудың жаңа белесіне көтерілген жыл болды. Мемлекет басшысының жұмыс кестесі де өзінің мазмұны мен тығыздығы жөнінен соған сай келді.

Президенттің жұмыс кестесі: 2017 жылдың негізгі қорытындылары

Өткен жылы Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың шетелдерге және өңірлерге сапарларын, қатысқан түрлі отырыстар мен кеңестерді, халықаралық және республикалық форумдарды, конференциялар мен съездерді, шетелдік мемлекет және қоғам қайраткерлерімен кездесулерді, жұртшылық пен еңбек ұжымдары өкілдерімен жүздесулерді, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандарды аралап көруді қоса алғанда, жалпы, 700-ден астам протоколдық іс-шаралар болды.

Елбасы 11 кеңес өткізді. Атап айтқанда, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының мәселелері бойынша – 2, Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия қызметі мәселелері бойынша – 1, мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру жобасын іске асыру жөнінде – 1, құқық қорғау жүйесін реформалау мәселелері бойынша – 1; Ұлттық банк қызметінің қорытындылары бо­йынша – 1; Астана қаласының әлеу­меттік-экономикалық дамуы және ЭКСПО-2017 халықаралық маман­дан­дырылған көрмесіне әзірлік мәселе­лері бойынша – 2; Астана қаласы­ның айналасындағы «жасыл белдеуді» дамыту мәселелері бойынша – 1; Ал­маты қаласының әлеуметтік-экономи­калық дамуы мәселелері бойынша – 1; өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру мәселелері бойынша кеңес өтті.

Сондай-ақ Н.Ә.Назарбаевтың төрағалы­ғымен Үкіметтің кеңейтілген 1 отыры­сы, Мемлекеттік билік тармақ­тары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс то­бының 2 отырысы, «Нұр Отан» партия­сы Саяси кеңесінің кеңейтілген 1 отырысы және «Назарбаев Университеті», «Назарбаев зияткерлік мектептері» мен «Назарбаев Қоры» дербес білім беру ұйымдары Жоғары құрылтайшылық кеңесінің 1 отырысы өткізілді.

Президент жанындағы консуль­та­тивтік-кеңесші органдар мәселесіне орай Қауіпсіздік Кеңесінің 3 отырысы және Шетел инвесторлары кеңесінің 1 отырысы болды.

Жыл ішінде Президент Парламенттің 3 отырысына қатысты, сондай-ақ Сенат пен Мәжілістің төрағаларымен бірнеше кез­десу өткізіп, депутаттық корпуспен тығыз жұмыс істеді.

Мемлекет басшысы еліміздің өңір­леріне 13 жұмыс сапарын жасады: соның ішінде Алматы қаласына екі рет, Ақ­мола облысына екі рет барды, сондай-ақ Қарағанды, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақ­стан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда және Қоста­най облыстарында болды. Сонымен қатар Президент Астана қаласының да тыныс-тіршілігімен танысып, нысандар мен кешендерді жиі аралап көрді.

Екіжақты қарым-қатынастар аясын­да шетелдерге жасалған 8 сапарды, 11 мемлекетаралық саммит пен 3 халық­аралық форумды қоса алғанда, Мемлекет басшысының қатысуымен 150-ден астам халықаралық сипаттағы кездесулер мен іс-шаралар өтті.

Н.Ә.Назарбаев 1 баспасөз конферен­ция­сын, 9 брифинг өткізіп, отандық және шетелдік БАҚ-қа 6 сұхбат берді жә­не 2 бейнеүндеу жасады. Сәуір айында Мем­лекет басшысының «Болашаққа бағ­д­ар: рухани жаңғыру» атты мақаласы Қазақ­станның басты басылымдарында жа­рияланды, сондай-ақ желтоқсанда «Тәуел­сіздік дәуірі» атты кітабы жарық көрді.

Жыл ішінде Президент 88 заңға, 210 жарлыққа, 66 өкімге, 19 кеңес хаттамаларына қол қойып, 1072 қызметтік құжат пен азаматтардың 291 өтінішін, 3,5 мың талдамалық және ақпараттық-анықтамалық материалдарды қарады. Жалпы алғанда, бұл 5 мыңнан астам құжатты қамтыды.

Мемлекет басшысы осы кезең ішінде 54 күн, соның ішінде 21 күн шетелдерде, 33 күн Қазақстанның өңірлерінде іссапарда болды.

* * *

Мемлекет басшысының бастамасымен мемлекеттік билік тармақтарының арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлуге бағытталған конституциялық реформа елдің ішкі саяси өміріндегі басты оқиға болды.

Президенттің 11 қаңтардағы өкіміне сәйкес Президент Әкімшілігінің Басшысы Ә.Р.Жақсыбеков жетекшілік ететін Жұ­мыс тобы құрылды. Оның құрамына Пар­ламенттің, Үкіметтің, Жоғарғы Сот­тың және өзге де мемлекеттік орган­дардың, сон­дай-ақ заңгерлер қауымы мен ғылыми-са­раптамалық қоғамдастықтың өкілдері енді.

Жұмыс тобы конституциялық реформа жобасын бүкілхалықтық талқылау ба­ры­сында ұсыныстарды жинақтау және оларды талдау жөнінде ауқымды жұ­мыс жүргізді. Жалпы, азаматтардан Конс­ти­туцияның 63 бабына қатысты 6 мыңнан астам ұсыныс түсті.

10 наурызда Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы тиісті заң күшіне еніп, мемлекеттің саяси-құ­қық­тық дамуының жаңа қадамы жасалды. Атап айтқанда, Үкіметті жасақтау мәсе­ле­леріне қатысты Парламенттің рөлі арт­ты, Үкіметтің ұлттық экономика­ны басқарудағы дербестігі айтарлық­тай ұлғайды, құқық қорғау және сот орган­дарының қызметі жетілдірілді, консти­туциялық бақылау жүйесі күшейтілді, сондай-ақ мемлекет тәуелсіздігінің, бір­тұ­тас­тығының, аумақтық тұтастығы­ның мызғымастығына қатысты консти­ту­циялық кепілдіктер бекемделді.

Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағ­дар­ламасы конституциялық реформаның қисынды жалғасына айналды. Оның негізгі ережелері 12 сәуірде мерзімдік басылым беттерінде жарық көрген Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрініс тапты. Мұнда көтерілген бірегейлік, дәстүр, тіл, ұлттық тарих сияқты мәселелерді қамтыған кең ауқымды және мүдделі жалпыұлттық диалог осы бағдарламаның қоғамға дер кезінде ұсынылғанын әрі қажет екенін көрсетті.

Оны іске асыру үшін Мемлекет бас­шысының тапсырмасымен Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құрылды.

Н.Ә.Назарбаев осы бағыттағы алғаш­қы нақты қадамдардың бірі ретінде ла­тын қарпіндегі қазақ әліпбиін әзір­леуге бастамашы болды. Президент бұл ре­фор­маның өзге тілдердің дамуына залалын тигізбеуге және азаматтар құқықтарының бұзылуына жол бермеуге тиіс екеніне тоқтала келіп: «Латын қарпіне көшу туралы идея біз тәуелсіздік алған кезде туындаған болатын... Бұл – өте күрделі процесс. Оның мақсаты тілімізді одан әрі дамыту және әлемдік ақпараттық кеңістікке шығару үшін жағдай жасау болып табылады...», деп атап көрсетті.

Жетекші қоғамдық бірлестіктердің, ғы­лыми орта мен жұртшылық өкіл­дері­нің қатысуымен өткен талқылау қоры­тындысы бойынша латын графикасы не­гізіндегі қазақ әліпбиінің жобасы Пре­зиденттің 27 қазандағы Жарлығына сәй­кес бекітілді. Сондай-ақ Қазақ тілі әліп­биін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құрылып, оған бұл үдерісті 2025 жылға дейін ұйым­дастыру міндеті жүктелді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Қазақ­стан­дағы 100 жаңа есім», «Туған жер», «Қазақ­станның киелі жерлерінің география­сы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мә­дениет» жобаларын іске асыру басталды.

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы қоғамда үлкен қызығушылық туғызды. 1,5 млн қазақстандық қатысқан онлайн-дауыс берудің нәтижесінде еліміздің бар­лық өңірлерінен тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен әртүрлі жастағы, түрлі ұлт өкілдері мен түрлі кәсіп иелері­нің ішінен 102 жеңімпаз ірікте­ліп алын­ды. Н.Ә.Назарбаев 1 желтоқ­санда жеңім­паздармен өткізген кездесуінде: «Адам­дар сіз­дер­дің өнегелеріңіз­ден шабыт алуы үшін әрқай­сыңыз фильмге, кітап­қа арқау болуға ла­йықтысыз­дар. Сіздер – бірегей тұлға­сыздар. Тәуел­сіз­ді­гіміз сіздерге талант­тарыңызды шыңдап, бола­шаққа жол салуға мүмкіндік берді. Сіздер өскелең ұрпаққа үлгі боласыздар», деді.

Сәуір айында Президенттің төраға­лы­ғымен өткен Қазақстан халқы Ассам­б­леясының «Жаңғырудың негізі – тұрақ­тылық, бірлік, келісім» атты ХХV сес­сиясы аясында қоғамымызды рухани-идео­логиялық тұрғыдан жаңғырту тақырыбы одан әрі дами түсті. Мемле­кеттің идеология саласындағы жаңа бағытына жан-жақты тоқталған Елбасы Ассамблеяның осы жұмысқа белсенді атсалысатынына сенім білдірді.

Бұл мәселелер 39 алыс және жақын шетелден келген 750 делегат пен қонақтың қатысуымен маусымда өткен Дүниежүзі қазақтары V құрылтайының күн тәр­ті­біне де енген болатын.

Жыл басында Алматы қаласында өткен 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универ­сиада елдің қоғамдық өміріндегі есте қаларлық жарқын оқиғаға айнал­ды. Н.Ә.Назарбаев алауды тұтату рәсімін­де Универсиада тәуелсіздіктің бүкіл тари­хындағы аса ірі спорт сайысы екенін және оның өткізілуі Қазақстанның ең ауқым­ды халықаралық іс-шараларды атқара алатынын тағы да дәлелдегенін атап өтті. 11 алтын медальды қоса алғанда, бар­лығы 36 медальмен жалпыкомандалық есепте екінші орынды иеленген ұлттық құра­ма­мыз да өзінің лайықты үлесін қосты.

Астана қаласында ЭКСПО-2017 халық­аралық мамандандырылған көрме­сінің өткізілуі жылдың жалпыұлт­тық мәні бар басты оқиғасы болды. ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасында алғаш рет ұйымдастырылып, «Бо­лашақтың энергиясы» тақырыбына арналған көрмеге 150-ге жуық ел, халық­аралық ұйымдар мен трансұлттық корпорациялар қатысты. Олар өздерінің «жасыл» энергетика саласындағы жаңа әзірлемелері мен технологияларын ұсынды. Көрме жұмыс істеген 3 ай ішінде оған 4 млн-ға жуық адам келді, соның 600 мыңнан астамы – әлемнің 187 елінен келген шетелдік туристер.

Президент 10 қыркүйекте көрменің сал­танатты жабылу рәсіміндегі қоры­тынды сөзінде ЭКСПО көрмесі өткі­зілуі­нің экономикалық, саяси және ғылыми-техникалық тұрғыдан оң әсері болғанын әрі жаһандық кеңістікте біздің елімізді және «Қазақстан» ұлттық брендін танытатын жаңа бір биік белеске айналғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы әлемде геосаяси шиеленістің күшейе түскенін ескере отырып, ұлттық қауіпсіздікті нығайту жөнінде дәйекті саясат жүргізді.

Бұл ретте, Елбасының төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің 3 отырысы өткі­зіліп, терроризмге, киберқатерлерге, ақ­па­раттық технологияларды заңсыз пайда­лануға қарсы іс-қимыл, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларда әрекет ету мәселелері күн тәртібіне қойылды.

Сондай-ақ Н.Ә.Назарбаевтың Қазақ­стан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерімен кездесуі діни экстремизмнің алдын алу, жат діни ағымдарға қарсы іс-қимыл, халықтың діни сауатын арттыру мәселелеріне арналды.

Мемлекет басшысы Қазақстан Рес­пуб­ликасы Қарулы Күштерінің, Мемлекеттік күзет қызметінің, Ұлттық қауіпсіздік ко­митетінің, ішкі істер органдарының 25 жылдығына арналған салтанатты жиындарға қатысып, 1 шілдеден бастап әскери қызметшілердің лауазымдық жалақыларын 25%-ға арттыру жөнінде тапсырма берді.

7 мамырда Жоғарғы Бас қолбасшы Отан қорғаушы күні мен Қазақстан Рес­­пуб­ликасы Қарулы Күштерінің 25 жыл­дығына арналған әскери шеруге қатысты.

Н.Ә.Назарбаев әскери қызметшілерді құттықтай отырып, бұл тәуелсіз еліміздің бүкіл тарихындағы ең ауқымды шеру екенін атап өтті. «Шеруге 5 мыңнан астам адам және 400 әскери техника қатысуда. Бұл айбынды армиямыздың даңқы асқақ және мақтан тұтуға тұрарлық екенін көрсетеді. Осы жылдарда мемлекет әскерилерге жан-жақты қолдау білдіріп келеді. Алғашқы әскери құрылымдардан бастап қауіпсіздіктің тиімді жүйесін құруға дейінгі үлкен жолдан өттік. Мемлекет қалыптасуының күрделі кезеңінде Қазақстан армиясы өзінің алдына қойылған міндеттерді абыроймен атқара білді», деді Президент.

Жыл соңында Н.Ә.Назарбаев Қор­ғаныс министрлігінің басшылығымен кез­дес­ті. Онда Мемлекет басшысы елдің қор­ғаныс қабілетін нығайту және әскер­лердің жауынгерлік әзірлігін артты­руға байланыс­ты 2017 жылғы қызмет қоры­тындылары туралы министрлік­тің есебін тыңдап: «Біз биыл әскери құрылымның бағыты мен оны әрі қарай дамытудың стратегиясын, әскери доктринаны, Қарулы Күштерді дамытудың тұжырымдамасын бекіттік. Осы құжаттарды іске асыру нәтижесінде 2020 жылға қарай Қарулы Күштеріміздің жауынгерлік қуаты 1,5 есе өсуге тиіс. Арнаулы операциялар күшінің мүмкіндіктері 3 есе артатын болады», деп түйіндеді.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес және оның қоғамдағы көріністеріне төзбеушілікті қалыптастыру мәселесі де жыл бойы Мемлекет басшысының назарында болды. Осы кезеңде 3,5 мыңға жуық қылмыстық іс қозғалып, соның 1 мыңнан астамы сотқа жолданды. Кел­ті­рілген 15 млрд теңге залалдың 11 млрд теңгесі мемлекетке қайтарылды. 7 млрд-тан астам теңге көлеміндегі мүлікке тыйым салынды.

Тәуелсіздік күні қарсаңында Мем­лекет басшысы елорданы Астана қала­сына көшірудің 20 жылдығын атап өтуге арналған мерейтой жылының бас­тал­ғанын жариялады. Соның аясында 2018 жылдың аяғына дейін Қазақстанның барлық аумағында ұйымдастырушылық, ақ­параттық-имидждік, мәдени-бұқа­ралық, спорттық, абаттандыру іс-шара­ла­ры­ның тұтас бір кешенін өткізу көздел­ген. Атап айтқанда, тақырыпқа қатыс­ты дөңгелек үстелдер, ғылыми конферен­циялар, көрмелер, фестивальдар, қазақ­стандық және әлемдік өнер жұлдыздары қатысатын концерттер, спорт жарыс­тары, Қазақстанның шетелдердегі меке­мелерінде салтанатты қабылдаулар және елді мекендерді абаттандыру жөніндегі жұмыстарға байланысты көптеген шаралар өткізу жоспарлануда.

Н.Ә.Назарбаев 22 желтоқсанда отан­дық жетекші БАҚ өкілдерімен өткен кез­десуде жылдың басты оқиғала­рын қо­ры­тындылады. Өткен жылы қазақстан­дықтарды толғандырған көкейкесті мәселелер де Президенттің назарынан тыс қалмады. Мемлекет басшысы соларға жау­ап бере отырып, латын қарпіне көшудің орынды екенін, күздегі жанар-жағармай тапшылығының себептерін, азаматтардың зейнетақы қорының сақталуына кепілдік берілетінін, Қазақстан-Қырғызстан қа­рым-қатынастарының ахуалын, Уни­вер­сиада мен ЭКСПО-ны өткізуге кеткен шығындардың ақталғанын және бұл ны­сан­дардың келешекте пайдалануға бері­ле­тінін, елордаға газ жүргізу мүмкін­дік­терін және т.б. мәселелер жөнінде айтты.

* * *

Президент мемлекеттің саяси және экономикалық дамуын жетілдіру мақ­сатымен жаһандық экономиканың қар­қынды трансформациясы аясында ұлт­тық экономиканы жаңғырту бағ­дар­ламасын ұсынды.

Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның үшін­­ші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабі­леттілік» атты Жолдауында: «Әлем­де кезекті, Төртінші өнеркәсіптік рево­люция басталды. Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойы­луына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Біздің көз ал­дымызда болып жатқан ұлы өзгеріс­тер – әрі тарихи сын-қатер, әрі ұлтқа берілген мүмкіндік. Бүгін мен Қазақ­станды Үшінші жаңғырту жөнінде мін­дет қойып отырмын. Елдің жаһандық бәсе­кеге қабілеттілігін қам­тамасыз ететін экономикалық өсімнің жа­ңа моде­лін құру қажет», деп мәлімдеді.

Үшінші жаңғырудың негізгі бес басымдығы белгіленді. Олар: ұлт­тық экономиканы технологиялық жаң­ғырту; іскерлік ортаны жақсарту; макро­эко­номикалық тұрақтылық; адам капи­талының сапасын арттыру; институ­ционалдық өзгерістер, ұлттық қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлықпен күрес.

Президент осыларды жүзеге асыру мақсатымен Үкіметке 2025 жылға дейін «Қазақстанның ұлттық технологиялық бастамасы» стратегиялық даму жоспар­ын әзірлеуді тапсырып, бірқатар жұмыс кеңестерін өткізді.

Мемлекет басшысының төраға­лы­ғымен ақпан айында Үшінші жаңғыру ая­сындағы Жолдаудың негізгі мақ­саттары мен міндеттеріне арналған Үкі­меттің кеңейтілген отырысы өтті. Елбасы экономикамыздың одан әрі дамуы үшін әлеуетіміз бар екенін айтып, ІЖӨ-нің 5% деңгейіндегі тұрақты өсімін қамтамасыз етудің қажеттігін атап өтті. Президент Үкімет пен әкімдер тарапынан шешілуге тиіс басты мәселелердің қатарында бизнес саласындағы заңна­маны ізгілендіруді; мемлекеттік кәсіп­орындардың үлесін төмендетуді, мем­лекет-жекеменшік серіктестігін дамытуды; мемлекеттік сатып алу саласында им­портты алмастыруға және отандық өндірістің дамуын қамтамасыз етуге мүм­кіндік беретін жағдайлар жасауды; ел экономикасында аграрлық сектор­дың әлеуетін ұтымды пайдалануды; денсаулық сақтау саласында көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруды; 12 жылдық білім беруге, үш тілде оқытуға және ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесіне көшуді; мемлекеттік бюджетті тиімді пайдалануды атап өтті.

Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен ақпанда өткен кеңесте экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыру мәселелері талқыланды. Цифрлы технологияларды қолдана отырып, жаңа индустрияны дамыту және базалық салаларды технологиялық тұрғыдан қайта жабдықтау кешенін әзірлеу жөніндегі шаралар мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып белгіленді.

Мемлекет басшысы 22 ақпанда Алматы қаласында өткен Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық ғылым ака­демиясының 70 жылдық мерейтойына арналған салтанатты сессияда елдің ғылыми әлеуетін Үшінші жаңғырудың міндеттерін шешу үшін кеңінен пайдалану қажеттігін айтты.

Қыркүйектегі Цифрландыру мәсе­лелері бойынша республикалық ке­ңестің барысында Президентке «Цифр­лы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы ұсынылған болатын. Елбасының ескерт­пелері ескерілген соң бағдарлама жел­тоқсанда қабылданды.

ЭКСПО-2017 халықаралық маман­дан­дырылған көрмесі дамудың жоғары стандарттар­ын ұсына отырып, ұлттық экономиканы озық ғылыми әзірлемелер мен технологиялардың базасында жаңғыртуға тың серпін берді. Бұдан басқа, көрмені өткізу кезінде шетелдік инвесторлармен мұнай химиясы, фармацевтика, энергетика салаларында бірқатар ірі келісімшарттар жасалды.

Көрме экономиканың көптеген секторына мультипликативтік тұрғыдан оң әсер еткенін айта кеткен жөн. Көр­ме нысандарын салу және оның кейін­гі жұмыстарды атқару барысында ел­дің барлық өңірлеріндегі шағын және орта бизнестің 1,5 мыңнан астам кәсіп­орындары 640 млрд теңгеден астам қар­жы көлеміндегі тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге тапсырыстар алды. Көрме кешенін салуға еліміздің 196 ко­м­паниясының 200 мыңға жуық жұмы­сшысы тартылды. Тек қана көрме жұмысын қамтамасыз ету үшін 21 мыңнан астам адам қызмет етті. Туристік сектор жанданды. Туроператорлардың қызметіне сұраныс екі есе артты. Астанадағы қонақүйлердің саны 30%-ға артып, оларға қонақтардың орналасу көрсеткіші 60%-ға дейін өсті. Нәтижесінде жергілікті бюджетке қонақүй-мейрамхана бизнесі субъектілерінен түсетін қаржы 2,5 есе артты. Темір жол, автомобиль және әуе көліктерімен жолаушылар тасымалдау ісі жанданды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен көрме жұмысы аяқталған соң оның аумағында «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру жұ­мыстары басталды.

АХҚО өңірлік қаржы хабына айналуға тиіс. Оның қызметінің негізгі бағыттары – ұлттық бағалы қағаздар нарығын қалыптастыру, оны халықаралық қор нарықтарымен интеграциялау, инвес­тиция тартудың биржалық тетіктерін дамыту, заңды және жеке тұлғалардың активтерін басқару, кең ауқымды қаржы құралдарын ұсыну.

Осы мақсатпен АХҚО алаңында қор биржасы ұйымдастырылды. Ол 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап сауда-саттық ісіне кірісті. І тоқсанда мемлекеттік бағалы қағаздар мен ұлттық компаниялардың акцияларын (IPO) шығару және оларды биржада орналастыру жоспарлануда. АХҚО биржасы «Самұрық-Қазына» қорының компанияларына жекешелендіруді жүргізетін және «Бәсекеге қабілетті көшбасшылар – Ұлттық чемпиондар» бағдарламасына қатысушылардың бағалы қағаздарын орналастыратын негізгі орын болады деп жоспарланып отыр.

АХҚО ағылшын құқығының қа­ғи­даттарына және жетекші қаржы орта­лық­тарының стандарттарына негізделген ерекше құқықтық режімде жұмыс істейтін болады. Президент 7 желтоқсанда олардың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ететін Тәуелсіз қаржылық сот пен Халықаралық арбитраждық орталық судьяларынан ант қабылдады.

Қазіргі кезде Қытайдың Даму банкі, Шанхай қор биржасы, Жібек жолы қоры, Сауд Арабиясының, Біріккен Араб Әмірліктері мен Таяу Шығыстың бірқатар елдерінің ислам банктері және басқалар осы Орталық аумағында өз өкілдіктерін ашу туралы келіссөздер жүргізуде.

Бүкіл посткеңестік кеңістіктегі осындай жалғыз құрылым саналатын «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметі Н.Ә.Назарбаевтың 2015 жылы қабылдаған саяси шешімнің арқасында жү­зеге асып отыр. Осыған сәйкес еліміз­дің Конституциясына қажетті өзгеріс­тер енгізілді, Конституциялық заң қабыл­данды, ағылшын құқығының қағидат­тарымен АХҚО сотының тәуелсіз болуына жағдай жасалды, сондай-ақ ағылшын тілі Орталық қызметінің жұмыс тілі болып белгіленді.

X Астана экономикалық форумы мен Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің ХХХ отырысы еліміздің инновациялық-технологиялық тұрғыдан әрі қарай дамуының мәселелеріне арналды.

Мемлекет басшысы Қазақстан өңір­лерінің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін, әсіресе еліміздің бір­қатар өнеркәсіп кәсіпорындарында болған еңбек даулары жағдайына орай ұдайы бақылауда ұстады. Осы және басқа да мәселелер Президенттің өңірлерге жасаған жұмыс сапарлары барысында облыс активтерімен, еңбек ұжымдарымен, жұртшылық өкілдерімен өткізген кездесулерінде басты назарда болды.

Сондай-ақ Н.Ә.Назарбаев өңір­лер­ді дамыту және мемлекеттік бағдар­ла­маларды іске асыру мәселелерін Пар­ламент, Үкімет, Президент Әкімшілігі бас­шыларының, облыстар, Астана және Алматы қалалары әкімдерінің, орталық мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен Ақмола облысының Бура­бай кентінде тамыз айында өткен республикалық кеңесте қарады.

Президент экономика дамуының маңызды мәселелерін талқылау мақсатымен Премьер-Министрді, Үкімет мүшелерін, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдерін жыл ішінде бірнеше мәрте қабылдады. Ұлттық банктің, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп коми­тетінің, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, ұлттық компаниялардың есептерін тыңдады.

* * *

Қазақстан 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде өз міндеттеріне кірісіп, оның жұмысына бірден белсене араласа бастады. Республикамыздың осы қызметтегі негізгі басымдықтары Қазақстан Президентінің 11 қаңтардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне арнаған Саяси үндеуінде тұжырымдалған болатын. Онда әлемнің ядролық қа­рудан азат болуына қол жеткізу; жаһан­дық соғыс қатерін жою және жергі­лікті қақтығыстарды реттеу; өңірлік қауіп­сіздікті және ынтымақтастықты нығайту барысында Орталық Азияның мүдделерін ілгерілету; терроризмге қарсы іс-қимыл; Африкадағы бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелері; қауіпсіздік пен тұрақты даму арасындағы ажырамас байланысты қамтамасыз ету; Қауіпсіздік Кеңесі мен БҰҰ-ның барлық жүйесін ХХІ ғасырдың қауіп-қатерлері мен сын-тегеуріндеріне бейімдеу сияқты мәселелер қамтылды.

Қазақстан Сирия қақтығысын реттеуші басты диалог алаңы ретін­де танылған соң, бірінші кезекте бітім­гер­шілік қызметке баса назар аударды. Сирия Үкіметі мен қарулы оппозиция­ның өкілдері ресми деңгейде алғаш рет кездесіп, өткізген сирияаралық келіс­сөздер Қазақстанның шиеленісті мәселелерді шешу барысында беделді медиатор ретіндегі абыройын арттыра түсті.

Сондай-ақ Қазақстан жаһандық анти­ядролық қозғалыс лидерлерінің бірі ретінде КХДР-дың саясатына қатысты принципті көзқарас ұстанып, оның ядролық қаруды сынақтан өткізуін қатаң айыптады. Бұл ретте біздің еліміз Үлбі металлургия зауытының базасында Төмен байытылған уран банкін 29 тамызда салтанатты түрде ашып, ядролық қаруды таратпау идеясына берік екендігін іс жүзінде көрсетті. Қазақстан мен МАГАТЭ арасындағы тиісті келісімге 2015 жылы қол қойылғаны белгілі. Бұл мемлекетіміздің ядролық қаруды таратпау режімін нығайтуға және ядролық отынды қауіпсіз жеткізудің бірегей тетіктерін құруға қосқан үлесі болды.

Сондай-ақ Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін одан әрі нығайта түсуге алыс және жақын шет мемлекеттермен табысты екіжақты байланыстар да ықпал етті.

Қазақстанның ТМД елдерімен қарым-қатынасы тату көршілік және сенім аясында дамыды.

Н.Ә.Назарбаев Ресеймен дәстүрлі достық және өзара тиімді байланыс­тарды негізге ала отырып, жыл ішінде екіжақты және көпжақты форматтағы түрлі халықаралық іс-шаралар аясында Президент В.В.Путинмен 8 рет кездесті. Өткен келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастық мәселесімен қатар, сирияаралық диалогты ұйымдастыру мәселелеріне де ерекше мән берілді.

Қазақстан Президентінің қараша айындағы Беларусь Республикасына ресми сапары сауда, өзара инвестиция­лар, ақпараттық технологиялар алмасу, ғылыми-техникалық және мәдени ықпалдастық саласындағы бірқатар мемлекетаралық және үкіметаралық келісімдерге қол қоюмен аяқталғанын да атап өту қажет.

Орталық Азия мемлекеттерімен қарым-қатынас ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне көтерілді.

2017 жылы Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстан арасындағы үш елдің мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесінің ауданы туралы үшжақты шартты, сондай-ақ Қазақстан-Түрікменстан және Қазақстан-Қырғызстан шекара­ларын демаркациялау туралы екіжақ­ты келісімдерді қоса алғанда, мемлекет­аралық деңгейде бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.

Жыл ішінде Өзбекстанмен ынты­мақ­тастықты жандандыру мақсатында Н.Ә.Назарбаевтың Ш.М.Мирзиёевпен 5 кездесуі өтті. Қазақстан көшбасшысының осы елге қыркүйек айындағы мемлекеттік сапары табысты болды, соның барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы, транзиттік-көліктік, әскери-өнеркәсіптік және мәде­ни-гуманитарлық салалардағы ынты­мақтастық туралы екіжақты 9 келісімге қол қойылды. Сондай-ақ су-энергетика саласының проблемаларына және Аралды құтқару халықаралық қорының қызметіне баса назар аударылды.

Түрікменстанмен өзара ықпалдастық та қарқынды дамыды. Президент Г.М.Бер­дімұхамедовтің Қазақстанға сә­уір айын­дағы мемлекеттік сапарының және Н.Ә.Назарбаевтың Түрікменстанға қыркүйек­тегі жұмыс сапарының қорытын­дысы бойынша бірлескен инфрақұ­ры­лымдық жобаларды іске асыру, өзара тауар айналымын арттыру, «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» темір жолының транзиттік-көліктік әлеуетін пайдалануды кеңейту туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.

2017 жылы Қырғызстанмен арадағы қарым-қатынас біршама шиеленіскеніне қарамастан, Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы жағдайды қоса алғанда, барлық проблемалық мәселелер Қазақ­стан басшысының салиқалы ұстаны­мы­ның арқасында, оның Қырғыз Респуб­ли­касының жаңа Президенті С.Ш.Жээн­бековпен 30 қарашада Минск қаласында ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сессия­­сының аясында және оның 25 желтоқ­­санда Қазақстанға жасаған ресми сапары барысындағы кездесулер қоры­тын­дылары бойынша ретке келтірілді.

Каспий маңы мемлекеттерімен ынтымақтастық саласында да айтарлықтай серпіліс жасалды.

Желтоқсанның басында Мәскеу қаласында өткен Каспий маңы мемле­кет­терінің Сыртқы істер министрлері VII кеңесінің қорытындысы бойынша Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның бесжақты жобасы келісілді. Оған 2018 жылы Астана қаласында өткізу көзделген Каспий маңы мемлекеттері V саммитінің барысында мемлекет басшылары деңгейінде қол қойылады деп жоспарланып отыр. Бұл негіз салушы құжат Каспий өңірінде тұрақтылық пен қауіпсіздіктің берік іргетасын қалауға және оның экономикалық әлеуетін толық деңгейде пайдалануға жағдай жасайды.

Сондай-ақ Қытай, Қазақстан, Каспий теңізі акваториясы, Әзербайжан, Грузия, Түркия және Еуропалық Одақ арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік маршрутының бөлігі болып табылатын «Баку-Тбилиси-Карс» темір жол қатынасының қазан айының соңында іске қосылуына байланысты Қазақстан мен бүкіл Каспий маңы өңіріне жаңа мүмкіндіктер ашылады.

Бұл Н.Ә.Назарбаевтың сәуір айының басында Әзербайжанға барған ресми сапары барысында Әзербайжан Президенті И.Г.Әлиевпен жүргізген келіссөздерінің күн тәртібіне енген негізгі мәселелердің бірі болды.

Қазақстанның Азия бағытындағы қарым-қатынастары да серпінді дамыды.

Қытай Халық Республикасымен өзара қарым-қатынас қазақстандық сыртқы саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып қала берді.

Қытаймен орнатылған дипло­ма­тиялық қарым-қатынастың мерейтойлы 25 жылдығындағы екіжақты ынты­мақ­тастықтың басымдықтары көбіне екі мемлекеттің стратегиялық бағдарла­малары – Қазақстанның «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы мен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» атты бастамасының тоғысу міндеті арқылы айқындалды.

Мамыр айында Бейжің қаласында өткен «Бір белдеу, бір жол» атты ха­лықаралық ынтымақтастық форумында Қазақстан Президенті осыған байланысты туындайтын перспективалар туралы айта келіп: «Бір белдеу, бір жол» жаңа геоэкономикалық парадигманы қалыптастыруға мүмкіндік береді, оны табысты іске асыру халқының жалпы саны 4,4 млрд адамды құрайтын елдерге пайда әкеледі. Осындай жағдайда Орталық Азия әлемнің ірі нарықтарының арасындағы негізгі көпір бола отырып, тағы да стратегиялық маңызға ие болады», деп мәлімдеді.

Түркия Президенті Р.Ердоғанның қыркүйек айында Қазақстанға жаса­ған ресми сапары осы елмен ынты­мақ­тастыққа қосымша серпін берді, соның қорытындылары бойынша сауда-экономикалық, инвестициялық, құрылыс, транзиттік-көліктік саладағы байланыс­тарды тереңдетуге бағытталған бірқатар келісімдерге қол қойылды.

Н.Ә.Назарбаев 2017 жылы Біріккен Араб Әмірліктеріне үш рет барды. Аталған сапарлар барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейте түсуге, сондай-ақ ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің және «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметтеріне қатысты мәселелер бойынша өзара іс-қимыл жөніндегі маңызды уағда­лас­тықтарға қол жеткізілді. Осы орайда, Қазақстан Президенті қаңтарда Әбу-Даби қаласында өткен «Болашақтың энергия­сы» атты Х Дүниежүзілік саммиттің жұмысына қатысып, Дубай қаласындағы Халықаралық қаржы орталығын аралап көрді.

Қараша айында Қазақстан көш­басшысы елімізге ресми сапармен келген Иордания Королі ІІ Абдалламен кездесті. Сирия, Ирак және Катардағы дағдарыс ахуалын тұрақтандыруға бағытталған бірлескен бітімгершілік күш-жігерді жұмылдыруға қатысты проблемалар мен перспективалар талқылаудың негізгі тақырыбы болды.

Қазақстанның еуроатлантикалық бағыттағы байланыстары жоғары деңгейде сақталды.

Америка Құрама Штаттарымен стратегиялық серіктестікті нығайту үшін Н.Ә.Назарбаевтың Эр-Рияд қаласындағы «АҚШ – Ислам әлемі» саммиті аясын­да Президент Д.Трамппен және Мемлекеттік хатшы Р.Тиллерсонмен жүргізген келіссөздерінің маңызы зор болды. Қыр­күйек айында Америка жағының бастамасы бойынша Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Д.Трамппен телефон арқылы сөйлесуі барысында нәтижелі диалог жалғасын тапты. Соның қорытындысы бойынша Америка көшбасшысы Қазақстан көшбасшысын АҚШ-қа ресми сапармен келуге шақырды.

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін тамашалау үшін Қазақстанға келген Германия Президенті Ф.-В.Штайнмайермен, Польша Президенті А.Дудамен, Финляндия Президенті С.Ниинистёмен, Чехия Президенті М.Земанмен, Швейцария Президенті Д.Лойтхардпен, Сербия Президенті А.Вучичпен, Испания Королі VI Фелипемен, Монако Князі ІІ Альбермен өткен Мемлекет басшысының кездесулері Еуропалық Одақ мемлекеттерімен байланыстарды қарыштап дамыту жолында маңызды рөл атқарды. Еуропалық әріптестермен келіссөздер барысында саяси диалогты нығайту, сауда-эко­но­микалық және инвестициялық ынты­мақтастықты кеңейту жөнінде уағда­ластықтарға қол жеткізілді.

Жалпы алғанда, Н.Ә.Назарбаев 2017 жылы екіжақты қатынастар бойынша шетелдерге 8 сапар жасады, оның ішінде 1 мемлекеттік, 3 ресми және 4 жұмыс сапары болды. Атап айтқанда, Президент мемлекеттік сапармен Өзбекстанға (16 қыркүйек), ресми сапарлармен – Біріккен Араб Әмірліктеріне (15 қаңтар), Әзербайжанға (3 сәуір), Беларусь Республикасына (29 қараша) және жұмыс сапарларымен – Біріккен Араб Әмірліктеріне (27-28 наурыз, 24 қазан), Түрікменстанға (17 қыркүйек), Ресейге (27 желтоқсан) барды.

Мемлекет басшысының мемле­кет­аралық бірлестіктер мен халықаралық форумдар аясындағы байланыста­ры Қазақстанның сыртқы саясат арена­сын­дағы беделін арттыруға қомақты үлес қосты.

Жыл ішінде Қазақстан Президенті еуразиялық интеграция бағыты бо­йынша ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің екі отырысына, Жоғары Еу­разиялық экономикалық кеңестің екі отырысына және ҰҚШҰ-ның екі сам­митіне қатысты.

Қазақстанның астанасында маусым айында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысы өзінің маңыздылығы тұрғысынан тарихи мәнге ие болды, онда Үндістан мен Пәкістан ШЫҰ-ға жаңа мүше ел ретінде қабылданды.

Н.Ә.Назарбаев қыркүйек айында Астанада өткен Ислам Ынтымақтасты­ғы Ұйымының Ғылым және тех­нология­лар жөніндегі І саммитінде ғылыми-технологиялық артта қалушылықты еңсеру үшін мұсылман мемлекеттерінің күш-жігерін біріктіруге шақырды. Бұл Елбасының пікірінше, қазіргі кезеңде ислам уммасы үшін негізгі қауіп-қатерлердің бірі болып саналады.

Жалпы, 2017 жылы Қазақстан Президенті көпжақты ынтымақтастық аясында 11 мемлекетаралық саммитке: Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына (Бішкек қ., 14 сәуір), ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне (Бішкек қ., 14 сәуір), «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастық форумына (Бейжің қ., 15 мамыр), «АҚШ – Ислам әлемі» саммитіне (Эр-Рияд қ., 21 мамыр), ШЫҰ Мемлекет басшылары кеңесінің отырысына (Астана қ., 9 маусым), ИЫҰ-ның ғылым және технологиялар жөніндегі І саммитіне (Астана қ., 10 қыркүйек), ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің отырысына (Сочи қ., 11 қазан), Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына (Сочи қ., 11 қазан), Қазақстан және Ресей өңіраралық ынтымақтастығының XІV форумына (Челябі қ., 9 қараша), ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына (Минск қ., 30 қараша), ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне (Мәскеу қ., 26 желтоқсан), сондай-ақ 3 халықаралық форумға: «Болашақтың энергиясы» атты Х Дүниежүзілік саммитке (Әбу-Даби қ., 16 қаңтар), Х Астана экономикалық форумына (Астана қ., 16 маусым) және Астана клубының ІІІ отырысына (Астана қ., 13 қараша) қатысты.

Бұдан бөлек, Н.Ә.Назарбаев жыл ішінде БҰҰ Бас хатшысы А.Гутерришпен, ИЫҰ Бас хатшысы Юсеф бен Ахмад әл-Осейминмен, ҰҚШҰ Бас хатшысы Ю.Г.Хачатуровпен; Иран Президенті Х.Ру­ха­нимен, Пәкістан Президенті М.Хусейн­мен, Венесуэла Президенті Н.Маду­ро­мен, Грузия Президенті Г.Т.Маргве­ла­швилимен, Ауғанстан Президенті М.Ғанимен, Йемен Президенті А.Салехпен, Гвинея Президенті А.Кон­демен, Мавритания Президенті Мұхам­мед ульд Әбдел-Әзизбен, Джибути Пре­зид­енті И.О.Геллемен; Бахрейн Королі Хамад бен Иса әл-Халифамен; Катар әмірі шейх Тамим бен Хамад әл-Таним