Ел игілігі үшін жасалып жатқан «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Орталық – Шығыс бағытындағы Астана – Өскемен тас жолының (автобан) Астана-Шідерті бөлігінде ауылымыз Ажыға бұрылатын жол қиылысы өткелі қарастырылмаған. Осы түйткілді мәселе туралы аудандық, облыстық, орталық газеттерде бірнеше мақала жарық көрді. Ақмола облыстық «Көкшетау-Қазақстан» телеарнасынан сюжет көрсетілді. Бірақ біздің жанайқайымызға құлақ түрген жан болсайшы.
Өркениет дамуының күретамыры – жол екенін ескерсек, осы бейқамдықтың кесірінен біздің ауыл бір жылдың үш айында сыртқы дүниемен байланысын үзіп алайын деп отыр. Арыз-шағымдарымызда, баспасөз бетінде жарық көрген мақалаларда аталған мәселені егжей-тегжейлі тәптіштеп, санасында саңылауы бар адам ұғатындай етіп жаздық. «Баяғы жартас – бір жартас, Қаңқ етер, түкті байқамас» демекші, осындай мәселелерді талдап тексеретін бөлім бар ма? Мониторинг жүргізіле ме? Автобан құрылысы енді аз уақытта аяқталады. Бізге керекті бұрылыс тұсында осы күнге дейін өлі тыныштық. Салынатын өткелдің нышаны да байқалмайды. Халықтың мұң-зарына құлақ қояр жауапты жандар бір-біріне сілтеумен уақыт өткізуде. Тұшымды жауап естімей екіұдай сезімде ажылықтар жүр.
Осы тұстан аталмыш мәселенің басын ашып, қайталап түсіндіруді жөн көрдім. Біздің Ажы ауылы облысымыздың орталығы Көкшетаудан 500 шақырымнан аса қашықтықта орналасқан. Павлодар облысының дәл шекарасындағы төрт жүзге жуық тұрғыны бар елді мекен. Географиялық орналасуы екі облыстың шекарасы іспеттес болып ағатын Өлеңті өзенінің оң жағасында. Осы Өлеңті өзенінің үстінде салынып жатқан автобан көпір арқылы жалғасады. Сол көпірден Ажыға тура қатынайтын он жеті шақырымдық дала жолы бар. Айта кететін ерекшелік – Ажы ауылы Ақмола облысына қарағанымен, осы дала жолы Павлодар облысының аумағында. Автобан құрылысын жобалап, сметалық құжаттарды жоспарлау кезінде бұл ерекшелік ескерілмеген. Соның кесірінен жоқ жерден қиындықтар туындауда.
Негізі автобан бойында бір жағы Өлеңті, Бозтал ауылдарына, екінші жағы Қойтас, Ажы ауылдарына қатынау үшін жол айрығы бар. Бірақ көктемде қар еріп, өзен арнасынан асып, тасығанда өзеннің сол жақ бетіндегі Қойтас ауылы мен оң жағалаудағы Ажы ауылының арасында көпірдің жоқтығынан арақатынас наурыздың басынан мамырдың ортасына дейін үзіледі. Бұл уақытта ешқандай көлік тасыған өзеннен өте алмайды. Тіпті кей жылдары нөсерлеп жауған жаңбырдан соң, тамылжыған жаздың ортасында өзеннің өткел бермегенін көзіміз көрді. Қыста өзен бойындағы тал-қамысқа қар тоқтап, өткелдер бітеледі. Мұндай кездері ажылықтар өзеннің ық жағындағы жаңағы дала жолымен барып, автобандағы көпір арқылы сыртқы дүниемен байланысады. Көпірден асып түсер тұста жол бойындағы дәмхана-кемпинг орналасқан. Автобустан түскен жолаушылар осы дәмханаға аялдап, ауылдан көлік күтеді. Жаяулап-жалпылап жүрген ажылықтарға жауын-шашыннан, аяз-бораннан қорған бұл жер. Сондықтан дала жолы – өмір жолы іспеттес.
Жазушы Оралхан Бөкей Кеңес заманындағы өмір шыңдығын бір әңгімесінде жазып еді. Студент қыз қаладағы оқуынан туған ауылына қысқы демалысқа келе жатады. Тас жолдың бойынан қашық орналасқан ауылына бару үшін орта жолдан түсіп қалады. Себебі автобустың маршрутына кірмейді бұл елді мекен. Қалай барсаң олай бар. Арақашықтық біршама екен, жаяулап тартқан әлгі қыз баланы бір қалтарыста үйірлі қасқыр қамап жеп қояды. Жолдан қиыс жатқан ауылдарға деген көзқарасты ашынып әңгімелеп еді жазушы. Сол ахуал осы күнге дейін өзгермеген бе деп пайымдайсын кейде. Өйткені автобан бойындағы жолайрықта «Өлеңті – 8 км», «Бозтал – 20 км оң жаққа», «Қойтас –18 км мына жаққа» деген жол белгілері бар. Арасын өзен бөліп тұрған Қойтастан бес шақырым жердегі Ажы ауылы осы бағытта, осынша шақырым деген белгі де, жазу да жоқ. Тарихы сонау патша заманынан басталатын Ажыға алдағы жылы 160 жыл толады. Осындай ауыл бар-ау, бір белгі керек-ау деп қаперіне алмаған адамның болмағаны өкінішті.
Қазір автобан құрылысы аяқталуға жақын. Тас жол екі бағыттағы автокөліктердің қауіпсіздігі үшін ортадан темір бағандармен құрсауланып бөлінген. Бейсауат жайылған мал, жүрген техника әр жерден шығып кетпеу үшін екі жағы темір тормен қоршалуда. Бәрі көріп-біліп отыр. Көпірден Ажыға қатынайтын дала жолы жабылса не істейміз? «ҚазАвтожол ҰК» АҚ басшылары, жергілікті билік тармақтары біздің жанайқайымызға неге құлақ түрмейді?
Жұмабек РАХЫМБЕКҰЛЫ
Ерейментау ауданы,
Ажы ауылы