Таным • 08 Қаңтар, 2018

Тәуліктік кітапхана керек

1881 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Соңғы кезде кітап оқитындар азайып кетті деген пікір жиі ай­ты­лады. Оқырман азайған жоқ. Себе­бі бүгінгі оқырман сан­дық көр­­сеткіштен гөрі, нақ­ты са­па­лық деңгейге өтіп жа­тыр. Оны кітапханалар мен кі­тап дүкен­деріне деген сұра­ныстың артуынан байқауға болады. 

Тәуліктік кітапхана керек

Қазір Астана қаласында 18 мемлекеттік кітапхана бар екен. Оның 7-еуі балалар мен жас­өспірімдерге, 1-еуі зағип жандарға, қалғаны көпшілік оқырманға арналған. Кітапхана 10:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істейді. Ал қаладағы ең ірі кітап дүкендерінің бірі – «Меломан». Бұл сауда желісіндегі кітап дүкендері қаланың үш бірдей сауда және ойын-сауық орталығынан ашылған. Оның оқырмандармен жұмыс уақыты 10:00-ден 22:00-ге дейінгі аралықты қамтиды. Бұдан тыс кітап дүкенінде оқырман үшін қалаған кітапты алаңсыз оқуға барлық жағдай жасалған. Сондықтан болар кітапханалар мен басқа кітап дүкендерінен гөрі кешкі уақытта «Меломанға» келушілер саны өте көп.

Елордада «Игілік» қоғамдық қорының қолдауымен ашылып сағат 22:00-ге дейін жұмыс іс­тей­тін «Books and coffee» ат­ты кітапхана мен кофехана қыз­меттерін үйлестірген өз­ге­шелеу орталық бар. Оны 2009 жылы А.Л.Ким есімді корей ұлтының азаматы ашқан. Кітап­ханаға 10 мыңнан аса кітап қойылған. Оның 95 пайызы – ағылшын тілінде. Кітапханаға жазылу құны – жылына 4 мың теңге. Сондай-ақ мұнда ағылшын тілін үйрету мен дамытуға бағытталған клуб бар. «Books and coffee» кітапханасына келушілердің көбі студенттер мен ағылшын тілін үйренуші магистранттар. Сондағы тұрақты оқырмандардың бірі Айым Мұ­қаш қалада түнгі уақытта жұ­мыс істейтін кітапхана бол­ма­ған­дықтан және өзінің ағыл­­­шын тілін игеруін дамы­ту мақ­сатында жұмыстан кейін аталған орталыққа жиі ке­летінін айтады. Бұл мемле­кет­тік кітапханалардың оқыр­­ман сұраны­сын толық қанағаттандырып отыр­­ма­ғанын көрсетеді. Әрине, бел­гілі жұмыс кестесіне сәйкес мемелекеттік кітапханалардың басым бөлігі таңғы 10:00-ден кешкі 19:00 дейін ғана ашық тұрады. Ал қала тұрғындарының белсенді бөлігі күндізгі уақытта жұмыста болатыны белгілі. Тіпті қала­дағы 40-қа жуық жоғары оқу орындарының өзінде студенттер күндізгі бөлімде оқиды. Де­мек, кітапхананың жұмыс тәр­тібін ұзарту және біртіндеп тәу­ліктік режімге көшу оқырман үшін ауадай қажет. Бұл туралы Астана қаласындағы «Қазбілім» орталығының директоры Аятжан Ахметжан былай дейді: «Қала – күйбең тіршіліктің ортасы. Сон­дықтан бір уақ арқаны кеңге салып, кітап оқитын рухани ортаның болғаны өте маңызды. Сол үшін тәуліктік кітапхананың болуы қажет деп ойлаймын. Өйткені кітапхана – кемел руха­нияттың бастауы. Ал біздегі кітап­ханалар кітап оқитын орта емес, мұражайға айналып барады».

Өркениетті елдерде бұл жү­йе жолға қойылған. Мәселен, Еу­­ро­­па елдерінде студенттер­ге ар­налған 24 сағаттық кітап­ха­­налар өте көп. АҚШ-тың Мас­­сачу­сетс штатындағы Ма­кан­ус­­тел университетінің өзінде түн­­гі уа­қытта үш бірдей, атап айтқанда, Barker, Dewey және Hayden кітап­ха­налары қызмет көрсетеді. Онда оқырман үшін барлық жағдай жасалған. Түн­гі кітапханада сканер, ксерокс, Athena компьютерлері және Athen принтері, ванна бөлме­лері мен ыстық және суық су дис­пенсері, сау­да автоматтарын­да түнгі тағамдар, бұдан тыс оқыр­мандар демалуға арналған арнайы бөлмелер де бар.

Сондықтан отандық кітап­ха­налар жүйесін оқырмандарға қолайлы етіп қайта құру мәселесі өте өзекті. Бұл «бүгінгі буын кітап оқымайды» деген жалаң айыптауға қарағанда, нақты іс-әрекеттің көрінісі болар еді.

 Айжамал КӨПЕЕВА