«Осыдан бір жыл бұрын облыс әкімі Архимед Мұхамбетов екеуіміз келіп, көргенде жағамызды ұстаған едік. Қыс айында бөлімше қызметкерлері қолғап киіп отыр екен. Ал типтік кеңсе салу 1,5 миллиард қаражатты қажет етеді. Біз тығырықтан жол таптық» дейді облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, генерал-майор Бекет Аймағамбетов.
Генерал айтса айтқандай, апатты жағдайдың алдында тұрған ғимаратты қалпына келтіруге барлығы 327 миллион теңге жұмсалды. Оған кеңсенің төбесі, есік-терезелері, санитарлық техникасы, жылу, су құбырлары түгелдей жаңартылды.
«Бұрын ғимаратта өткізу бекеті болмайтын. Қазір оған рентген өткізгіш қойылды, кабинеттер көбейтілді, олардың барлығы видеокамералармен жабдықталды. Камералар тергеушілер жұмысындағы келеңсіз жағдайлардың алдын алатын болады» деді «Северный» бөлімшесінің бастығы, подполковник Жансерік Хасанов.
Енді бір-екі күнде кеңсе жиһазбен жабдықталып, алты ай бойы басқа орында уақытша отырған қызметкерлер кеңсеге жайғасатын болады.
Нәзира Жәрімбет
«Егемен Қазақстан»
Қостанай