05 Ақпан, 2010

Әкім есеп берді. Ел не деді?

1120 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің алдағы онжылдықта жүзе­ге асыратын жарқын жобалары мен жоспарларын тайға таңба басқан­дай белгілеп берген болатын. Аста­на қаласының әкімі Иманғали Тас­мағамбетов кездесудегі сөзін Жол­дау­дан бастады. ІРГЕЛІ ІСТІҢ ЖЕТЕКШІСІ – ЖІГЕР, СЫНШЫСЫ – ХАЛЫҚ Ендігі біз бағынды­ра­тын асу – дамудың 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспары, деді қала басшысы осы жайында. Олар: экономиканы дағдарыстан кейінгі дамуға әзірлеу, жедел индустрия­ландыру мен инфрақұрылымды дамыту, адам капиталының бәсеке­ге қабілеттілігін арттыру, халықты сапалы әлеуметтік қызметпен қам­та­масыз ету және ұлтаралық келі­сімді сақтай отырып, ұлттық қауіп­сіздік пен халықаралық қарым-қатынасты нығайту. Әкімнің атап өткеніндей, бұл – Елбасымыз айқындап берген жаңа кезеңнің жаңа міндеттері. Ең бас­тысы, алдағы он жылда Қазақстан­ды экономикалық – қуатты, әлеу­меттік – тұрақты, саяси сауатты, мақсатына мүмкіндігі сай жасампаз елге айналдыру. Бұл ретте еліміздің жүрегі – Астананың орны ерекше бөлек болмақ. Оның үстіне Мемле­кет басшысы Жолдауында “Турис­тік тартымды кереметі, бәсекеге қабілетті экономикалық әлеуеті бар елорданы одан әрі дамытуға айрық­ша маңыз берілетін болады”, – деп атап көрсеткен еді. Мұны барлы­ғымыз Елбасының қадап айтқан тапсырмасы деп қабылдағанымыз жөн. Бұдан кейін қала басшысы елі­міз­дің бас қаласы – Астананың 2009 жылғы экономикалық көрсет­кіш­­теріне тоқталды. Иманғали Тасмағамбетовтің атап өтуінше, өткен жыл, жалпылай алғанда, жеңіл болмаған. Дегенмен, дағ­дарыс­қа қарсы қолданылған шара­лар­дың нәтижесінде қаланың эко­­но­микалық дамуы бәсеңдемеді. Ішкі жалпы өнім 1 трлн. 373,7 мил­лиард теңгені құрап, макроэко­номикалық өсім 0,1 пайызға жетті. Өнеркәсіп кәсіпорындары 95 мил­лиардтан астам теңгенің өнімдерін өндірді және қызметтер көрсетті. Инфляция деңгейі 6,5 пайызды құрап, негізгі капиталдағы инвес­тиция көлемі 360 миллиард теңге­ден асты. Ал астаналықтардың орташа номиналдық еңбекақы­лары 95 мың теңге болды. Әлемдік экономикалық дағ­дарыс кезінде бұл көрсеткіштер ай­тар­лықтай жетістік болып табыла­ды. Өйткені, дағдарыс кезінде көптеген елдердің, оның ішінде Ұлыбритания, Испания, Грекия және Венгрия сияқты жетекші ел­дер­дің қалалары 2009 жылы терең рецессияға ұшырады, экономика­лық көрсеткіштері едәуір төмен­деді. Бұл қала басшылығының ұйым­дастырушылық, іскерлік қабі­леттерінің жоғары екендігін көрсет­се керек. Сонымен қатар, елорда­да экономикалық дамудың өзегі – шағын және орта бизнестің дамы­тылуы ішкі жалпы өнімнің өсуіне ықпал еткенін айта кеткен жөн. Өйткені, қазіргі кезде қала­дағы шағын және орта кәсіпкерлік ішкі жалпы өнімнің 60 пайызын беріп отыр. Қала әкімі тұрғындарды әлеу­мет­тік салаға бюджеттен бөлінген қаржы көлемінен және “Жол кар­та­сы” аясында жүзеге асырыл­ған жобалардан хабардар етті. Өткен жылы әлеуметтік саланы қолдауға бюджеттен жалпы көлемі 32 мил­лиард теңге бөлінген. Ал “Жол кар­тасы” бағдарламасына 10 мил­лиард теңге қарастырылып отыр. Соның нәтижесінде 116 жоба дайын­далды, өткен жылы оның 114-і жүзеге асырылды. Қалған екі жоба биылғы жылдың жоспарына кіргізілді. Мемлекет басшысының шешіміне орай “Жол картасы” бағдарламасы биыл да жалғасын тауып, 3 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкін­дік беретін 44 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Иманғали Тасмағамбетов баян­да­масында құрылыс секторына да арнайы тоқталды. Бұл маңызды сала­ны қаржыландыру шешімін тауып келеді. Өткен жылы елордада түрлі тетіктер арқылы қаржылан­дыру­дың нәтижесінде жалпы аума­ғы 1 миллион 259 мың шаршы метр­ді құрайтын тұрғын үй пайда­лануға берілді. Бұл 2007 және 2008 жылдары пайдалануға берілген тұр­ғын үйлерден біршама көп. Өткен жылы, сондай-ақ Мемлекеттік бағдарламаға және жалға беру бойынша елорданың 1627 тұрғыны жайлы пәтерге ие болды. Дағдарыс бастал­ғанда қалада 37 мың үлескердің қатысуы­мен 227 нысан болға­нын естеріңізге сала кетейін, деді әкім үлес­керлерге байланысты. 2008 жыл­дың өзінде нысандардың санын 201-ге дейін төмендеттік. Ал 2009 жылдың басында сол нысан­дардың саны 128 болып тұрды. Бұл проблеманы тиімді шешу үшін, біз үлестік құрылыстарды негізгі төрт топқа бөлдік. Қала басшысының атап өт­кенін­дей, бірінші топқа 4407 үлескердің қатысуымен 22 тұрғын үй кешені, екінші топқа 5730 үлескері бар проблемалық 43 тұрғын үй кешені, төртінші топқа 8137 үлескерден тұратын 46 тұрғын үй кешені, ал төртінші топқа 5574 үлескерді құрайтын 24 тұрғын үй кешені кіргізілді. Осындай жоспар­лы жұмыс істеудің арқасында өткен жылдың соңына дейін 62 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 12574 үлескер пәтер кілтін алды. Ал қалған 62 нысанның құрылысы биылғы жылы аяқталады. Астана қаласының әкімі Иман­ғали Тасмағамбетов баяндамасында елорданың биылғы, 2010 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму жоспарымен де жан-жақты таныс­тырып өтті. Еліміз үшін, оның астанасы үшін 2010 жыл ұлттық ірі оқиғалармен ғана емес, халықара­лық көлемдегі айтулы шаралармен де ерекшеленеді, деді қала басшы­сы осы жайында. Ол Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде өткелі отыр. Сонда әлемдік қоғам­дастық біздің еліміздің ішкі үдеріс­теріне, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық дамуымызға баса назар аударады. Бұдан бөлек осы жылы біз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығын және Қазақстан Республикасы Консти­туция­сының 15 жылдығын атап өтеміз. Сонымен қатар, 2011 жылы Қысқы Азиада ойындарын өткізу құрметі бізге тиіп отыр. Бұл Қазақстанның және Астананың имиджін әлемдік қоғамдастықтың көз алдында көтеретін болады. Осылай деп ой тастаған қала басшысы биылғы жыл Астананы дамыту жоспарының ауқымды әрі аса қауырт болатынына тоқталды. Иманғали Нұрғалиұлының баян­дауын­­ша, ол алты блоктан, яғни инфра­құрылымды дамыту, құры­лыс, шағын және орта бизнес, индустрияландыру, әлеуметтік сала және абаттандырудан тұрады. Бұл жоспар Мемлекет басшысының “Жаңа онжылдық – жаңа эконо­микалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” Жолдауынан туындап отыр. Елорданың инфрақұрылымын дамыту барысындағы ең басты мәселе – энергетика саласын да­мыту болып табылады. Ол үшін бүгінде жұмыс істеп тұрған жылу-энергия орталықтарының қуатты­лығын арттыру арқылы инженерлік инфрақұрылымдарды жаңалау қажет. Осыған байланысты биыл №1 жылу-электр орталығындағы жылу беру жүйесінің басты тарату қондырғысының құрылысы аяқта­лып, №3 қазандығының агрегаты ауыстырылады. №2 жылу-электр орталығындағы су жылыту қазан­ды­ғының құрылысы әрі қарай жалғастырылады. Сөйтіп, 2016 жылға қарай стратегиялық маңызы зор №3 жылу-электр орталығының бірінші кезегін салуды есепке алғанда, барлық энергия көздерінің жалпы қуаты 2665 Гкал/сағатты құрайтын болады. Құрылыс секторына келетін болсақ, 2010 жылы елордада 1,3 миллион шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға беріліп, үлескерлерге тиесілі 61 тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталады. Сонымен қатар, Астананың ажарын айшықтай түсетін “Хан шатырды”, “Шабыт” шығармашы­­лық сарайын, жаңа университеттің бірінші кезегін пайдалануға беру биылғы жылдың еншісіне тиіп отыр. Шағын және орта бизнесті дамытуға 2010 жылы 85 миллиард теңге бөлу көзделуде. Ал ин­дустрия­ландыру саласын дамыту аясында бес нысанның құрылысы аяқталып, тағы 20 жобаны жүзеге асыру жұмыстары қолға алынады. Бір ғана индустриялық парк есебінен 7 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Қала әкімі, сондай-ақ Елбасы­ның Жолдауында атап көрсетілген “Балапан” бағдарламасына, денсау­лық сақтау саласына және қаланы абаттандыруға байланысты алда тұрған жоспарларды да ортаға салды. Үстіміздегі жылы “Балапан” бағдарламасы аясында бұрын мемлекеттік мекемелерге беріліп кеткен 3 мың орындық 14 балабақ­ша ғимараты қайтарылып, “Жаңа құрылыс” компаниясы салып бітіре­тін 15 тұрғын үй кешенінің бірінші қабаттарында жалпы көлемі 16 мың шаршы метр болатын 3 мың орындық балалар бақшасын ашу жоспарда тұр. Ал 2012 жылдың соңына қарай 24 балабақшаны пайдалануға беру қажет. Баяндама үлкен қызығушы­лықпен тыңдалған соң, қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов елорда тұрғындары тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Алғашқы сұрақты “Аия” тұрғын үй кешені­нің үлескері Б.Сұлтанов қойды. Оның айтуынша, бұл тұрғын үйдің пайдалануға берілу мерзімі әлдеқашан өткен, құрылысы қазір тоқтап тұр. Әкім оған үлескерлер проблемасы біртіндеп шешіліп жатқанын, бұл тұрғын үй кешені де пайдалануға берілетінін жеткізді. Аты-жөнін атамаған қала тұрғыны жоғары деңгейдегі ауруханаларға жатып емделуге квота көбірек бөлінсе екен деген өтініш білдірді. Әкімнің қайтарған жауабына қарағанда, басқа қалаларға қараған­да, Астанаға квота көп бөлінеді. Былтыр елордаға 7340 квота бөлінген. Қала маңындағы “Өндіріс” тұрғын жай алабының тұрғыны сонда салған үйін заңдастырып беруді өтінген еді. Әкім оған заңсыз салынған үйлер заңдастырыл­майтындығын құлаққағыс ете келіп, ол үйден ешкім қуып шықпайтындығын, бұл мәселені біртіндеп шешуге болатындығын түсіндірді. Қала басшысына, сондай-ақ жер учаскесін беруге қатысты сұрақтар да көп қойылды. Иманғали Нұрғалиұлының қайтар­ған жауабына қарағанда, екі жылдан бері жер учаскесін сұраған­дардың өтініші қанағаттандырыл­мады. Бұған дейін жер учаскесін 36 мың адам алған екен. Қазіргі кезде 80 мың адам кезекте тұр. Жер учаскелерінің екі жылдан бері берілмеу себебін де түсіндіріп берді. Әкімнің айтуынша, бұрындары берілген жер учаскелеріне инже­нер­лік жүйелер тартылмаған. Арыз-шағым көп түсіп жатыр. Сондық­тан тұрғын үй салынатын алапқа алдымен инженерлік-коммуника­ция­лық жүйелер тарту керек, олардың инфрақұрылымы болуы тиіс. Содан кейін ғана жер учаскелері берілетін болады. Қала әкіміне бұлардан басқа да көптеген сұрақтар қойылды. Бар­лы­ғына толымды жауаптар қай­тарыл­ды. Жиналған тұрғындар­дың сыртқа шыққандағы көңіл-күй­леріне қарағанда, әкімнің есебі көңілдерінен шыққан секілді. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, Суреттерді түсіргендер Орынбай БАЛМҰРАТ пен Советбек МАҒЗҰМОВ.