«Банктік портфельдерді «нашар» несиеден арылту ісін аяқтау қажет. Ол үшін банк иелері шығындарын мойындай отырып, экономикалық жауапкершілік алуға тиіс. Акционерлердің аффилирленген компаниялар мен жеке адамдардың пайдасы үшін банктерден қаржы шығаруы ауыр қылмыс болып саналуға тиіс. Ұлттық Банк мұндай істерге немқұрайлы қарамау керек. Әйтпесе, мұндай мемлекеттік органның не керегі бар?» деді Мемлекет басшысы.
Ұлттық Банк тарапынан қаржы институттарының қызметін қадағалау қатаң, уақтылы әрі нәтижелі болуға тиіс.
«Мемлекет қарапайым азаматтардың мүдделерін қорғауға одан әрі кепілдік береді. Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдауды тездету қажет», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін халыққа берілген валюталық ипотекалық займдар жөніндегі мәселені Ұлттық Банкке толығымен шешуді тапсырды.
«Сол күннен бастап аталған валюталық займдарды жеке тұлғаларға беруге заң жүзінде тыйым салынған болатын. Ұлттық Банк пен Үкімет экономика салаларындағы нақты тиімділікті есепке алатын ставкалармен бизнеске ұзақ мерзімді несиелендіруді қамтамасыз ету мәселесін бірлесіп шешуге тиіс», деді Мемлекет басшысы.
Ол инвестициялық ахуалдың одан әрі жақсаруы және қор нарығының дамуы маңызды болып саналатынын еске салды.
«Бұл – жұмысын бастаған «Астана» халықаралық қаржы орталығының негізгі міндеттерінің бірі. Ол халықаралық озық тәжірибені пайдаланып, ағылшын құқығы мен заманауи қаржы технологияларын қолданатын өңірлік хабқа айналуға тиіс. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» ұлттық компанияларының акцияларын IPO-ға табысты түрде шығару қор нарығын дамытуға септігін тигізеді», делінген Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында.