Президент • 10 Қаңтар, 2018

Мұғалімдердің жалақысы 30-50 пайызға дейін артады

1167 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында 2016-2017 жылдары зейнетақы мен жәрдемақы үш рет көбейгенін атап өтті.

Мұғалімдердің жалақысы 30-50 пайызға дейін артады

Базалық зейнетақы, жалпы алғанда, 29 процентке, ынтымақты зейнетақы 32 процентке, бала тууға байланысты жәрдемақы 37 процентке, ал мүгедектер мен асыраушысынан айырылғандарға төленетін жәрдемақының әрқайсысы 43 процентке өсті.

Денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің жалақысы 28 процентке дейін, білім беру саласы қызметкерлерінің жалақысы 29 процентке дейін, әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің жалақысы 40 процентке дейін, «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысы 30 процентке, стипендиялар 25 процентке өсті.

«Дағдарыс заманы. Әйтсе де, әлемнің санаулы ғана елдері әлеуметтік салаға жұмсайтын шығындарын осылай арттыра алды. Республикалық бюджеттің әлеуметтік салаға бөлінген шығыны 2018 жылы 12 процентке өсіп, 4,1 триллион теңгеден асты. Әлеуметтік төлемдерді, соның ішінде зейнетақыны өсіру 3 миллионнан астам қазақстандықтың табыстарын көбейтеді. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақы 8 процентке артты», деді Елбасы.

Мүгедектерге, асыраушысынан айырылған және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасыларына арналған жәрдемақылар 16 процентке дейін өсті. 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы еңбек өтіліне байланысты орташа алғанда 1,8 есе көбейетін болады.

«Бұдан бөлек, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналар үшін қосымша мемлекеттік жәрдемақыны енгізуді тапсырамын. Бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем емес мұндай жәрдемақыны шамамен 14 мың отбасы ай сайын алады. 2018 жылы осы мақсатқа 3 миллиард теңгеге дейін қаржы қажет болады», деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы мұғалім мәртебесін арттыру мақсатымен білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 процентке көбейтуді тапсырды.

«Жаңартылған мазмұн дегеніміз – халықаралық стандарттарға сай келетін және Назарбаев зияткерлік мектептерінде бейімделуден өткен заманауи оқу бағдарламалары. Бұлар біздің балаларымызға қажетті функционалдық сауаттылық пен сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дарытады», деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ, 2018 жылы категориялар арасындағы алшақтықты арттырып, мұғалімдер үшін біліктілік деңгейін ескеретін категориялардың жаңа кестесін енгізуді тапсырды.

«Категорияларды бүкіл әлемде қолданылып жүрген ұлттық біліктілік тест арқылы беру керек. Бұл педагогтарды өздерін ұдайы жетілдіруге ынталандыратын болады. Нәтижесінде, мұғалімдердің жалақысы біліктілігінің расталуына байланысты тұтастай алғанда 30 проценттен 50 процентке дейін өседі. Бұл үшін биыл қосымша 67 миллиард теңге бөлу қажет», делінген Жолдауда.