Қазақстан • 09 Қаңтар, 2018

Еркін елдің ерлік жылнамасы

379 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін халқымыз ертеден білген. Білген соң бабаларымыз қарыс жер үшін сыртқы жаумен алысып өтті, қазақ даласында империяға қарсы қаншама баскөтерулер болды. Даналарымыздан «Егемен болмай, ел болмас» деген қағида қалды. 

Еркін елдің ерлік жылнамасы

Адамның ой-санасы техникалық прогресті қарыштатып дамытқан, ғарышты игере бастаған ХХ ғасырдың өзінде басында еркіндігі жоқ халқымыз тілінен, ділінен айырылып қала жаздады. Тәуелсіздіктің болмауынан жеріміздің бүтіндігіне қызыл империяның көзін салған, «құда түскен» кезі болды. Мұның барлығын тарих ұмытуға тиіс емес.

1991 жылы еліміз Тәуелсіздігін жариялады. Өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді. Халқымыз бостандықтың, еркіндіктің лебін сезінді. Бәзбіреулер үшін Тәуелсіздік қантөгіссіз қолға оңай келе салғандай болады. Жоқ, олай емес. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ ғасырлар бойы өмірін Тәуелсіздік үшін күреспен өткізді. Тарих қан судай аққан ірі шайқастарды біледі. Тәуелсіздікті алғаннан кейін оны тұғырын бекітудің маңызы сол ғасырлар бойғы күрестен кем түскен жоқ. Қол бастау да, жол бастау да, сөз бастау да Тәуелсіз елдің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың иығына түсті.

Алда бұрын әлем білмейтін Қазақстан деген елдің, қазақ деген халықтың бар екенін таныту міндеті тұрды. Ортақ бір қазанға қараған экономикалық байланыстардың үзілген, жоспарлы экономиканың орнына нарық келген қысылшаң уақыттарда тығырықтан жол табу керек болды. Осыдан ширек ғасыр уақыт бұрынғы дағдарған қиындықтарды бүгінгі аға ұрпақ өкілдері бастан кешті. Экономикалық дағдарыс қаланы да, ауылды да күйзелткен күндерді неге ұмытуымыз керек? Шаруашылықтардың ыдырауы, соған орай ішкі көші-қонның үдеуі, жұмыссыздықтың белең алуы елімізге ауыр тиген еді. Бірақ Елбасы Нұрсұлан Назарбаевтың сындарлы саясаты арқасында халықтың рухы түскен жоқ, әр жүректе Тәуелсіз елдің ертеңі жақсы боларына мығым сенім ұялады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабында тәуелсіздік жылдары оның іргетасын қалауда атқарылған қадау-қадау, еркін елдің ерлігіне тән жұмыстардың жылнамасы жасалады.

Жастар бүгін жер жүзі таныған, алпауыт мемлекеттер санасатын, дамып отырған елде еркін, ешқандай жамандық көрмей өсіп келеді. Олар тарихты білмей Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін де бағаламайды. Сондықтан Елбасының жаңа кітабын жастар оқуы тиіс. Ол үшін жоғары, орта оқу орындарында факультативтік сабақ арқылы болса да кітап студенттерге таныстырылуы тиіс. Біздің институтта бұл тақырыпта конференциялар, жастардың дебаттары, дөңгелек үстел отырыстары ұйымдастырылатын болады. Тәуелсіздік жылдарының жылнамасындай кітап әр жас­ты алға талаптандырады, ой-өрісін өсіреді деп білемін.

Абдрахман НАЙЗАБЕКОВ,
Рудный индустриялық институтының ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор

РУДНЫЙ