Аймақтар • 09 Қаңтар, 2018

Құландағы қарқынды жұмыс жаңғыру негізі

290 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Т.Рысқұлов ауданы – тоғыз жолдың торабында орналасқан. Бүгінгі таңда аймақтың ахуалы артып, экономикасы өрлеп, жаңғыруға қадам басқан. Негізінен ауыл шаруашылығын дамытуды қолға алған ауданда айта қаларлық жетістіктер баршылық. 

Құландағы қарқынды жұмыс жаңғыру негізі

Күні бүгінге дейін мұнда 142 458 гектар егістік жер толығымен игерілген. Нәтижесінде, масақты дәнді дақылдар, астық, картоп, бақша өнімдері, мақсары сияқты өнімдерден түсетін түсім де жоғары. Сонымен қатар 2018 жыл­ға да 34120 гектар жерге күздік бидай егіліп, 65 мың гектар сүдігер жыртылған.

Ауыл шаруашылығы саласын дамыту, кәсіпті ілгерілету – бүгінгі күннің талабы. Бұл орайда мемлекет тарапынан көр­сетіліп жатқан қолдау да ай­тарлықтай. Ал оның жүзеге асы­рылуы тынымсыз еңбек­тің нәтижесі болмақ. Аудан әкімдігінің мәліметінше, бүгін­де мұнда «Сыбаға» бағ­дар­ламасы 160,4, «Алтын асық» 173,2, жайы­лымдарға құдық қазу 242,8 пайызға, ал «Құлан» жоспары 5 есеге артығымен орын­далып отыр. Сонымен қатар ауданда ет пен сүт өндіру ісінде де ілгерілеушілік бар.

Т.Рысқұлов ауданындағы «Сұлутөр» сүт өндіру коопе­ративі өңірдегі ауыл шаруа­шылығы саласын дамытуға, өңір экономикасын ілгерілетуге айтарлықтай үлес қосып келеді. Кәсіпкерлікпен айна­лысу­шы жергілікті азаматтар бір кооперативке бірігіп, 102 миллион теңгеге жуық несие алған. Сөйтіп аталған қара­жатқа барлығы 361 бас асыл тұқымды сиыр сатып алып, Құлан жерінде асыраушы саланы алға бастырып отыр. Сондай-ақ 5 миллион теңгеге сүт салқындататын танкер де сатып алған. Бүгінде «Сұлутөр» кооперативі тұрғындардан 1 литр сүтті 85 теңгеден қабыл­­­дайды. Енді алдағы уақытта ауда­н орта­лығынан сүт өңдейтін цех ашу да жос­парда бар екен.

Жалпы, аудан орталығы елге жайлы, халыққа тиімді жер болғандықтан мұнда тіршілік көзі де көп. Мәселен, кәсіп­кер­лікпен айналысу да тиімді. Халық өзін өзі жұмыспен қамту нәтижесінде айтарлықтай көрсеткіштерге қол жеткізе алады. Бұл тұрғыда аудан әкімі Асқар Қырықбаев ілгеріде әмбебап сауда орны болған, кейіннен жекеге өтіп, ақыры бос қалған «Астана» сауда үйін мемлекетке қайта сатып алып, бұл жерден ха­лыққа қызмет көрсету және зейнетақы төлеу орталықтарын ашуды жоспарлап отырғанын айтты. Сонымен қатар бірқатар аудандық мекемелер де осында шоғырланады екен.

Ауданда «Қарақыстақ» шағын су электр стансасы жұмыс істейді. Аталған нысан 1 миллиард 100 миллион теңгеге бой көтерген. Алайда бүгінде су жетіспеушілігінен бір ғана турбина жұмыс істеп тұр. Мекеме басшысы Нұрдос Қалдыбалиннің айтуынша, мұнда жылына 10 миллион киловатт/сағат­тан астам электр энергиясы өндіріліп, аталған мекемеде барлығы 15 адам жұмыс істейді.

Жаңа индустрияландыру жобасы бойынша да өңірлерде атқа­рылып жатқан жұмыстар ауқым­ды. Мәселен, Т.Рысқұлов ауда­нында мемлекеттік үдемелі ин­дустриялық-инно­вациялық да­му бағдарламасының екін­ші бес­жылдығында үш бір­дей жобаны жү­зеге асыру мақ­саты көзделген. Аталған өнді­­рістік нысандардың бүгінде екеуі іске қо­сылған. «Golden Compass Capital» акцио­нер­лік қоғамы ауданда 8 миллиард теңгені құрайтын пайдалы кен қазбаларын өндіру, өңдеу жобасын қолға алып отыр. Қора­ғаты ауылдық округінің аума­ғындағы «Көкқия» шатқалында орналасқан алтын кеніші бір тонна кеннен 1,5 грамм таза алтын өндіру әлеуетіне ие. Мұнда негізінен жергілікті тұрғындар жұмысқа тартылып, барлығы 150 адам вахталық режімде жұмыс істейді. Аталған кеніш орны 2012 жылғы «Golden Compass Capital» компаниясы жүргізген геологиялық барлау жұмыстары кезінде анықталған. Ағымдағы жылдың өзінде құны 1572,6 миллион теңгені құрайтын 207 кило өнім өндірілген. Енді алдағы бес жылдың ішінде құны 17 миллиард 160 миллион теңгенің 1 тонна 750 кило болатын Доре құй­масын өндіру межеленіп отыр. Сонда ауда­н экономикасы да өсіп, әлеуеті одан әрі арта түспек.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы