Тарихи ескерткіштер – осы даланың және осы даланы ежелден мекен еткен ұлттың ұлттық кодының бір парасы. Мәселе – сол ұлттық кодтың маңызды парасын сөйлете білуде. Тарихи деректер мен заттық шежірелер не деп сөйлеп тұрғанына тереңдей назар аударудың маңызы артты. Және оған тоқталып, айналдыра қарап, тілін ұғыну, сырына үңіліп, жұмбағын табу міндеті Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында төтесінен қойылды.
Басқа деректерді айтпағанның өзінде, көне дәуірдің сәні болған Сарайшық қаласының көше-көшесін көрмеге айналдырып жіберуге болатын еді. Оған, әрине, ең басты кедергі болған жағдай – біздің Кеңес Одағының құрамында болғандығымыз. Кеңес Одағының одақтас республикалардың, оның ішінде іргесі бір Қазақ елінің тарихи деректеріне деген көзқарасы кезінде Сарайшықты тонап, халқын қырып кеткен баяғы Иван Грозныйдың көзқарасымен қарайлас болды. Халықты қырмаса да, тарихи ескерткіштерді жасанып келген жауға беріп қоймаса да, жел мен жаңбырдың, қар мен дауылдың және әрі-бері өтіп жатқандардың тонауына тастай салды. Рас, белгілі бір деңгейдегі зерттеулер жүргізілді. Ә.Марғұлан ғұлама бастаған зерттеушілер көп нәрсені қолға ұстап қалды. Бірақ одан да көп нәрсе тонауға түсті, біраз бөлігін Жайықтың суы ағызып алып кетті. Бұл – осы қаланың тарихи трагедиясы.
Енді өткен күндердің олқылығын толтырудың қамы жасалып жатыр. Сарайшық қаласы «Қазақстанның киелі жерлер географиясына» енгізілді. «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» ұлттық жобасы Қазақстандағы киелі жерлер туралы жаңа деректер жинақтап, жүйелеп, кең көлемде, кешенді түрде зерттеу жүргізу мақсатын көздейді.
Сарайшықтың сол тізімге енгенінің өзі – үлкен жетістік. Алайда Сарайшық бұл күндері жұмбағы көп қалаға айналды. Дегенмен кезінде қолға ұстап қалған деректік заттарының өзі талай нәрсені аңғартары анық. Басқасын айтпағанның өзінде, 7 ханға мәңгілік мекен болуының өзінде терең сыр жатыр.
Осының өзі қазақ тарихының ең айтулы беттері болуға сұранып тұр дер едім. 7 хан жатқан жерде саны белгісіз батырлар мен билер жатыр деп пайымдауымызға мүмкіндік береді.
Осының өзі дәл осы мекеннің қасиет сіңген үлкен киелі орталық болуына сілтеме жасап тұр.
Осының өзі сол 7 ханның және оның төңірегінде жатқан батырлар мен билердің дәл бүгінгі таңда да осы жерде рухтық күш біріктіріп жатқандығын айтып тұрғандай.
Осының өзі оның қазіргі зерттеушілерінің ізін жалғастыратын болашақ зерттеушілерді даярлау міндетіне сілтеме жасап тұр.
Қазіргі мектеп оқушылары Куликов шайқасын жақсы білуі мүмкін, бірақ Сарайшықта не болғанын жергілікті жердің балалары болмаса, Қазақстанның барлық өңіріндегі балалар біле бермейтіні анық. Тарихтың өз жерімізде өткен осындай айтулы оқиғаларын білмегендіктен, біздің жастарымыз үшін негізгі тарихи оқиғалардың барлығы Еуропада немесе Грекия мен Египетте өткен сияқты көрінеді. Және адамзаттық оқиғаларды солар ұйымдастырып, адамзаттық мәдениетті де тек солар жасағандай ұғыммен өседі. Біздің даланың беті де сан алуан оқиғалар мен небір дария ақылгөйлерге, небір батырлық жорықтар мен күрестерге толы болғанын толыққанды әлі біліп болған жоқ. Осыларды тереңдеп білдіртудің әдіс-тәсілдеріне көңіл бөлу керек сияқты.
Сарайшықтың сарғайған беттері әлі де көп нәрсеге ұсынақтылықпен қарауды қажет етеді. Бәрін айтпай-ақ, осы қаладан 1999 жылғы қазба жұмыстары кезінде табылған таңғажайып ыдысты алайықшы. Сол ыдыстың салмағының бір парақ қағаздан да жеңілірек екендігінің өзі адамды таңғалдырмай ма? Сол ғасырда жасалған бұл ыдыстың материалы қандай екен? Ғылымға бейімі бар жастарға осы тақырыпты ұсынса, бәлкім олардың қызығушылығы оянып, зерттеп кетер ме еді? Ал осы ыдысқа у құйса, оның дереу түсін өзгертетіндігі деген ғажап қой! Мұндай ыдыстың табылуы Сарайшық қаласы туралы қандай ақпараттар беріп тұр дейтін болсақ:
біріншіден: хандардың арасындағы бәсекелестіктің немесе іштен бүлдіруді көздеп жүрген сыртқы жаулардың көп болғандығы. Сыртқы жау қандай жағдайда көп болады? Гүлденген жердің, дамыған елдің жауы көп болады. Бұл ыдыс сол кездегі қорғаныс саясатында керемет жетістіктердің болғандығы туралы ақпарат беріп тұр;
екіншіден: осындай ыдыс ойлап табу кімнің идеясы? Бұл қай ханның тұсында жасалған ыдыс? Демек сол хан өте батыл, идеяшыл, жаңашыл тұлға;
үшіншіден: мұндай ыдысты жасау бір адамның емес, бірнеше ғалымдардың табысы болуы мүмкін. Демек осы жерде ғылымның дамуына жағдай жасалды деген сөз;
төртіншіден: дәл осындай ыдыстың Египетте де табылғанына назар аударып көрдік пе?
бесіншіден: дәл осы ыдыстың Бейбарыс сұлтанның Мысырда билік құруымен байланысы бар болуына бұған дейін тарихшылар назар аударды ма екен? Тағы да назар аударып көрелік. Тарихи дерек былай дейді. «Мысырда мемлекет басына мәмлүк (қыпшақ) әулетінің келуімен Алтын Ордамен байланыстың нығаюына орай тарихи әдебиет жедел қарқынмен дамыды. Түркі әулеттері, халықтарының тарихи-географиялық мәліметтерін толық қамтитын энциклопедиялар пайда болды. Мысырда сұлтан Бейбарыстың өмір-дерегіне арнап жазған хатшысы Абд-аз-Захирдің тарихи еңбегі дүниеге келді. Бұл еңбекте Алтын Ордамен қарым-қатынастар туралы мәліметтер, сонымен бірге Қырымнан Волгаға дейінгі аралықтағы қысқаша «жолсілтеме», Қырымның тұрғылықты халқы туралы діни, этнографиялық мәліметтер келтіріледі. ...«Бейбарыс тек талантты қолбасшы ғана емес, сондай-ақ көреген саясаткер ретінде танылды. Ол сол кездің өзінде көптеген алыс-жақын мемлекеттермен қарым-қатынас орнатты. Сұлтан аз-Заһир Бейбарыс сол дәуірдің озық үлгісімен көптеген зәулім ғимараттар, көрнекті мешіттер, биік қорғандар мен қамалдар салдырды. Олардың бірқатары сақталған. Ол сұлтандық билікке қол жеткізген кезде қыпшақ жерлері моңғол ханы Берке Құлағу билеп отырған Алтын Орданың иелігінде еді. Бейбарыс бірінші кезекте оларға достық пиғылдағы хат жіберді. 1262 жылы сұлтан екі ел арасында достық қарым-қатынас орнату үшін өз елшісін жіберді. Мұнан кейін әскери, сауда, діни, мәдени байланыстар орнатты» (https://kk.wikipedia.org/wiki). Беркеден кейін «Мөңке Темір билікке келісімен Шыңғыс империясынан іргесін аулақ салып, Алтын Орданы тәуелсіз мемлекетке айналдырды. ...Берке хан салған сара жолды жалғап, Мысыр сұлтаны Бейбарыспен байланысын күшейтті. Мұсылмандарға қырғидай тиген Құлағуға қарсы күш біріктірді. («Сарайшықта жерленген 7 хан кім?». https://aikyn.kz/2017/05/06/12441.html. 6 мамыр, 2017 ж.). Ал Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Ерекше ерлігі, асқан ақылымен құлдықтан хандыққа дейін көтерілген. Египеттей алып елді 17 жыл бойы билеп, моңғол жаулаушыларынан, крест жорығын бастаушылардан жалпы араб әлемін сақтап қалған біздің ұлы бабамыз Бейбарыстың бала кезінде тұтқынға осы Атырау бойынан әкетілгені, өзінің сүйегі осындағы Беріш тайпасынан екенін көптеген тарихшылар кезінде жазып қалдырған» деп жазды.
Тарихи жазбаларда небір деректер болады. Былай қарағанда әрқайсысы әр ғасырда шашылып жатқан, бір-біріне қатысы жоқ сияқты көрінеді. Егер де сол деректерді бір-біріне үйлестірсе, тіпті солардың ішінде бірі бірінің жалғасы немесе туысы болып шығатын жағдайлар кездеседі. Салмағы бір парақ қағаздан да жеңіл, у құйсаң, түсін өзгертетін ыдыстың біреуінің Сарайшықтан, тағы біреуінің Египеттен табылуы кездейсоқ нәрсе деуге келмейді. Берке хан-Бейбарыс байланысы Сарайшық-Мысыр байланысының көрінісі. Олай болса, әлгі ыдыстың қандай байланыстар арқылы келгенінің төркіні көрініп тұрған сияқты. Менің ойымша, екеуінің шыққан тегі бір. Оның отаны – осы Сарайшық өңірі болуы мүмкін. Ғаламдық тарихта талай болжамдар шындыққа негіз болған жағдайлар аз емес. «1262 жылы сұлтан екі ел арасында достық қарым-қатынас орнату үшін өз елшісін жіберді. Мұнан кейін әскери, сауда, діни, мәдени байланыстар орнатты» деген деректің өзі Мысыр мен Сарайшықтың арасындағы байланыстың тарихи дерегі болса, ғылыми байланыс та соның ішінде екеніне дау бар ма. Екі мемлекеттегі екі ыдыстың бір-бірімен осындай байланыста болуы Бейбарыстың патшалық құрған қызметінің бір парасы деген болжам айтқым келеді. Бейбарыс сұлтан тарихи деректер бойынша 1260-1277 жылдар аралығында Мысырда билік құрған. Сарайшық қаласының іргетасы осы қала тарихын түп-тамырына дейін білетін Молдаш Бердімұратовтың айтуында былай келтіріледі: «1229 жылы Шыңғыс ханның немересі Бату Сарайшықтың үстімен өтіп, Қажытархан қаласын жаулап алған. Қажытархан – осы күнгі Астрахань қаласы. Бату кейін Еділ бойындағы табиғаты тамаша жерден үлкен қала салдырған. Сол кезде мұны жергілікті халық Сарай-Бату, яғни Батудың салдырған сарайы деп атаған. Кейін Бату Еуропаны жаулап, орыс князьдерін өзіне толықтай бағындырған кезде, оны тілеулестері жеңісімен құттықтап, 12 қанат алтындалған ағаш үй сыйлапты. Сол күннен бастап Сарай-Бату Алтын Орда деп аталып кеткен. Моңғолдар оған «Сарай» деп ат берген де, соның жанынан салдырған кішкене қаланы «Сарай-Жук» деп атайды. «Жук» — моңғол тілінде «жуық» деген сөз».
Кезінде Әлкей Марғұлан да Сарайшық қаласының ХІІ ғасырда өмірге келгендігін нақтылап тұрып айтып кеткен екен. Демек уақыттары бойынша Сарайшықтың гүлдену дәуірі мен Бейбарыс билік еткен Мысыр патшалығының өмір сүру уақыты да дәл келіп тұр. Қазақ жеріндегі ең алғашқы мешіттің Сарайшықта салынуы және осындай мешіттердің Бейбарыс билік құрған заманда Мысыр елінің әр қаласында бір-бір мешіттен салынуын да осы екі елдің арасындағы байланыстардың көріністері ретінде қарастыруға әбден болады. Мөңке ханнан бұрын Сарайшықты басқарған Берке хан мұсылмандықты қатты ұстанған және қазақ жеріндегі ең алғашқы мешітті сол Сарайшықта салдырған адам екен. «Ордадағы барлық қалаларда мешіттер мен мұнаралар, медреселер мен керуен-сарайлар тұрғызылып жатты. Бейбарыс сұлтанның Беркеге жазған алғашқы хаты хижраның 659 немесе 660 жылы (1260/1261 жылдары) жазылған болса керек. Дəл сол жылдары Мысырға келе бастаған жошылықтарды Бейбарыс жылы қарсы алған. Оларға ат-киімін беріп, Каирде арнайы соғылған үйлерге орналастырған. Тіпті сұлтан кейбірін өз сарбаздарына əмір етіп тағайындаған. ...Сұлтан ислам елдері арасында беделі аспандаған Беркемен байланыс орнатуға асыққан еді. Əлбетте неге асықпасқа?! Жошылықтардың əскер сапын құраушылардың негізі қыпшақтар болатын. Ал мəмлүктер – құлдыққа түскен қыпшақтар. Тілі мен мəдениеті, қан жағынан жақындық мəмлүктер мен ордалықтардың арасында одақ құруда басты рөл атқарды» (https://kk.wikipedia. Алтын Орданың екінші әміршісі – Берке хан). Жошы ұлысына Мысырдың алғашқы елшісі 1262 жылы келген екен. Бейбарыс сұлтанның Мысыр жерінде мешіттер салдыруына осы Берке ханның ықпалы болғаны анық.
Олай болса, қағаздан жұқа бір ғана ыдыстың өзі Сарайшық пен Мысыр елінің арасында халықаралық деңгейдегі сол кезге лайықты, сол кезге тән өзіндік ғылыми байланыстардың, ғылыми ақпарат алмасудың болғанын дәлелдеп тұр емес пе. Дәл сондай ыдыс бүгінгі таңда жасалса, тағам құрамының қаншалықты экологиялық таза екендігін үй жағдайында анықтап отыруға мүмкіндік берер ме еді, әлде қайтер еді? Шетелден келіп жататын небір түрі әдемі, тамаша ыдыстарға құйылған, бірақ сапасы күмән тудыратын сусындардан жастар арасында аллергиялық аурулар көбейді. Негізі тарихты зерттеу бізге не үшін керек десек, ол тек өткенге тамсану үшін немесе «бізде мынадай бар, мынадай бар» деу үшін ғана емес, тәжірибе алмасу үшін де маңызы зор. Тағамның құрамына ыдыстың реакция беруі қазіргі заман үшін аса қажет. Тек қана осы ыдыстың құрамын анықтау бойынша Египет ғалымдарымен бірігіп арнайы халықаралық конференция өткізуге болар еді.
Сарайшыққа қатысты тағы бір мәселе бар. Ол қазақ елінің астаналар тарихына байланысты. Біз әдетте астанамызды 3 рет көшірдік дейміз.
4 рет көшірдік десек ше?
Біздің қолымызда ең алғашқы астанамыздың болғандығы туралы тарихи дерек бар емес пе? Тарихи деректердегі «1511 жылы Қасым хан Сарайшықты Қазақ хандығының ең алғашқы астанасы деп жариялағандығын» білеміз. Яғни ресми түрде жарияланған. Бүгінгі біз ежелгі Қазақ хандығының орнында оны жеке мемлекет ретінде сақтап қалған мұрагерміз! Әлде олай емес пе?
1999 жылы Сарайшық қаласының тарихына арналған «Хан Ордалы Сарайшық» мұражай қорығы ашылды. Мұнда, әсіресе, «Хандар пантеоны» ерекше көз тартады. Оның авторы – сол кездегі облыс әкімі Иманғали Тасмағамбетов. Биіктігі 17 метр етіп салынған 8 қабырғалы пантеонның осы қабырғаларына Сарайшықта жерленген жеті ханға арнап құлпытастар қойылған. Бұл құлпытастарға хандардың аттары мен хандық құрған мезгілдері жазылған. Бұл хандар: 1. Мөңке-Темір (1266-1282 жж), 2. Тоқтағу (Тоқты) (1291-1312 жж), 3. Жәнібек (1343-1353 жж), 4. Әмір-Оқас (1440-1447 жж), 5. Қасым хан (1511-1518 жж), 6. Ших Мамай (1542-1549 жж), 7. Жүсіп (1549-1554 жж). «Бұл жерге кезінде Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз толықтай мойындаған 12 әулие жерленген» (http://abai.kz/post/49944). Олар неге осы жерге жерленген? Өйткені бұл – астана! Экономикалық та, тарихи да, рухани да, әулиелік те тұрғыдан алғандағы Қазақ елінің ең ежелгі астанасы. Қасым ханның тұсында оның хандығына қараған халық саны, Молдаш Бердімұратовтың деректері бойынша, 1 миллионға жеткен, әскер саны 100 мыңнан астам болған екен. Қаланың ұзындығы 10 км, ені 8 км болған дейді. Яғни Қазақ елінің ресми түрде жарияланған астаналар тарихын Сарайшықтан бастасақ ше?
Сарайшық қаласынан табылған әйел адамның қабірінен құран табылғаны – керемет дерек екеніне біз аса мән бермей жүрміз. Бұл – сол дәуірдегі көне қазақ жерінде білім алуға қандай деңгейде маңыз берілгендігін паш ететін айғақ. Бұл сол кездің өзінде Сарайшықта, яғни Қазақ хандығында әйел адамдардың да білімді болуының қоғамдық қажеттілік болғандығын көрсетеді. Және қазақ қоғамындағы демократиялық қағидаттардың өмірге келу кезеңдерінен зерттеушілерге анық ақпарат беріп тұр. Бұл – Сарайшық қаласында білімге соншалықты жоғары дәрежеде мән берілгендігінің хабаршысы.
Әлемдік өркениетті елдердегі мұражайларды аралап жүріп, осыны қалай сақтап келген деп таңғаламыз. Әрине, оларға бұл деректерді ешкім ана-а-ау ғасырдан әкеліп берген жоқ. Олар соншалықты ұсынақтылықпен зерттеп, тауып алған сынық шегесін де тарихи оқиғаға апарып байлап, бізге үлкейтіп көрсетеді. Олай етіп көрсете алу біздің де қолымыздан келер еді. Зерттеушілікке жастарды тарту арқылы жаңа идеялар кешенін түзе алар едік.
Оңайгүл ТҰРЖАН